11:59
Ұлы Жеңіс ұлағаты

СОҒЫС АРДАГЕРІ ЗЕЙНОЛЛА АҚСАҚАЛДЫҢ МӘҢГІЛІК БЕЙНЕСІ

Қарт Ертісті жар жағалай орын тепкен Лебяжі ауданына қарасты Бесқарағай ауылынан Ұлы Отан соғысы майданына аттанып, соғыс жеңімпазы болып елге есен-аман оралып, бейбіт күндерде тұлғасымен оқшауланған тұлғаның бірі Жанпейісұлы Зейнолла ақсақалдың орны бөлек еді. Осыдан үш жыл бұрын дүниеден өткен асыл текті марқұмның ұмытылмас бейнесі әлі күнге дейін жадыда сол күйінде тұрғандай. Өмірінің он жылында ауыл имамы болып жүрген кезде айтқан нақыл-өсиеттері де құлақта тағылымдық құдіретімен жаңғырады.

Қой өсіру шаруашылығымен айналысып отырған Бесқарағай ауылында 1926 жылы қарапайым шаруа отбасында дүние есігін ашқан Зейнолла әкесі Жанпейіс һәм анасы Рузаның тәрбиесін көріп өседі. Жанұядағы бес баланың екіншісі болды. Өзінің алдында әпкесі Майрашпен, өзінен кейін келген Сағидолла, Сәкіжан және Амантай есімді інілерімен құлын-тайдай бірге өсіп, балалықтың қайталанбас қызығын басынан кешті.

1934 жылы ауылдағы мектепке барып, 1942 жылы 8 жылдық мектепті бітіреді. 1944 жылы әскери қызметке шақырылып, Алматы қаласының іргесіндегі Тастақ деген жерде 89-полкта атқыш болып әскери міндетін атқара жүріп, Ұлы Отан соғысының майданына аттандырылады. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына жүгінсек, ол кезде неміс-фашистері Кеңес Одағы аумағынан әлдеқашан ысырылып, өз жерлерінен шыққан індеріне қуылып жатқан шақ екен. Қанды ұрыс даласында 856-атқыштар полкі сапында етігімен су кешіп, Германияның Росток, Магдебург, Франкфурт қалаларын азат ету, Эльба өзенінде болған шайқастарға қару асынып, білек сыбанып хас батырларша қатысты. Тау тұлғалы ақсақалдың көзі тірісінде болған кездесулерде осы қанды шайқастар, аласапыран арпалыстар хақында Зейнолла ақсақал майын тамызып тұрып әңгімелейтін, ал ынта қойып тындаған өскелең ұрпақ бұл әңгімелерден қайрат-қайсарлық рух алатын. 1945 жылдың наурыз айының соңына таман оң қолы тұсынан ауыр жараланады. Кейіннен туған елге оралып, еңбекке қызу кірісіп кетеді. Тылда адалынан һәм абыроймен еңбек еткен әпкесі Майрашпен бірге мал шаруашылығында жүріп, есеп-қисап қызметін меңгеріп алады.

1953 жылы жанжары Мұғзирамен шаңырақ көтеріп, жанұя құрады. Жұбайымен бірге он баланы дүниеге әкеліп, өнегелі тәлім-тәрбие береді. Жақсы игеріп алған есепші қызметін ұзақ жылдар бойы асқан абыроймен атқарып, өз мамандығының нағыз кәсіпқойы екенін дәлелдеді. Асылы сол, өзінің бойына сіңген мамандығының тәжірибесін ізін басып, соңынан ерген көптеген жасқа дарыта білді.

Соғыс ардагері Жанпейісұлы Зейнолланың омырауындағы КСРО Жоғары Кеңесі Президиуымының 1985 жылғы 11 наурыздағы Жарлығымен 1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысында неміс-фашис басқыншыларына қарсы күресте көрсеткен қаһармандығы, ержүректілігі, ерлігі үшін және Ұлы жеңістің 40 жылдық мерейтойы құрметіне  марапатталған «ІІ дәрежелі Отан соғысы» ордені бірден көзге жылы ұшырайтын. Сонымен қатар Ұлы Жеңістің отыз бес, қырық, елу, алпыс, алпыс бес жыл мерейгерлік медальдары, 1941-1945 ж.ж. Ұлы Отан соғысының Жеңісіне елу бес жыл толу құрметіне берілген «1941-1945 ж.ж. соғыс ардагері» Белгісі, Қазақстан Республикасының және оның астанасының дамуы мен қалыптасуына елеулі үлес қосқаны үшін «10 жыл Астана» медалі, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің Басшылары кеңесінің 1995 жылғы 26 мамырдағы Шешіміне сәйкес марапатталған Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медалі, көп жылғы адал еңбегі үшін берілген «Еңбек ардагері» медалі, «КСРО Қарулы күштеріне жетпіс жыл» медалі Зейнолла Сыздықұлының қандай нар тұлғалы азамат болғанын артық рет айқындайды. 2005 жылдың мамырында Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаев өз қолы қойылған құттықтауды жолдағаны неге тұрарлық, шіркін!

  Адал еңбегімен әлдеқашан танылған Жанпейісұлы Зейнолла өзінің туған ауылы Бесқарағайда бойындағы туа біткен шығармашылық өнерімен де төбе көрсетті. Бірнеше өлең шығарып, ауылдастарының, дос-жарандарының, жора-жолдастарының, ағаын-туыстарының шексіз құрметіне бөленіп, ел-халықтың риясыз ризашылығына бөленді. Әпкесі Майраш бала кезінен еңбектеніп, соғыс кезінде тылда да қажымас қайраткерлік көрсеткен, бейбіт күн орнағаннан бастап құрметті зейнеткерлік демалысқа шыққанша дейін сауда саласында тынбай қызмет жасады. Ағалап соңынан ерген інілері де ел алдында құрмет-сыйластыққа бөленді. Атап айтқанда, інісі Сағидолла ауылдың мал шаруашылығы саласында шопан да, бақташы да болды, қой қырқудың шебері атанып, биікке жеткені соншалық, сол кезде аты дардай Мәскеу қаласында өткен қой қырқатын мықтылар қатарында бүкілкеңестік жарысқа қатысып келді, ал тағы бір інісі Сәкіжан да бригадирлік қызметті мінсіз атқарды, кенже інісі Амантай өмір бойы дерлік ауылдың мал шаруашылығында мал дәрігері, шаруашылық меңгерушісі, тіпті бас мал дәрігері болып, адал еңбегімен ел жадында қалды. Бұл да болса Зейнолла Жанпейісұлының әпкесінен үлгі алып, ізін басқан інілеріне өз тарапынан көрсеткен үлгісі ғой. «Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар» дегеніміздің өмірден алынған шынайы үлгісі осы.

1986 жылы зейнеткерлік жасқа жетіп, құрметті демалысқа шыққан Зейнолла ақсақал ауыл тұрғындарын имандылық жолға салуда аянып қалмай, он жыл бойы ауылдың имамы болып, өнегелі тәлім-тәрбиені Күн нұрындай шашты.

Жыл сайын мамырдың тоғызында Ұлы Отан соғысына қатысқан ауылдың жауынгерлеріне арналған Даңқ орнында өткізілетін митингіде құрметті қонақтарға арналған орында көпті көрген кәрі қырандай тұлғалана отыратын Зейнолла ақсақал сөз кезегі берілгенде орнынан тұрып, микрофонға жақындап, өзі қатысқан Ұлы Отан соғысында, екінші дүниежүзілік соғыста тартқан азабын айтпай, көз тігіп, құлақ түріп, тіке тұрып, ұйып тыңдаған ауылдастарға һәм қонақтарға өмір мен өлім арпалысқан майданнан арқалап алып келген Ұлы Жеңістің маңыздылығын, Бейбітшіліктің құдіретін, Имандылық пен Адамгершіліктің қадірін, Адам және Азамат болудың қасиетін тегеурінді сөздерімен сүйектен өткізе, санаға жеткізе айтатын. Бойындағы ақындық дарынымен өзі шығарған мағыналы өлең шумақтарын әрі оқитын, әрі жатқа соғатын. Осынау ұмытылмас өмір сәттері де көз алдында естелік болып елестейді әлі. 

Былтырғы жылдың жазында жұбайы Мұғзира әже де бұл жарық дүниемен қош айтысып, қайтпас сапарға кете барды. Өздерінен тараған он бала, Құдайға шүкір, қазіргі таңда өз күндерін көре алатын дәрежеге жетті. Адам арасында сый-құрметке бөленген балаларынан немере-шөберелер де өнегелі ата-әже жолын жақсы жағынан жалғастыру жолында барын да, нарын да салып жүр.

Демек, құрметті соғыс ардагері Зейнолла Жанпейісұлының алып бәйтерегі үрім-бұтақтарымен жылдан-жылға өсіп құлпыруда. Аллаһ разы болсын!     

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1070 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: