16:22
Ұлы Даланың рухани жауһары

К.МҰҚАЖАНҰЛЫ / ӨР АЛТАЙ         

Күнгей Мұқажанұлы 1929 жылы маусымында КХР, СУАР Алтай аймағы, Буырылтоғай ауданының Күнгейті деген жерінде дүниеге келген. Шешесі шешен болғандықтан, бала Күнгей де сөз өнеріне ерте талпынып, 15-16 жастан бастап айтысқа қатынасып, халық өлең- жырларын, дастандарын жатқа айтып көзге түседі. Ол 1942-1947 жылдары ауылдық бастауыш мектепті бітіреді де, 1950 жылы Алтай орта мектебін тәмамдайды. Содан 1950-1951 жылдары Үрімжіде кадрлар жетілдіру орнында ақпарат мамандығын оқиды. 1951-1962 жылдары “Алтай газетінің” редакторы болып, шығармашылыққа талпынады. Жазушының “Тың тірлік”, “Тайталас” (бұл еңбегі Ұйғыр, Қытай тілдеріне аударылған) повестері мен “Борандағы бала” атты әңгімесі ілгерінді-кейінді өлке дәрежелі жүлделерге ие болған. Автордың “Игілік” атты романы 1983 жылы Шын Жаң жастар-өрендер баспасында (Үрімжі), “Алтай әңгімелері” жинағы 1984 жылы Ұлттар баспасында (Пекин) басылған. Бұлардан басқа “Махаббатқа жол”, “Көкеннің би болуы”, “Өгіздің терісі”, “Қазақтың күй-дастандары”, “Қоржын”, “Қайта табысу”, “Әдебиетке дұрыс ниет керек” т.б. отыздай әңгіме, очерк, сахналық шығарма, әдеби сындары бар.

Марқұм Күнгей Мұқажанұлы тірі кезінде Қытай жазушылар қоғамының мүшесі, Шін Жаң өлкелік ауыз әдебиеті қоғамының орынбасар төрағасы, Буырылтоғай аудандық саяси кеңестің орынбасар төрағасы сындық қоғамдық жұмыстарды атқарған.
“Өр Алтай” тарихи роман. Шін Жаң халық баспасында (Үрімжі) 1997 жылы бірінші рет басылған.

Кейіпкерлері: Шәріпқан, Жеңісқан төре, Метіке, Бақыш, Шайман, Шайсан, Жанасыл, Кабира, Серікбол, Гүлсім, Көгедай, Ген амбы, қара Оспан, Арқалық батыр, Қамшыбай, Салақбай, Мәйен, Жамал, Уәли үкіртай, Лақ би, Мешітқан, Айқап би, Наурызбай, Далабай, Байтан, Бықыш шешен, Сиырбай, Әбен, Тайлақбай, Мәнібай, Қайырбай, Мәми бейсі, Үрістем, Жаңгір, Сау Сызы (қытай шаруа), Баймолла, Жәке би, Бәден, Ошарбай, Намазай, Закария төре, Асық, Өрдебай, Ожаубай, Әтік, Жұртбай, Мұсабай, Иманбай, Тоқбай, Ажы төре, Боранбай, Ежен хан, Мамыт, Демежан, Мамыртай, Өсер, Нуқат, Тетей, Тайқара, Кәрібай, Қылышбай, Шапақ, Мықи, Жапалақ, Қышай, Шал шешен, Зағипа, Шәрбану.

“Өр Алтай” романы “Қауымда”, “Қыранда”, “Ертісте” сынды үш бөлімге бөлінген. Алғашқы бөлегінде автор негізгі кейіпкер Шәріпқанның Жеңісқан төре кішілікке алған әйелі, қараның қызы Метікеден туғандығын, азан аты “Шақторғай” екендігін, оны Тоқбай туысқаны тоғытпай: “Шақ” деген шектілікті білдіреді, ал торғай құстың кішкенесі, онанда заманның шектеуіне ұшырамай, өрісті болсын” – деп Шәріпқанға өзгерткенін, бұл басы бақырдай ұлдың дүниеге келгеніне қызыл көздене қарайтын күл күндес бәйбіше ханым – ақсүйек Бақыштың ішіне өрт түскенін, содан бастап айылын жимаған қызғаныштың қозғанын тілге тиек ете отырып, әр жерден шұрық етіп қайнаған қазандай қаймалы қазақ сахарасында болған ірілі-ұсақты тарихи оқиғаларға шоқ тартады. Сөйтіп, ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың алғашына дейінгі кездердегі Алтай өңіріндегі көріністер көз алдыға елестейді.

Шәріпқан ес біліп, етек жиғаннан тартып, “тектінің тұқымы, темірдің сынығымын”, — деместен төленгіттермен (Төленгіт – төре ордасының шайт десе жусап, шүйт десе өретін басы байлы адамдары. Бұл “төреңді күт” деген сөзден шықса керек) тонның ішкі бауындай, үйір болып өсті. Кіші үй атанған Метікенің отбасы қарашалардың қаймықпай кіретін қормалы еді. Төре ауылына тымақ киіп кірмейтін, қамшы ұстап үйге енбейтін, төре тұрмай, сәбағат сұрамай ордаға бармайтын т.б.с.с. көнеден келе жатқан “жол-жосындар” кіші үйде сақталмаған.

Төрт атасынан төленгіт Жанасыл қарт қалың сауыр тірліктің тырбаңына қыңық етпейтін қайратты, көпті көріп, көнек түбін тескен көкірегі қазына қария еді. Оның немересі Серікбол Шәріпқанның жартыны жарып жейтін жандосы, иткөйлекті бірге тоздырған ұяласы. Ауыл балаларының ойын ошағы осы қараша үй болатын. Бұлангер шешен шал домбырасын тыңқылдата отырып, күйлердің шежіресін қоса шертетін. Онан қалса, тереңге бой тартып, арғы-бергі тарихты да тарата айтып құлыншақтардың құшық кеудесіне құя білетін. “Әліп бимен” тіл сындырған балпанақтардың ендігі үлкен мектебі Жанасыл ақсақал болатын. Көгедай төренің тұсында Пекинге төте қарап келген Алтай елі, кейін Тарбағатайдағы Ген амбыға бағынады. Ол жай бұқараға бүйідей тиіп, ауыр алман-салық алады. Азуы алты қарыс алпауытке аянбай қарсы шыққан жалаңтөс батырдың бірі қара Оспан болды. Қара сөздің қайығы атанған қария бұл ерлікті арғыдағы Арқалық батырдың арсыз Ажы төренің шаңырағын шайқалтқан өрлігімен, тіпті сонау Абылай ханның Жәнібекті ыстық ішуге отынға жұмсап сынаған сындарлы сынымен тең өре отырып, тартымды тілімен сәбилердің санасына сіңіріп, жас жүректерін атасы жаудан қайтпаған бабаларының батырлығымен ұштай түсетін.

Сырттан жау келсе жұмырықтай жұмылатын, өкпеге қисада өлімге қимайтын, аразы болса да безері болмайтын қоңырқай ауылдың бейбіт күндегі берекесі де бұзылмай тұрмады. Соның бірі, ала құйын, лыпылдақ қаққан қулауыт Қамшыбай шабарманның бейкүнә момын Мәйенге жауған қой ұрлау жаласы болса, бірі “Қубас айғыр құнанын қажайды” дегендей қарабауыр Айқап бидің қараубай Мешітқанға тізесін батырып, қыс қыстайтын қыстауын тартып алуы. Жеміттердің жымы бір болып, асқақ би мен адуын шабарман жең ұшынан ұштасып, Мәйеннің бел баласы Байтанды сойылға жығып дүрелеуі… Алты бақан алауыздықтың алауын көтеріп, өзара шарпысқан осынау қасат даудың түп-төркіні тереңде болатын. Бұл бұрыннан бүлкілдеп, үзеңгі бауы қалыңдап келе жатқан қазақы қаймалы қайшылық еді. Осылай шиеленіскен шиені төрт бидің төрелігінде шешпек болып алғашқы бөлім ақырласады. (жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 42 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: