09:49
Әкім бол - халқыңа жақын бол

АУЫЗ СУ һәм МАЛ ШӨБІНЕ АЛАҢДАУЛЫ

Әлқисса, берісі ауыл, арысы аймақ әкімнің халық алдында шымылдығы жуырда ғана түрілген былтырғы жыл бойынша атқарылған я түгесілген жұмыстар хақында ашық есеп беруіне осымен сегізінші жылдың жүзі айналды. Өз мойындарына сондайма жауапкершілікті алған әкім-қаралар астындағы тағынан бұрын, өзіне сенім артып отырған халқының бағы әлдеқайда қымбат екенін әсте санадан шығармайды ғой шамасы. Данагөй қазақта «Әкім болсаң, кішік бол» деген дәйектеме әкімді де ел алдында қарапайымдылыққа жүгіндірері хақ.

Сонымен жуырда Қызылғағаш ауылдық округінің әкімі Балтабаев Е.Н. Бесқарағай ауылы тұрғындары алдында есеп берді. Бұл шараға Павлодар облыстық ауыл шаруашылық басқармасының бастығы Шарапиденов Б.С., Лебяжі ауданы әкімінің орынбасары Қасымова А.Ж., Лебяжі аудандық мәслихаты хатшысы Әлтаев Қ.М. президиумнан орын ала қатысты.

Қазіргі ауыл әкімі Еңгілік Нұрғалымұлы таққа отырғанына бір жылға толар-толмас уақыттың жүзі ғана болды. Соған қарамастан атқарылған жұмыстар менмұндалай қылаң берді де. Өз есебінде ауылдық әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің дамуына, білім мен денсаулық жағдайына һәм басқа да маңызды салаларының өткен мен бүгініне егжей-тегжейлі тоқталды. Пайыздық көрсеткіштерді, сан-цифрларды нақты мысалдар жүзінде дәлелдеп бақты.

Есепті баяндамадан соң жиналған бесқарағайлықтарға сөз кезегі берілді. Тұрғындар атынан сөз алған зейнеткер Думаш Ақатайұлы жас әкімнің есебі мен жұмысына ризашылығын білдіре келе, ауылда осы күндері көкейкесті мәселе болып отырған ауыз су мәселесіне әңгіме арнасын бұрды. Ал есеп тыңдауға келген қауымның ішінен күрделі мәселедей көлденең батпандай жатып алған мал шөбіне деген мұқтаждықты да алға тартты. Ұсыныстарды қабыл көрген ауыл әкімі аталмыш мәселелердің түйінін шешуге бағытталған жауап қайтарды. Әрине, әсіресе мал шөбінің тапшылығы биылғы қыста көптеген ауылды елді мекендерді алаңдатып отыр. Дегенмен бір амалын табатын амал бар сияқты.

Сонау аймақ орталығынан келген өкіл Бауыржан Серікпайұлы өз сөзінде бесқарағайлықтарға ауыл шаруашылық жағдайын оңтайландыру, шалғын үлескелеріне молынан су жіберу, экономикалық пайдалы жобалар, ауылға қарасты да қатысты мемлекеттік бағдарламалар, қайтарым пайызы ыңғайлы несиелеу, «Жайлау», «Сыбаға» тетіктері хақында нұсқаулық-ақпараттық жадынама жасап, ауыл тұрғындарымен емен-жарқын дидарласты.

Сайып келгенде, Ертісті жар жағалай отырған Бесқарағай ауылы өз әкімінің есебіне қанағаттанып, әлі де әлеуметтік-экономикалық әлеуетті әуелетуге қанат қомдауда аянып қалмайтынына нық сеніммен қарап отыр.

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы

Лебяжі ауданы

Павлодар облысы

Просмотров: 953 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: