16:53
Ұлы Даланың рухани жауһары

Қ.ТОЛЫБАЕВ / ӘСЕТ

 «Қасірет түбі – сергелдең» бөлімінде Әсет Қаби ауылымен қоштасып, жолға шығады. Жолда Меркіт еліне тоқтап, сыйлы қариясы Шерубаймен танысады. Әсет Лепсіде ұзақ жатпай, Алакөлге асығады. Өзін жолға шығарып салған Жәмішке қайтып оралуға уәде берген. Көңілі жақын жігіттермен басын қосып, арнайы кеңесіп, жолға шығып келе жатқанда, жолаушылардан Күзембайдың қызы Жәміш тойынан келе жатқанын естиді. Ақыннан еш хабар-ошар болмаған соң қыз Танабай баласына кете барады. Осы бөлімде «Қаракөзді» айтады. «Жаңғырық» бөлімінде негізгі қаһарманның қиын тағдырын табиғаттың күштерімен тоғыстыра суреттейді. Бұл романда бір байқалатын жайт – табиғат қаһарман көңіл-күйі, адам жанындағы өзгерістерге сай қабысып отырады. Осы бөлімде Қайыр мен Қамила қосылып, Үрімшіге қашады. Әсет «Салиха – Сәмен» дастанын оқып, аз күннің өзінде қолдан – қолға көшіп, жатталып кетеді.

«Қайтар жолда» басына қиындық түскенде қол ұшын берген Тоқты мен Сунуазыға Әсет арнайы барып, ақ тілек жаудырып қоштасады. «Ой, дүние-ай» бөлімінде Әсет Сауыр елін аралап, Еміл өңіріне қайтып оралғанда елінің босқынға ұшырағанын білді. Содан ауыл ақсақалы Қауменге жолығып, келесі күні жолға шығады. Жолдан Әріп ақынды ертіп, Арасан өңіріне елді аралауға аттанады. Өзінің бала күннен бірге өскен досы Омардың үйіне қонады. Осы бөлімде «Қоңыр қаз» әніне басып, сағынышы бал боп тамған Әсет әлі де елге бергенін азырқанып, бар дүниесіне қанағат тұтпайтынын сезінеді. «Құлжадағы көріністер» бөлімінде Әсет жол-жөнекей ауылдарға соғып, Дөшеттің үйінде болып, Әбіш деген өнерлі соқыр баламен танысып, Шөже ақынның жайын әңгімелеп береді. «Сеңгір таулар», «Хантәңірден ескен самал», «Соқпақтар» бөлімдерінде де жазушы Ә. Найманбаевтың Біржан сал, Ақан серіден кейін Арқа әндерінің дәстүрін жалғастырып, дамытқан ақын-әнші екенін нақты дәлелдер келтіріп, «Мақпал», «Қоңыр қаз», «Қисмет», «Майда қоңыр», «Гауһар қыз», «Әпитөк» әндерін орындату үстінде өнеге-нышан тұтатын адамдардың сипатын дәріптей ашып, оза шабатын тарландығына таңдана тамсантады.

«Көрген түстей сәттер-ай» бөлімінде Әсеттің мазасын бір дімкәстік ала беретінін сезінеді. Қадырихан Әсет аузынан біраз өлеңдерін жазып алып қалады. Үйсіз-күйсіз аяулы азаматын ардақтап, ақтық сапарына шығарып салуды қалың ел өз борышы санап, жаназасын айт намазымен бірге оқиды.

«Әсет» романында жазушы Қ. Толыбаев Әсет лирикасына тән қасиеттерді шынайы аша білген. Ақын замана шындығын шынайы суреттеу, айналасында болып жатқан оқиғалар мен құбылыстарды айқын да көркем жеткізе білгендігін жан-жақты қамтыған. Романның өн бойынан байқалатын құндылық – ақын өз ортасының ащы шындығын бейнелеп, халқының басындағы ауыр тағдырға күйзеле отырып, өзінің ақындық шеберлігін, азаматтық үнін көрсетуді мақсат тұтқан.

Әсет Арқаның әндерін бүкіл Жетісу, Тарбағатай, Алтайға жайған жалынды насихатшысы бола білгендігін жазушы айрықша көрсетуге тырысқан. Бірақ Әсеттің ақындық, әншілік, композиторлық өнерінің одан әрі дамуына кейбір әлеуметтік жағдайлар кері әсерін тигізгенін тарихтан білеміз.

Романның соңында Әсеттің елге жетуді ұлы мақсат еткенін тілге тиек етеді. 1922 жылы Қытайдың Құлжа қаласында 22 наурызда қайтыс болған Әсет Найманбаев ерте жетім қалып, жоқшылықтың зардабын көп тартады. Байлық өнер мен білімде деп таныған Әсет көп ақынға ой тереңдігімен, дүниетанымымен дес бермеген. 1916 жылы патша жарлығына байланысты дүрліккен елмен бірге Әсет те Қытайға өтіп кетеді де, қайта оралуды қанша армандағанымен, қайта алмайды.

Қ.Толыбаевтың «Әсет» романы Әсет Найманбаевтың бейнесін қоғам, уақыт шындығымен байланыстыра бейнелеген шығарма. Романның басты қаһарманы Әсетті жан тазалығы, ой-қиял асқақтығы, қайтпас сенім жалыны бар өнер тарланы ретінде сомдаған деуге болады. Сонымен бірге бұл ХХ ғасырдың басындағы қазақ ауылдарындағы тіршілік тынысын да жап-жақсы көрсеткен туынды.

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі                   

Просмотров: 181 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: