09:57
Ұлы Даланың рухани жауһары

С.САДУАҚАСҰЛЫ / СӘРСЕНБЕК   

С.Садуақасұлы – Қазақстанның белгілі қоғам және мемлекет қайраткері. Сонымен бірге ол ХХ ғасырдың 20 жылдары қазақ руханиятына мол еңбек сіңірді. Смағұлдың қайраткерлік те, қаламгерлік те жолы алаш жастарының тұңғыш ұйымы “Бірліктен” (Омбы, 1914) басталды. Ол – “Өртен”, “Антомомиа”, “Салмақбай, Махамбет” әңгімелерінің және “Салмақбай, Сағындық”, “Күміс қоңырау” повестерінің авторы. Бұл шығармаларда 20 жылдардың проблемалары көркем бейнеленеді. С.Садуақасұлы сондай-ақ әдеби процесс туралы да еңбектер жазды. Бұл ретте оның “Әдебиет әңгімелері” (1927), 1928 Мәскеуде шыққан “Молодой Казахстан” жинағына жазған алғысөзін ерекше атауға болады. Қайраткер – сонымен бірге Қазақ ұлттық театрын ұйымдастырушылардың бірі. Осы орайда ол “Ұлт театры туралы”, “Алғашқы тәжірибелер”, “Алтын сақина” ойыны туралы”, “Бәйбіше, тоқал”, т.б. материалдар жариялады.

“Сәрсенбек” – қазақ әдебиеттану ғылымына беймәлім болып келген роман. Оның түпнұсқасы М.О.Әуезов мұражайынан табылып отыр. Арнайы қолдан кесілген параққа жазылған 300 беттен астам осынау романның қолжазбасын кеңес дәуірінің “жылымық” тұсында қайраткердің жары Елизавета Әлиханқызы Мұхтар Әуезовке күйеуінің соңында қалған бірсыпыра дүниелермен қоса табыстаған.

Роман қолжазбасы аса мұқият сақталған дей алмаймыз. Бірақ оны ыждағаттылықпен оқыдық. Абырой болғанда, қолжазбадан роман тарихына қатысты бірқыдыру деректерді ұшырастырдық. Бір қосымша парақтан романның алғашқы нұсқасын жазушы 1920 жылы 27 шілдеде “Мінсіз” атты повесть ретінде жазбақ болғаны анықталды. 1922 жылы 21 қарашада “Сәрсенбекті” жазуға кіріскенде, автор Мінсіз бейнесін Жұпар бейнесімен алмастырып (бұл қолжазбадан анық көрінеді), Мінсіз деген басқа жанама кейіпкер ойлап тапқан.

“Сәрсенбек” – 1916 жыл оқиғасын арқау еткен қазақ әдебиетіндегі алғашқы романның бірі. Хронологиялық жағынан тұңғышы деуге де болады.
Аталған туындының неліктен роман жанрына жататынын үш дәлелмен анықтай аламыз. Біріншіден, “Сәрсенбек” – қазақ әдебиетінде роман жанрының енді дүниеге келген кезінде туған туынды. Сондықтан бұл кездегі жазылған қазіргі көзқараспен повесть дәрежесіндегі шығармаларға роман мәртебесін беру жанр эволюциясын елеп-ескергендік болмақ. Екіншіден, роман талабына сай “Сәрсенбекте” үш желі қатар жүріп отырады. Олар: 1) көтерілісшілердің күрес барысы, 2) қаладағы оқығандардың пікір қайшылығының жай-жапсары, 3) Күлпәшқа қатысты оқиғалар, яғни қала мен ауыл арасындағы бөгет-бөгесіндердің қалпы. Үшіншіден, А.Байтұрсынұлы ескерткен “тұрмыс сарынын түптеп, терең әңгімелеу” бар.

Шәкірт кезінде кезеңінің ауыр оқиғаларын өз көзімен көрген С.Садуақасұлы араға жеті жыл салып, “Кейбірде мен баладаймын, баладай болсам да, бәрі есімде” деп эпиграф қойып, 16 жыл туралы роман жазуға отырды.

Роман экспозициясы қазақтан солдат алатынын естіп, бұл хабардың рас-өтірігін біле алмай абыр-сабыр, азан-қазан болған ауыл халін диалог арқылы жеткізумен ашылады. Автор бейнелеу тәсілін пайдаланып, қоғам мен ұлт арасындағы байланысты былайша көрсетеді: Сары маса келіп қазақтың тұмсығын шағады. Ол бір аунап қайта жатады. Кенет ойына әлдене түсіп, түрегеледі. Тарсыл естіледі. Қашады. Бір кезде тоқтай қалып, қарсыласады…

Оқиға Сәрсенбектің ауылынан өрбиді. Сәрсенбек оқуына кеткеннің ертесіне патша жарлығы келеді. Халық аңтарылып қалады. Істің мән-жайын білу үшін ақсақалдар Амантай мен Қорабайды қалаға аттандырады. Бұл кезде Жұпар есімді қыз ауыл жігіттерін жиып, оларға бас көтеру, Алатауға аттану туралы ой салады. Ауыл жастары бұған келіседі.

Бұл шақтағы қаланың тіршілігі ауылдан бөлектеу. Сәрсенбек пен Қабдеш ұлт болашағы, халық теңдігі туралы пікір таластырып жүрсе, Жұмажан секілді азаматтардың ойында түк жоқ. Олар өмірде ләззатқа белшесінен батып, абройы тасып жүргенді армандайды. Арбалып, алданып жүрген Күлпәш тәубасына әлі келмеген. Жұмажанның алдамшы әрекеттерін, аттастырған күйеуі Күдерінің ақ-жүрек адалдығын көргенде, Күлпәш басында екіұдай пікірдің текетіресі басталады. Мұндағы тартыс, шиеленіс, шарықтау шегі, шешімі аса табиғи.

Амантай Сәрсенбекке “ел көтерілмек, басшы бол” деп қолқа салады. Бірақ ол қарсылық білдіреді. Тіпті дәлелдер айтып, күрестің нәтижесіз болатынын алға тартады. Көңілі нілдей бұзылған Амантай Сәрсенбекке қарамастай болып және губернатордан тұщымды “жауап” алып, еліне қайтады.

Қала жаңа хабармен қайта жанданған. Қазақ оқығандарының бас қосуларындағы әңгіменің бәрі “қазақ һәм солдат” төңірегінде. Көркем шығарма сахнасында Қабдеш, Бұқар, Асқар сынды азаматтар шығады. Бәрі де сауатты. Баршасы да ел қамын ойлайды. Бірақ солдат мәселесі туралы әрқайсысының пікірі әр түрлі.

Сәрсенбек Сәлимадан хат алады. Бұл хаттан соң оның пікірі бұрынғы күйінде болғанымен, бағыты түбегейлі өзгереді: Бұлай болуының терең сыры бар. Сәлима хатында Жұпар туралы, оның қол бастағаны хақында, өзінің сол құрбысымен бірге болатыны жөнінде жазады. Не істеу керек? Бұл жерде парасат жеңеді. Сәрсенбек аттануға бел байлайды. Неге? Біріншіден, ол Сәлиманы ұнатады, екіншіден, бір кездері Жұпар екеуінің арасында да махаббат оты маздаған. Үшіншіден, ел басындағы сыналар сәтте, көпшілік көтерілуді қалағанда, бұл неге қолын бір сілтеуі тиіс. Мейлі, халық бұрыс жол таңдасын бәрібір Сәрсенбек – оларға, олар –Сәрсенбекке керек.

Сәрсенбектің шешімі жөнінде оқығандар арасында пікірталас туады. Әркім әр түрлі жориды. Бұған Бұқар мен Асқар қарсы болса, Қабдеш Сәрсенбекті қолдайды.
Сонымен Сәрсенбек пен Қабдеш екеуі Сәлиман кездеспек болып Көкадырға қарай аттанады. Екі жігіт жолда талай қиыншылықтарға кездеседі. Бір сәт дамылдағанда ұлт, ел тағдыры, заман қалпы туралы толғанады.

Ауыл жайы қайта суреттелінеді. Сахнаға Сәлима мен Мінсіз шығады. Бірі Сәрсенбекті, екіншісі Исатайды сүйеді. Тағдыры, талғамы ұқсас тұлғалар. Сәрсенбектен жауап хат келгеннен кейін бұлар да Көкадырға аттанады. Ойлары – олармен сол жерде жолығып, Алатауға аттану. Сапырылысқан дүние. Осы сапарда бұлар да сан қиыншылықты көреді. Әсіресе жолда орыс әскерінің кездесуі оқиғаны күрделендіре түседі. Бұлар қашады. Жау қуады. Қапыда Мінсіз қолға түсіп, қанішерлердің зорлауы мен қорлауына шыдай алмай өледі. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 31 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: