02:15
Ұлы Жеңіс ұлағаты

 ҚАСЕНОВ ҚАБЛЕННІҢ ҚАҺАРМАНДЫҒЫ

Бесқарағайлықтар соғыс ардагері һәм ардақты ақсақал Қаблен Қасеновті мақтан етеді әрдайым. Ынтымағы айрандай ұйыған ел ішінде өнегелі өмірімен, игілікті ісімен бір қауым елге сондай сыйлы болып жүрген һәм көпті көрген көнекөз қарияның бірі де бірегейі. Қайсыбір үлкен ата-аға тәрізді ірілі-ұсақты басқосуларда жұрт алдына шығып, көсемсіп көп сөйлемейтін жанның және бірі. Кезінде атқарған қызметтерін көлденең тартып міндетсінбейді тағы. Сол сияқты өзін насихаттап, ешқашан мақтанбайды. Тоқсан екіні бағындырып, тоқсан үшке жол тартып жүрген соғыс ардагері Қаблен ақсақал міне осындай.

1923 жылдың 15 қаңтарында Павлодар қаласында дүниеге келген Қаблен бір жасқа толмай әкеден, одан сәл кейіндеу анадан жетім қалып, ағасы Кәмен екеуі әкесінің інісі Ж.Таубаевтың тәрбиесінде болып, ер жетіп өседі. Балалық, жастық шағы қазақты қынадай қырған ашаршылық зұлматымен тұспа-тұс келгендіктен, басқа ағайын-туысқандарымен бір түннің ішінде Алтай өлкесіне көшіп кетуге мәжбүр болды. Лебяжі ауданына қарасты Шақа ауылынан Алтай өлкесіне жол тартуына қайыры жоқ ашаршылық итермелеген күн көріс бірден-бір себеп еді. Осыдан бірер жыл бұрын кездесудің бірінде осы бір қиын кезең жайында Қаблен ақсақалдың былай дегені бар: «...ашаршылық аз болғандай, 1932 жылдың жазында құрғақшылық болып, Лебяжі өңірін қара шегіртке басып, егін алқаптары күйіп, көктеменің бәрін дерлік тып-типыл етіп жіберді. Не керек, айнала-төңірек ақ тақырға айналды. Тал-теректерден бір түп жапырақ қалдырмады. Аштықтың құрбаны бола жаздағандықтан әкемнің інісі бір үйлі жанды көршілес Алтай өлкесіне көшіруге мәжбүр болғаны сондықтан ғой. Ол жақта қыстап, жазға салым Малыбайда тұратын Бибі деген апамның қолына келді...».

1933 жылы қыркүйек айында 7-8 баланы Май ауданындағы «Кіші Ақжар» балалар үйіне тапсырады. Бұл жерде 1934 жылға дейін тәрбиеленіп, кейіннен бір себептерге байланысты «Беген» балалар үйіне ауыстырылып, мұнда 1936 жылға дейін болады. Дәл сол жылы Алтай өлкесіндегі Кәмен ағасы «Шұбыртпалы» атты мекенге көшіп келеді де, балалар үйіндегі Қабленді өз қолына алады. Жарықтық араға бір жыл салып дүниеден өтеді. Жетімдіктің азабын тартып жүрген бала біреулерден сұрастыра жүріп, Павлодар қаласында тұратын анасының бауыры Рахметжан Әлімжановты тауып алады. Сөйтіп, соғысқа аттанға сол кісінің қолында болады. Етінің тірлігі арқасында ел қатарына қосылған Қаблен Павлодар қаласындағы Абай атындағы қазақ орта мектебінде 1942 жылдың мамырына дейін оқиды. Сол жылы әскер қатарына шақырылып, Орал қаласына сонау Одессадан көшіп келген К.Е.Ворошилов атындағы әскери саяси училищеге оқуға жіберіледі. Алайда аталымыш оқу орнында небәрі бес-ақ ай оқыр-оқырмастан оның барлық курсанты соғысқа аттандырылады. Он тоғыз жастан енді асып бара жатқан жастық жігері жалындаған Қаблен солардың қатарында кете барады.

1942 жылдың қазан айында Оңтүстік-Батыс майданындағы 333-атқыштар дивизиясының 1116-полкінің құрамында бөлімше командирі шенінде сұрапыл соғысқа кіреді. Желтоқсан айының үшінші жұлдызында жараланып, госпитальға түседі. Госпитальдан аман-есен шыққан соң 4-Украин майданына жіберіліп, 1944 жылдың ақпан айына дейін 62-жеке танкіге қарсы батальонында бөлімше командирі болады. Осы кезде екі рет жараланып, тағы госпитальға түседі. Жарасы жазылғаннан кейін сол жылдың мамыр айында 1-Белоруссия майданына жіберіледі. Онда 27-атқашытар дивизиясының 83-гвардиялық атқыштар полкінің құрамында шегінше жауға үсті-үстіне соқы беруе айтарлықтай үлесін мейілінше қосты. 1944 жылдың тамыз айында Қ.Қасенов үш айлық офицерлік курсты тәмамдап, 1-Белоруссия майданының 8-гвардиялық армиясының 82-гвардиялық дивизиясының 244-полкінде батальон комсоргі болады.

1945 жылы 17 сәуірде Берлиннен алпыс шақырым жердегі Зееловский биігінде болған қатты шайқаста иығына снарядтың жарықшағы тиіп, ауыр жараланады. Содан Қазан қаласынан жиырма бес шақырым жатқан Васильево станциясындағы әскери госпитальда 1945 жылдың тамыз айына дейін жатып емделеді. Одан шыққаннан кейін, 1946 жылдың шілде айына дейін, Вильнюс қаласындағы байланысты хабарлайтын әуе бақылауының 97-жеке батальонында әскери қызмет атқарады.

Екінші дүниежүзідік соғыстың жеңімпазы атанған Қаблен аға 1946 жылдың тамыз айында елге оралады. Сөйтіп Павлодар қаласындағы нағашысы Р.Әлімхановтың қолына келеді. Сол жылы шаңырақ көтеріп, үйленеді. 1947 жылдың қаңтарынан 1956 жылға дейін Ішкі істер министрлігінің Успен аудандық бөлімінде комендант болып жұмыс істейді. 1956-1958 ж.ж. алюминий зауытының құрылысына қатысып, қатардағы балташыдан құрылыс бригадиріне дейін көтеріледі. 1958 жылы отбасы жағдайына байланысты Лебяжі ауданындағы Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытына қоныс аударады. 1959 жылдан 1969 жылға дейін ауылдық кеңестің хатшысы, артынша оның төрағасы болады. 1969 жылдан 1983 жылға дейін Бесқарағай асыл тұқымды қой зауытында зоотехник, есепші, комсомол жастар қой өсірушілер бригадасының бригадирі болып істеп, құрметті демалысқа шығады.

Аға лейтенант әскери шенді Қаблен Қасенов «І дәрежелі Отан соғысы» орденінің, «Армия генералы С.Қ.Нұрмағамбетов», «Беларус Республикасын неміс-фашис басқыншыларынан азат еткеніне 65 жыл», «Беларус Республикасын неміс-фашис басқыншыларынан азат еткеніне 70 жыл», «Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков», «Еңбек ардагері», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 25 жыл», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 40 жыл», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 50 жыл», «Украинаны фашис басқыншыларынан азат еткеніне 60 жыл», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 60 жыл», «1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысы Жеңісіне 65 жыл», «КСРО Қарулы күштеріне 70 жыл», «10 жыл Астана», «Павлодар облысына 75 жыл» медальдарының, «1941-1945 ж.ж. соғыс ардагері» Белгісінің иегереі.

Тоқсан үшке аяқ басып отырған соғыс және еңбек ардагері Қаблен ақсақалдың соңынан ерген балалары өз алдына үй-баранды. Олардан тараған немерелер де, жиендер де, шөберелер де Құдайға шүкір баршылық. Өз қолдары өз аузына жетіп, өмідегі белестерді бағындырып, артық туған әрі, әке, әрі атаның асыл өнегесін бойға сіңіріп, ел ішінде сый-құрметке бөленіп жүр.

«Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. Отандастардың төккен қанымен, құрбандығымен келді. Өмір мен өлім таласқан майданда етігімен су кешкен біз сияқтылардың қанымен келген Жеңіс! – дейді майдангер-ардагер Қаблен ақсақал.          

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 625 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: