15:34
Ұлы Даланың рухани жауһары

Ә. НҰРШАЙЫҚОВ / АҚИҚАТ пен АҢЫЗ

Шынында да солай, әрине, бұл ақындық қиялдан туған үлкен мұрат. Ерлік дастаны – өмірлік дастан, ол ұрпақтан ұрпаққа кете бермек, жаңғыра бермек, жаңара бермек.

Әзілхан Нұршайықов осы бір жайды терең барлап, өз шығармасын «Ақиқат пен аңыз» деп дұрыс атаған. Бауыржан Момышұлы жөнінде тараған аңыз-әңгімелердің түпкі түйіні өмір шындығында, сол шындықтың куәсі болған бас қаһарманның мінезінде жатқандығы анық та ақиқат.

Бауыржанның даңқын алғаш кең таратып жіберген Александр Бектің «Волоколам тас жолы» атты романы болатын. Романның алғашқы бетін ашқанда-ақ, майдан картасын алдына жайып салып офицерлерге бұйрық беріп отырған Бауыржан бірден алдыңнан шығатын. Соғыс тағдырын, соғыс құпиясын жете түсініп, жүрекпен сезінбей тұрып шығарма жазам деушілік әурешілік деп, бірден тік кететін Бауыржан Момышұлы оқырмандарға сол бір мінезімен ұнаған-ды.

«Ақиқат пен аңызда» Бауыржанның осы мінезі әр қырынан көрініп, соғыс майданында, жауынгерлер алдында үлкен істерді батылдықпен шешуге батылдықпен шешуге көмектеседі. Тапқыр да алғыр, сезімтал да секемшіл, қажырлы да қайратты офицердің мінезі осы бір белгілерімен дараланған.

Майдан шебінде абырой, атаққа ие болған қаһарманның мінезін айқын ашу үшін жазушы Момышұлына дүркін-дүркін сұрақтар қойып, өзара сырласып, өзара пікір таластырып отырады да, аңыз бен ақиқаттың ара-жігін ашады. «Ұшқан ұя» мен «Москва үшін шайқаста» әңгімеленетін оқиға тізбегінен жазушы жаңа жол тауып, роман-диалогта қаһарманның психологиялық толғаныстары мен дүниетанымына айрықша зер салған.

Бұл салада жазушы ілгеріңді-кейінді баспа беттерінде жарық көрген көптеген өлең-жырлар мен очерк, мақалаларды, ел арасына кең тарап кеткен аңыз, әңгімелерді молынан пайдаланады да, орталық қаһарманның өзіне сөз береді. Сол арқылы негізгі қаһарманның жан дүниесіне үңіліп, оның бір беткей мінезіндегі терең сырды ашады. «Сізді біреулер теріс азу, тентек атағысы келген бе, қалай өзі, Бауке?» - деп сұрақ оюдың өзінде де көп мән бар. Табиғатында шындықты сүйетін жазушы осы бір оқыс сұрақтарды қоя отырып өз қаһарманының бойындағы шытқыл, тік мінезділіктің төркінін танытпақ болған.

Әртүрлі ұлттар өкілдерін сапқа тұрғызып, жеңіске үндеген командирдің берген бұйырығы, қойған талабы қатал да айқын. Қаһарман мінезіндегі осындай өзгешелікті әрбір іс, әрбір эпизодта мегзеп отыратын автор шығарманың бояуын қалыңдатып жібермей, шынайы суреттеген. Осыған орай жазушы Бауыржан Момышұлының жастық шағына барлау жасап, тік мінез, бір беткейліктің алғашқы ұшқынын сол бір балалық кезден іздейді. Үлкендердің алдына шығып, бетіне тік келгеніне қатты өкініп, өз қатесін мойнына ала білген өр мінезді жастың турашылдығы табиғи болып келеді де, осы бір өр мінезділік соғыс кезінде өрелі, пайдалы істерді батыл шешуге тікелей көмектескен.

Жауынгерлер алдында әділетті принциптілігімен танылатын Бауыржан соғыс кезінде батальон, полк командирінен дивизияны басқаруға дейін көтерілген. «Нацистерге қарсы 207 рет ұрысқа қатысып, бес рет өлімнің құрсауында қалған, екі рет өлімші болып жараланған» Момышұлының ерлік істері ауыз толтыра айтарлықтай.

Роман-диалогтың осы тәрізді ұтымды жақтарымен бірге қайсыбір жағдайда оқиға ізімен кетіп, бояуы қуқыл тартып, публицистикалық өң алып кететін кездері де бар. Осыған орай бас қаһарманның өзіне тән ерекшелікті тым көтере, әсірелеп көрсетушіліктен де роман құр емес.

Ол өзара диалог үстінде де аңғарылып қалады. Жазушы сұрақ қоярдың алдында Бауыржанның қас-қабағына көбірек қарап, шырт етпе мінезіне кездесіп қалмауды көздейді. Соның өзінде қаһарман тарапынан тік мінез, өктем сөздер елес беріп отыратындық та бар, ол отырған жерде төрге шыққандарға зекіре сөйлеп, өктем мінездер көрсетуі де басы артық дүниелер.

Қаһарман мінезіндегі осындай өзгеше белгілерді жазушы романда бүкпей, жасырмай, жаба сіркелемей ашқан. Ата-ана, туған-туысқандары жөнінде көбірек әңгімелейтін Бауыржан Момвшұлының өз шығармаларындағы эпизодтарға жазушының ден қойып отыратындығы да осыдан. (жалғасы бар)

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 410 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: