19:43
Ұлы Даланың рухани жауһары

Қ. ЫСҚАҚ / АҚСУ – ЖЕР ЖАННАТЫ

Роман сюжетіндегі барлық образдар бет пердесін сыпырып тастап, шынайы пиғылымен көрініп тұрғандай. Боқтау сөз айтсын, ожар қылық көрсетсін, бір қарағанда, оспадар жандардай әсер қалдыратын осынау қаһармандар сюжеттік-композициялық құрылымға ширақтық, өткірлік берген. Көптеген қаһармандардың өткен ғұмырын, әсіресе, жастық шағын елжірей еске алуы, сол бір балауса, кіршіксіз таза кезіндегі сырлы сезіміне бүгінгі уақыттың биігінен көз салуы үйлесімділік дарытқан.

Балалық балғын шақ, бәрінен бұрын, адамның Табиғат-Анамен байланысының ең бір берік кезеңі, ол кезең шындық пен қиял арасына қойылатын шекараның бәлендей байқалмайтын сәтімен ерекшеленеді. Сондықтан да сюжеттік желідегі әр қаһарманның сонау алыста қалған сол бір қимас кезеңіне үн қатуы, сонымен жүздесуі, қиял дүниесіне енуі лирикалық шегіністермен ұтымды берілген. Ал мұның өзі романның пішініне лирикалық сарын енгізген.

Ожар, оспадар, дөрекі көрінетін қаһармандар роман сюжетінде біртін-біртін бар болмысымен көрініп, характерлері ашыла түседі. Сюжетке қатысты нәрсе – тартыс десек, сол тартыс адам-табиғат-қоғам деген ұғымдардың төңірегінен табылады екен. Сондықтан да көп кейіпкердің өмірдегі өз орнын табуға талпынуын оқиға желілерінен қапысыз аңғарасыз.

«Ақсу – жер жаннатындағы» қаһармандарды да бірін Алтай табиғатының жанашырлары деп, бірін табиғатты таптап, ақшаның, табыстың көзіне айналдырғысы келгендер деп қарау керек. Осы жайттан бастау алған тартыс сюжеттік желіге арқау болған.

Қ.Ысқақ романындағы «Бекеттің құлағында: «тігерге тұяқ қалдырмай қырып салды» деген жалғыз сөз ғана. Қадап айтқан жалғыз сөз миына мірдің оғындай қадалып, жар басындағы көгендеулі көп шамнан жаны түршікті де, Жанжігіттен көзін жасырар кең дүниеден алданыш таппады. Қасына жақындай баруға қаймыққан. Он тоғызыншы ғасырдың мұрасынан қалған тірі экспонаттың жалғыз нұсқасының жүзіне қарауға тіксініп еді», - деген жолдар бүкіл сюжеттік желіге арқау болып тұр. Өзгені білсем екен, өзімді-өзім танысам екен деген жігіт алдымен өзі дүниеге келген жылы ұясын, жақындарын танып білді ме? Осы жайттар үлкен мақсат жолында шығуына себепкер болып, роман сюжеті барынша өткірлене түскен.

Романның соңындағы «... Төркіндеп келген кәрі кемпірдей ырғалып-жырғалып ақсирақ қоян жылы Алтай өңірінен әлі де қайтқан жоқ еді...» деген сөйлем шығарманың соңғы түйіні, эпилогі сияқты әсер қалдырғанымен, өмірдің еш уақытта кідіруді көтермейтінін, адам бар жерде тіршілік бар, тіршілік бар жерде адамдардың көші бар, күрес бар, тартыс бар деген өмірдің ұлы заңын, ұлы философиясын алған тартқандай болып көрінеді.

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 393 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: