17:10
Ұлы Дала елінің қазынасы

ҚАЗАҚТЫҢ ЕҢБЕК ДӘСТҮРЛЕРІ

Нәзір (салт, ырым). Күрделі жұмыс бастағанда (мысалы, егін салғанда, су келтіру үшін арық қазғанда, үй салғанда) бұрын әр адам «тәңірім, ісімді оңдай көр», «қайырлы ете көр» деп «нәзір» жасаған.

«Нәзір» дегеніміз ауылдас адамдарын шақырып, бір малын сойып өзінің басталғалы отырған ісінің мән-жайын айтып, аруақтарға дұға оқытып, көпшіліктен бата тілейді. «Көп тілегі көл» дегендей жиналғандар оған «алла риза болсын», «тілегің қабыл болсын», «ісің оңға бассын» деген сияқты ізгі, баталы, аталы сөздерін айтып ризалық көңілдерін білдіреді. Өзінің әр ісіне ыждағатпен, сеніммен, шын берілгендікпен қарайтын халықтың осы ізгі жол ұлтымыздың жақсы дәстүрі мен әдеп-салтының қасиетін айқындай түсетін тағы бір елдік нұсқа.

Үме (салт). «Үмеге келген үндемей қалмайды» (мақал). Үлкен, ауыр, көлемді жұмыстарды ауыл, ру адамдары «бір жеңнен қол шығарып» бас қосып, көпшілік болып, бірігіп атқарады. Соның бірі – үме. Әсіресе, қысқа мал азығы үшін жемшөп дайындағанда мал иесі жігіттерді үмеге шақырады. Қарулы азаматтар бел орақтарын шыңдап, қайрап іске кіріседі. 20-30 жігіт қатарласа тұрып орақ тартады. Бір күн ішінде бірнеше тонна шөп шабылып, әрі жиналып алынады. Үмеге ет асаймыз деген бала-шағалар да, көңіл көтеретін әнші, күйші, жыршылар да келіп өнер көрсетіп, жұрт бір серпіліп қалады. Үме – ұжымдасқан еңбек тойы. Мұндай істен ауыл азаматтары ешқашан шет қалмайды.

«Сірге мөлдіретер» (дәстүр). «Бие ағытар күні берілген қымызды «сірге мөлдіретер» дейді. Бұған ауылдың ақсақалдары мен аналараы шақырылады, олар риза болып, алғыс айтып, бата береді. Кей жерлерде мұндай дәстүрді «сіргежияр» деп те атайды. Бұл да қазақтың жомарттық салтын көтере түсетін қасиетті дәстүр.

«Сабан той» (дәстүр) – ұлттық салт-дәстүр ішінде жомарттық пен қайырымдылықтың ынтымақтығы, еңбексүйгіш елдің тағы бір қырын көрсететін еңбек мерекесі әрі той. Мұны егінші ел жасайды. Егін бітік шығып, қырманнан қызылдап, оны төкпей-шашпай, суыққа ұрындырмай мезгілінде жинап алған ел күзде «Сабан той» өткізеді. Әрине, мұнда да кең дастарқан жайылып, ақсақалдар бата береді. Палуан күрес, ойын-сауық түрлері өткізіледі. Не керек, жұрт қауырт жұмыстан кейін кең тыныс алып бір жасап қалады. Жомарттар жұртқа қап-қап «кеусен» беріп, оларды да риза қылады.

«Сабан той» мереке әрі егіншілердің еңбек қорытындысы десе де болады.

«Сыралғы» (дәстүр). «Батырдан – сауға, аңшыдан – сыралғы» (мәтел). Олжалы, қанжығасы қанданып келе жатқан аңшыдан немесе саятшыдан кездескенде сұралатын дәстүрлі, кәделі жол әрі ырым. Мәрт аңшылар мұндайда «сыралғы» сұрағанның сөзін жерге тастамайды. Есте болатын бір нәрсе бұл ұлттық әдет-ғұрып – міндет. Бірақ атып алған аң сыйлыққа жатпайды.

«Шашыратқы» (дәстүр). «Әлгі бәйбіше үйіне келіп, қатындарға шашыратқы береді» (Ә.Диваев). бұл күзде қошқардан күйек алынатын кезде жасалатын ырым. Қошқарды саулықтарға қосып, мал иелері жақсы тілек тілеп, оның үйіне қойшылар жиналып, мәре-сәре болады. Үйдің отанасы келгендерге тағам береді, ол «шашыратқы» деп аталады. Мұны малшы ауылдың дәстүрлі еңбек мерекесі ретінде қалыптастырған.

«Шідерге сигізу» (дәстүр, ырым). Халық бала 4-5 жасқа толғаннан кейін, сүндеттеу, ашамайға мінгізу, тігін тігу, жүн түту сияқты еңбекке баулып, ұлттық әдет-ғұрыптарды түсіндіріп, оны жүзеге асыра бастайды. Соның бірі – еркек балаларды шідерге сигізу. Бірнеше адам бас қосып балаға «сен енді азамат болдың, шаруаға ыңғайлы бол» деп бата беріп, алдына шідер тастап, оған сигізеді. Бұл ырым бала еңбекқор, іске бейім болсын деген ойдан туған. Шаруаға икемсіздерін «шідерге симегене неме» деп сөгеді, күстәналайды.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1079 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: