22:34
Ұлы Даланың рухани жауһары

Ғ.МҮСІРЕПОВ / ОЯНҒАН ӨЛКЕ        

Жазушы Игіліктің портреттік мінездемесін, қысқа қайырылса да, кесек көрінер, артығы жоқ, асып-тасуы жоқ, сыпайысымақ сөздерін, соңын баққан шыдамдылықпен ту сырттан соғардай арамза әрекеттерін суреттегенде де ұнатуы мен жаратуын аңдатпайды. Игілік істері мен ниеттерінің бұзықтығын өзге кейіпкерлер репликалары мен түсінік-талғамдарынан сездіру басым. “Бетпе-бет” келгенде автордың “қарсыласын” бағалай тұрып, Игілікпен ақыл-ой, сұңғылалық, характер межелері бойынша арбаса тіресуі байқалғандай.

Мырзасынған Игіліктің түп қараулығы мен момынның мойнына мінуден жүзі жанбас арсыздығы, екісөзділігіне куәгер фактілердің бірі – үйші Сандыбайдың ерекше өнері үшін сый алу орнына “ұзын арқау, кең тұсау” уәде құрсауында бәрін ұмытып, әлі де жоқшылықта қалатын, мазаққа жем болатын күлкілі әрі қайғылы халі. Асқан шеберлік, табиғи зергерлікпен жасаған дүниесіне берілмекші бір үйір жылқының түр-түсіне қызығып, таңдай алмай, әлекке түсетін, оның біразын Ордабай болысқа картаға ұттырып, қалғанына қиялмен баласына қалыңдық айттыратын аңқау, түйсігі аз Сандыбайдың мүскін жағдайы тек юмор емес, трагедиялық әуенмен көмкеріледі.

Залымдыққа бас имек түгілі көкірек көрсететін ер де, өткір тілді, өжет Баянды – Көпей бәйбішенің бауыры, кәсібі – ұсталық. Табан ақы, маңдай теріне табынған, көңіл көзі ояу Баянды  қазақ өміріндегі рушыл – феодалдық жүйеден капиталистік өндіріс қатынастарының біршама дәрежеде ұтымдылығын сезініп, едәуір саяси-құқықтық бостандық рухын аңғартқан алғашқы қазақтардың бірі. Екі байдың есер таласында соққы жеп, кемтарлық қамытын ұзаққа киген Жабайдың  Баянды таңдаған кәсіпке мамандануында рухани-әлеуметтік заңдылық бар.

Игілік пен Жұманның таласында күш сынасып, бір-бірінің қайраты мен адамшылығын өздеріне келіп-кетері жоқ қанды қақтығыс үстінде танып, тұңғыш рет жаны мен тегінің туыстығын ыза, кек, намыс шыңында терең түсінген Бұланбай мен Сүгірәлі Қарағанды кеніндегі ұлттық жұмысшылар қауымының бас көтерер тарланы болуына бастапқы драмалық ситуацияларда жеткілікті психологиялық дайындық жасалған. Осы тұстағы Байжан мен Жұбай, Алшағыр мен Күнзила араларындағы от басылық жарасты қарым-қатынас, әзіл-қалжың  ұлттық дәстүрдегі жанұя мерейін, халқымыздың материалдық игіліктерден биік қоятын мәдени-рәсімдік өнегесін,  көңіл дархандығын паш ететін мағыналы көріністер.

Байжан Қарағандының иесі болса, Бұланбай, Сүгірәлі, Алшағыр, Қолбаң тәрізді сан жүз кедейлермен бірге махаббат азаттығына қол созған Игіліктің жиені Сейіт пен Назым жатық жұртшылығы топтасқан шахта барақтарынан пана табады.

Дала төскейіндегі осынау салыстырмалы түрдегі озық құбылысқа әр тап өз тұрғысынан ат салысуда. Жұмабек төре – подрядчик, Ыбырай кіресшілерге жауапты. Игілік – кен таситын мыңдаған көлік малдың иесі, бәрі де мұртын майлап қалуға ұмтылған. Кенесарының найзасынан олжалы құтылған Игілік Ушаков-Рязанов компаниясынан жемсауын толтырусыз қалмастай. Жазушы аңқылдаған қыр халқының арасында Тұрсынбай секілді орыс алпауыттарының өзін алдаудан қашпас ысқаяқ кен іздеуші, Мұсақайдай күштіге жағымпаз, сатқын тыңшылардың, өзгелерді бір жақ, өзін бір жақ санайтын оның ұрысқақ әйелі Балсары тақілеттес кесеңсіз типтердің  кездескенін жасырмайды. Қоғам, орта тіршілігіндегі сан алуан қайшылықтар әлгіндей қарама-қарсы жаратылыс, наным, сенім шарпысуларынан өрбілмек.

Ғ.Мүсірепов “Оянған өлкеде” ен-тегін қазақ жерін ашқарақтана кезген ағылшын магнаттарымен таласа-тармаса жүріп, дала жонын алтынға айналар асыл тас іздеп, таспадай тілгілеген Попов, Рязанов, Ушаков тәрізді орыс алпауыттарының өзара қырғи-қабақ тартыстарын ықыластана суреттейді. Бұл арна Рязанов-Ушаков арасындағы қарым-қатынастар жүйесімен нәзік психологиялық келбет алған. Капиталист атаулының бәрі де пайда жолында қаншалық арсыз болса, өлім, қазына көзін аша түсу үшін материалдық игіліктер тұтқасы - өндіріс ошақтарын кеңейтуге, белгілі бір дәрежеде өндіргіш күштердің нығая түсуіне мүдделі екені мәлім. Ушаков та, оның Ақбұйрат пен Қарағандыдағы инженерлері – Бернер мен Некрасов та осы тарихи-экономикалық қажеттіліктерге қарсы шығуға  құлықты емес. Шеңгелін алыстан салатын майда тілді, аяр ақсүйек Рязанов пен қожайынына аңшының итіндей берілген, оңбаған істің дүлдүлі Сикорский салыстырмалы түрде ғана адал, аршынды, ақкөңіл, алайда пайдақорлығы жағынан есе айырмаса, жер қалқысы жоқ Никон Ушаковты ақыры орға жығып тынады. Кәріқақсал, қырқар түлкі А.Рязанов қасқыр да болса, айласы мен ақылы кемшін соққан өзінше апайтөс әріптесін тұншықтыра салады. Ушаков көмекке Игілік досын шақырады, бірақ дала қорқауы күмәнді тұстан аяғын тартып алып, жанын ғана көрсетіп кеткен тәрізденеді. Ақша, байлық асуларындағы адамгершілік қарым-қатынастардың азғындық сипатын қаламгер өткір мінездемелік детальдармен, драмалық ширығыс арқылы мүсіндейді.

Романның бесінші бөліміндегі Ушаков басына төнген терең қайшылықты жағдаяттарды автор әдеттегі эпикалық баяндау тынысына психологиялық иірімдер қосып, зор әсерлі бояу-саздармен суреттегені анық. Ортақ төл сөздер, ішкі монолог үлгілері, сана ағымын тікелей сипаттау шығарма жолдарына, оқиға, характер табиғатына лирико-философиялық толымдылық береді. Жазушы психологизмі образ болмысы мен тартыс, жағдай шарпысуы сәттеріндегі ой, сезім аяларының шырқау биіктерін жан-жақты, байыпты қамту, эктерио-интерноризациялық процестер алмасуын жіті қадағалау нәтижелеріне құрылған.

Монологтың форма, бір қызығы, қаламгердің үлкен пішінді үш томдық таңдамалысының бір кітабынан бастағанда 70-бетте ғана айқын графико-стилистикалық өрнегімен ұшырасады. Оның өзі де Игілік үйіндегі қара ала төбеттің ренішті толғаныстары екен. Әйтсе де бұл романның түр байлығына нұқсан емес (монологтар тиімді пайдаланылады), стильдік даралықтың осы реттегі айрықша сипаты ғана. Шығармада табиғат көріністері аз келсе де, ұтымды, ширақ, бейнелі, ал кескінеме үлгілері пластикалық, эмотивтік қабаттарға толы.

Ғ.Мүсірепов талантының негізгі қуаты – жазушының драматургтік өнерімен егіздес диалог құдіретінде. “Оянған өлкеден” бірде бір бос тұрған реплика, полилогтық мезеттерді кездестіру мүмкін емес. Әр қаһарманның өз жан әлемі, характері, дүниетанымына сәйкес дербес лексиконы, сөйлеу мәнері, тілдік ерекшелігі сақталған.  Әкелі-балалы Бұланбай мен Нарбайдың ақжарқын, ақиық, қызба мінездеріне сай әсерлі, бөгеусіз, кейде тіпті тосын, адал сөздеріндегі тегі бір ұқсастыққа дейін, жылтыр Омардың Жабай кетпенінен алған соққыдан кейін түр-түсіндегі өзгеріс пен тіл қату, жекелеген дыбыстарды жеткізу дағдысына  шекті “ерінбей” назар аударатын суреткер диалогтарының реалистік қайнары, рефлексологиялық дәлдігі, әрекеттік қажыры зор. Әсіресе тоқтаусыз төгілген юмор әсерлі. Ол юморда табиғи ақыл, парасат, көрегендік пен көргенділік, даналық ұшқындары бар. Біз. Ғ.Мүсіреповтің автор-баяндаушы, әңгімеші, сипаттарын, суреттеуші – жазушы ретіндегі өр де тәкаппар, ұсынғыш та қайырымды, ездікке емес, ерлікке, қыран самғар биікке құмарлық рухын дәріптер таза халықтық сезімін, асқақ тұлғасын кіршіксіз парасаты мен тозаң тартпас даналығы үшін 

әрдайым бағалаймыз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 30 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: