15:51
Ұлы Даланың рухани жауһары

М.ДУЛАТҰЛЫ / БАҚЫТСЫЗ ЖАМАЛ

 Бір-бірімен той үстінде өлең арқылы танысқан екі жас ғашық боп, тез тіл табысып, араға көп уақыт салмай, алма-кезек хат жазысып:

Бір сенсің ғашық отын сөндіретін,

Кім бізді ықтиярсыз көндіретін.

Өлсек шұқыр бір болсын, шықсақ төбе,

Айырмалық болса да өлтіретін.

Бір алла жалғыз өзі болсын айғақ,

Тұралық уағданы бекем байлап,

Сен үшін бір басымды еттім құрбан,

Шынжырлап жіберсе де Сібірге айдап, -

деген Жамал сөздері келіскен тұжырымдай болады.

Сөйтіп, Жүніс, Нұрмаш екі досы көмек етіп, Ғали Жамалды алып қашып, қаладағы саудалас, ниеттес досы татар байы Фатихолланың үйін паналайды. Азды күнгі рахат, бақыт, ләззат дәмін татқан екі жастың қызықты ғұмыры ұзаққа созылмайды. Байжанның қоқан-лоққы, тепкі дүмпуі бұлардың жатқан ұясын шайқар болған соң, жылжып Ғалидың нағашыларын жағалайды. Аяқ астынан ауырған Ғали он үш күн төсек тартып, кенеттен дүние салды. Әрине, бұл кейіпкер күрес үстінде, әділет үшін, махаббат үшін шайқаста жауларының қолынан мерт болғанда, көркемдік шешім салмақтырақ шығатын еді.

Жамалдың жалғыз қалуы, еріксіз Байжан босағасына барып, Жұманнан зорлық көруі, қайғылы махаббат уын ішуі – оны боранды түнде адасып өлуге заңды түрде алып барған себептер ретінде сенімді суреттеледі:

Тоты құс едім бақшада,

Қарақұсқа жем еттің.

Хан қызындай басымды,

Бір жаманға тең еттің.

Ботасыз нардай боздатып,

Мінеки, мені еңіреттің.

Қаһарыңды жіберіп,

Тең құрбымнан кем еттің.

Мұндай зарлы қылғандай,

Мен бейшара не еттім?

Жыладым зарлап, Ғали жоқ,

Ісіне көндім құдіреттің.

Шығармада әр түрлі әлеуметтік ортаның өкілдері, түрлі мінездер қалыбы төбе көрсетеді. Әрине, көлемі шағын туындыда да характерлер, сом тұлғалар жасау мүмкіндігі де аз. Дегенмен, әдебиетіміздегі алғашқы күрделі прозалық үлгіде бірталай көркемдік ізденістер, тұлғалар жасауға ұмтылу талабы барлығын көрсету дұрыс болмақ.

Алдында 100 жылқы, 200-300 қойы бар дөңгелек дәулет иесі Жамалдың әкесі – Сәрсенбай туысында жыртқыш, озбыр емес, негізгі жұмсақ, момын адам, Жамалды бетінен қақпай өсіруі, тіпті еркек балаша киіндіріп тәрбиелеуі, Уфадан келген Ғазиз мұғалімнен жаңа жолмен оқытуы айналасына кеңдігі – оны жақсы жағынан сипаттайды.

Байлықтың буы Сәрсенбайдың басын айналдырып және қыздырманың тіліне еріп, шарға түсіп, билікке таласады, көп шығын рәсуа болады, 300 теңгесі босқа кетеді; бәрібір сайланбай қалады. Осыдан опық жеп, намысы күйген, жұрт көзінде жерленгендей күйге түскен Сәрсенбай қайтсе де, есе қайтармақ, қанша байлық шашса да, бәрібір тағы да шарға түспек. Осы сапарда өзіне тілектес іздейді, осы сапарда қандай құрбандыққа да бармақ. Сөйтіп, бұрын момын, жуас, қақсоқпен шаруасы жоқ қоңыртөбел жан енді билік үшін, дәреже үшін неге болса да белін буады және жаңа әрекетке де.

Жазушы Сәрсенбай санасындағы жаңа өзгерісті сенімді көрсетеді. Өзіне жақтас іздеген мансапқордың тапқаны болыстың құдасы – сөзінен де, ісінен де, жолынан да, қолынан да келетін, артына ерткен тобы бар – Байжан, соның қолдауымен билікке жетуді іш есеп қылады. Сондықтан Байжанның өзі таза, өзі ақылсыз Жұман деген баласына Жамалға құда түсуіне қарсы болмайды. Бәйбіше мақұлдайды, туған шеше Шолпан наразы. Бірақ Сәрсенбайдың келіскені – келіскен.

“Бақытсыз Жамал” стилінде таза реалистік проза тіліне лайық салмақты, орнықтылық бар. Жазушы ұйқасты, ырғақты, өлеңдетіп отыратын өрнектеген бойын мүлде аулақ салған. Тіпті кейінгі дәуірлердегі туындылардың өзінде кездесе беретін әсірелікке, сөйлемдегі сөздердің табиғи орын ауыстырып жасайтын инверсияға да бармайды. Лексикалық тұрғыдан таза қазақ тілінің байлығы еркін қолданылған, Міржақыптың поэзиялық шығармаларда жиі кездесетін араб, парсы, татар сөздері “Бақытсыз Жамалда” өте сирек, жоққа тән, оның есесіне (съезд, минут, фальш, план, учитель, расход, выборной тәрізді) кейбір орыс сөздерін өз қалпында алып жібереді. Жамал мен Ғали арасындағы ғашықтық сырларды көрсету үшін алынған өлең текстері айтыс үлгісінде, хат формасында берілген.

Шығарма сюжеті Сәрсенбайдың балаға зар болуы, Шолпанға үйленуі, одан Жамалдың тууы, Жамалдың молдадан оқып тәрбиеленеуі, әдемі бойжетуі, Сәрсенбайдың билік үшін көмектеседі деген іш есеппен Байжанмен құда болуы, бұған Шолпанның қарсылығы, Ғали мен Шолпанның танысуы, ғашық болуы, өзара тіл табысып, қашып кетуі, Байжанның келінінің кетіп қалуына орай жасаған аярлық әрекеттері, өтірік қағаз жасатуы, Ғалидың аяқ астынан ауырып дүние салуы, Жамалдың еріксіз Байжан босағасына келуі, Жұманнан көрген қорлық-зорлық, ақыры боранда адасып өлуімен аяқталған оқиғалардың бір-бірімен байланысқан, желісі үзілмейтін тізбегінен құралған.

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 190 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: