02:13
Күркіреп күндей өткен сұм соғыс

ҚАҺАРМАН ПАРТИЗАНДАР

Қазақстандықтар тек майдандарда ғана емес, жау тылында да шайқасты. Елдің басқа халықтарымен бірге олар жау уақытша басып алған аумақтардағы партизандық қозғалысқа қатысты. Украинаның партизандық құрамалары менотрядтарында (толық емес деректер бойынша) 1500, Ленинград облысында 220-дан астам қазақ шайқасты. Смоленск облысындағы 15 партизан бригадалары, мен отрядтарында 270 қазақстандық ұрыстарға қатысты. Белоруссияның әр түрлі аймақтарында әрекет еткен 65 партизан бригадалары мен отрядтарының құрамында 1500-ден аса қазақстандық болды. Соғыс жылдары партизан қозғалысына қатынасқан қазақстандықтардың саны 3,5 мыңға жетті. Партизандық қозғалыстың Ғалым Ахмедияров, Ғалым Омаров, Нұрым Садықов, Қасым Қайсенов, Нұрым Сыздықов, Әди Шәріпов, Тәжіғали Жангелдин т. б. батырларының есімі көпке танылды. Халық кекшілдерінің қатарында қазақстандық әйелдер — Нұрғаным Байсейітова, Тұрғаш Жұмабаева, Жамал Ақәділова т. б. аянбай шайқасты. Еуропа елдерінде Қарсыласу қозғалысына қатысушы қазақстандықтар фашистерге қарсы күресте батырлық пен ерлік көрсетті. Поляк партизандық жасақтарында Жамбыл облысынан Салтынбек Төлешов, Шығыс Қазақстан облысынан Константин Трокин, Қарағанды облысынан Михаил Авдейчик, Қызылорда облысынан Омар Тойымбетов тағы басқалары шайқасты. Словакиядағы Турея өзені бойында казақстандық Петр Величконың басшылығымен партизандық құрама жасақталды. Чехословакияны неміс фашистерінен азат етудегі партизандық ұрыс қимылдарына алматылық Алексей Ильин, семейлік Николай Мошкин, Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғыны Жұбандық Сұранқұлов, павлодарлық Николай Тарановтар қатысты. Югославия жерінде фашистерге қарсы шайқаста көкшетаулық Телжан Желқожинов, Ақтөбе облысының тұрғыны Арық Есентаевтар ерлік көрсетті. Грекия жерінде фашистерге қарсы күресте алматылық Петр Рев, француз қарсыласу қозғалысы сапында Дәулет Қаражұмынның батырлығымен аты шықты. 1943 жылдың жазында Бельгияда фашистік тұтқыннан қашып шыққан кеңес әскерлері партизандық бөлім құрды. Олардың ішінде қазақстандық — Ақтөбе облысынан Өтеген Абдуллин, алматылық Иван Қарасев, Ақтөбеден Борис Бондаренко, Талдықорған облысынан Федор Малаховтар болды. Қазақстандық 23 жауынгер итальяндық қарсыласу қозғалысы құрамында — Қарағандыдан Тәкіш Әлпеисов, Қызылордадан Қалданбек Дүйсенбеков, Актөбеден Жаймақ Келшіков, Целиноград облысынан Николай Дрожаков және Топай Сәдуақасов т. б. жаумен қасык қаны қалғанша шайқасты.

 

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ КЕҢЕС ОДАҒЫНЫҢ БАТЫРЛАРЫ

Соғыстың басынан аяғына дейін әскери бөлімдер ретінде шайқасқан 12 қазақстандық дивизияға құрметті атақтар берілді. Олардың бесеуі — бір орденмен, төртеуі — екі орденмен, екеуі үш орденмен марапатталды. 5 дивизия (олардың ішінде Кеңес Одағының Батыры И. В. Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия да бар) гвардиялық дивизияларға айналды. Әскери ерліктері үшін жүздеген мың қазақстандықтар ордендер мен медальдармен марапатталды, 497 қазақстандық Кеңестер Одағының Батыры атанды. Бұл атақты 97 қазақ иеленді, олардың ішінде қазақ қыздары — Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметова бар. Төрт қазақстандық ұшқыш — Талғат Бигелдинов, Леонид Беда, Иван Павлов, Сергей Луганский Кеңес Одағының Батыры атағына екі рет ие болды. 1990 жылы 11 желтоқсанда көрнекті қолбасшы Бауыржан Момышұлына да осы құрметті атақ берілді. 1941 жылы Бауыржан Момышұлы аға лейтенант шенінде батальонды басқарып, Мәскеу түбіндегі шайқастарда өз құрамасын жау қоршауынан үш рет алып шықты. Соғысты Б. Момышұлы полковник шенінде аяқтады. Әділеттілік тек 45 жылдан соң, қазақтың ұлттық батыры өмірден қайтқаннан кейін ғана қалпына келтірілді. «Даңқ орденінің толық иегері» атағына 110 қазақстандық ие болды. 1941 жылы 26 маусымда әуеде от-жалынға оранып бара жатқан бомбалаушы ұшағын жау танкісі колоннасы үстіне шүйілтіп, жандарын пида еткен казақтың баһадүр ұшқышы Бақтыораз Бейсекбаев пен ұшақ экипажына 1996 жылы 2 мамырда Ресей Федерацясының Батыры атағы берілді. Рейхстагқа тікелей шабуыл жасап, оған Жеңіс туын тіккендердің қатарында қазақстандықтар Р. Қошқарбаев, капитан Б.В.Чупрета, минометші А. Бақтыгереев, пулеметші A.Е.Вицко, байланысшы К.М.Волочаевтар болды... (жалғасы бар)  

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1646 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: