Главная » 2017 » Апрель » 11 » Ұлы Дала елі
19:33
Ұлы Дала елі

ТӨРТ ТҮЛІГІМІЗ САЙ БОЛСЫН

Қазақ малды топтап бағады. Жылқы тобын – үйір; түйе, сиыр тобын – табын; қой-ешкі тобын – отар деп атайды.

Жегін көліктерді жеккенде, байлағанда да оның жеке атаулары бар. Айталық, түйеде – мұрындық, бұйда; жылқыда – ноқта; сиырда – басжіп; қойда, ешкіде – көген. Түйені тіздейді, жылқыны матайды. Әр мезгілде малдың жүнін, қылын, түбітін алудың да атау түрлері көп. Айталық, түйені жүндейді, жылқыны күзейді, қойды қырқады, ешкіні қырқады, түбітін тарайды.

Мал балаларын төл деп атайды. Түйе төлін 1 ай, жылқы 10 ай, сиыр 9 ай, қой, ешкі 5 ай көтереді. Түйе екі жылда бір рет боталайды («Он екі түйе, он жылқы, тоғыз сиыр, бес ешкі, бір жарым қоян». Шешуі: малдың төлін көтеру мерзімі). Алғаш төлдейтін малды тұмса дейді.

Ірі мал туар кезде (түйе, жылқы, сиыр) төлін қызғанып басқа жерге қашып барып төлдейді. Мұны бошалау деп атайды. Сөйтіп, түйе боталайды, жылқы құлындайды, сиыр бұзаулайды, қой қоздайды, ешкі лақтайды.

Ірі мал біреуден, қой-ешкі екі-үшеуден төлдей береді. Біреу болса жалқы, екеу болса егіз, үшеу болса үшем, төртеу болса төртем дейді. Егер үшеуден көп туса мал иесі оның біреуін бауыздап көміп тастайды. Бұл мал өсіп кетсе, көз тимесін деген ырым. Кейде енесі өлген төлді басқа енеге немесе төлі өлген малды басқа төлді телиді. Екі енені емген төлді тел құлын, тел қозы, тел бұзау дейді. Төлдемеген малды қысыр, ал мүлде төлдемейтіндерін бедеу деп атайды. Төлсіз сауылатын малды саулы дейді.

Түйеде, сиырда төрт, жылқыда, қой-ешкіде екі емшек болады. Малдың қадір-қасиетін бағалай келіп тәжірибелі, малсақ халқымыз түйе – салтанат, жылқы – мақтан, сиыр – қанағат, қой – қазына деген екен. Бұл төрт түлікке берген әділ баға.

Түйе, жылқы, өгіз көлік ретінде пайдаланылады, шанаға, арбаға, малға жегеді, салт мінеді. Жауынгершілікте ат, айғыр мінетін болған.

Төрт түлікке оның тіршілік, өмірдегі орнына байланысты айтылатын сөздер де өте көп. Айталық, төл ауызданады, отығады, жылқы жусайды, басқа мал күйіс қайырады, яғни күйсейді. Жылқы, қой, түйе семіреді, қой шайлайды. Жазда түйенің жауы маса, сона; жылқының жауы бөгелек; сиырдікі оқыра. Осыдан жылқы бөгелектейді, сиыр оқыралайды, қой-ешкі шыбындайды. Түйені түрегеп, биені тізерлеп, сиырды оң жағынан отырып, қой-ешкіні арт жағынан сауады. Сауып жатқан кезде жүріп кеткен биені исініп кетті дейді. Оны жүріп кетпес үшін артқы екі аяғын мойнына керіп байлап қояды. Мұны күделеу дейді.

Мал тыныстағанда түйе шөгеді, басқа мал жатады. Халық тәжірибесі бойынша малдың өрісін, тынысын, жусауын бұзуға болмайды. Ондай адамдар қатты айыпталады, сөз естиді, яғни заңды, тәртіпті бұзған деп есептеледі.

Қазақ ырымы бойынша өздері белгілеген малдың басын ешкімге бермейді. Мал төлдеп жатқан кезде мал бермейді, түнде мал санамайды, малды басқа теппейді, басқа ұрмайды. Әр рудың, үйдің малдың құлағына, мүйізіне салатын өзіндік ен-таңбалары болады. Бұл таным белгісі. Біреуге мал атаса оған ен салдыртады. Бұл сенім белгісі.

Малды ауыл жаз жайлауға, күз күзекке, қыс қыстауға көшеді һәм ол мал өсіру ыңғайына қарай бейімделіп жасалады. Қыста мұзды ойып мал суарады, оны ойық дейді. Жазда мал су ішетін жерді суат деп атайды. Үйренген мал өз жайлауын, суатын іздейді. Ірі мал басқа жаққа сатылғанда немесе жіберілгенде одан қашып шығып жүздеген, мыңдаған шақырым жерден өзі туып-өскен жерін іздеп табады. Мал өз иесін, қорасын, төлін таниды.

Үй, дала жан-жануарларының көктемдегі күйлеу, ұрықтануының да өзіндік атаулары бар. Айталық, інген қайиды, бие айғырдан шығады, сиыр, қой, ешкі қашады, арқар, киік маталады, қасқыр, ит ұйығады, жолбарыс, мысық мауығады, арыстан, аю айқасады, құстар шығылысады, тағы сол сияқты.

Мал шаруашылығының қыр-сырын жете меңгерген еңбекшіл де епті халқымыз мал өнімдерін де тұрмыстық салаға қолдана білді. Оның сүйегін де, мүйізін де, жүнін де, терісін де үлгіртіп қолдана білді. Жылқы сүйегін өңдеп, қобди сандықтар бетін өрнектеді. Күзеп алған жал, құйрығынан мықты арқан есті. Сиыр мүйізінен тарақ жасады. Қой жүнінен киіз, текемет басып, кілем, сырт киім тоқыды, түйе жүнінен тоқылған шекпен кәделі, қымбат киім деп бағаланды. Шудасының емдік қасиетін де тапты.

Ешкінің қылы, түбітінен де бағалы бұйым тоқылды. Сәнді бөкебай, күртеше, қолғап, шұлық ешкі түбітінен тоқылды. Бұл әрі бағалы, әрі сәнді, әрі жылы киім.

Мал терісін шаруашылықтың әр саласына қолдана білетін де осы қазақ халқы. Жылқы терісінен аса бағалы жақы деп аталатын тон тігіп, оны құлын жақы, тайжақы, құнан жақы деп атады. Аса құрметті адамдарға жақы кигізді. Сиыр терісінен илеп сәнді ер-тоқым, барлық ат әбзелдерін оюлап, өрнектеп, өріп жасады. Қамшы өріп, кісе белбеу жасап, сәнді етік, кебіс тікті. Қой терісінен тонша, тон тігіп, «тоғыз қабат торқадан тоқтышағымның терісі артық» деп мақтанды. Одан жарғақ шалбар тікті. Ең соңы теріні тулақ етіп төсеніш етті, диірменге де пайдаланып, оны диірмен тері деп атайтын.

Асылында, қасиетті төрт түлікке орай білім, тәрбие, тіл, өнеге, үлгілердің өзі бір төбе екен. Демек, мал мәдениеті һәм этнографиясы біздің білім, таным саласында да қызмет етеді.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 86 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: