12:27
Күркіреп күндей өткен сұм соғыс

Ұлы Отан соғысының басталуы

Германияда өкімет басына фашистердің келуі және олардың Еуропадағы басқыншылық іс-әрекеттері Кеңес Одағы мен гитлерлік Германияның арасында соғыстың болмай қоймайтындығын айқын көрсетті. 1941 жылы 22 маусымда фашистік Германия өзара шабуыл жасаспау жөніндегі кеңес-герман шартын бұзып, неміс армиясы соғыс жарияламастан КСРО аумағына баса-көктеп кірді. Жер бетінде болып өткен соғыстардың ішіндегі ең қатал әрі ауыр соғыс басталды. КСРО-ға қарсы соғысқа Германияның одақтастары — Румыния, Венгрия, Италия, Чехословакия, Финляндия қатысты. Гитлершілдердің жағында соғыска кіруге Жапония, Болгария, Түркия, Испания дайын тұрды. Бұл жағдай Қызыл Армияны Қиыр Шығыс пен Закавказьеде ірі әскери құрамаларын ұстап тұруға мәжбүр етті. Ұлы Отан соғысы Екінші дүниежүзілік соғыстың құрамдас бөлігі болды. Екінші дүниежүзілік соғыс орасан зор кеңістікте жүргізілгенімен, соғыс қимылдары кеңес елінің аумағында өтті. Кеңес Одағы Ұлы Отан соғысына дайындықсыз кірісті. 1930 жылдардағы әскерилерді қудалау соғыстың алғашқы күндерінде сәтсіздіктерге ұшыратты.

И. В. Сталин халыққа 1941 жылдың 3 шілдесінде радио арқылы үндеу жариялады. Оны бүкіл ел тыңдады. Қазақстан халқы соғыстың алғашқы күндерінен бастап-ақ өздерінің борышын өтеп, майдандағы армияның қатарын толықтырды. Әскери міндеттілерді әскерге алу өте қысқа мерзімде жүзеге асырылды. Тарихи әдебиеттерде бұл соғыс «Ұлы Отан соғысы» деген атқа ие болды. Бүкіл кеңес халқы ортақ жауға қарсы күреске жұмылды. Алғашқы күндердің өзінде ақын В.Лебедев-Кумач пен композитор А.Александров жауға қарсы күресте көпке ортақ әнұранға айналған «Қасиетті соғыс» әнін шығарды.

Фашистік Германияның соғыс жоспары

1940 жылы жасалған «Барбаросса» жоспарына сай Германия қысқа мерзім ішінде (6-8 апта) Архангельск-Еділ-Астрахан шебіне шығуды көздеді. Бұл қауырт соғыс — блицкригтің негізгі мақсаты еді. «Барбаросса» жоспарын жасағанда фашистік Германияның басшылары КСРО-ны «көптеген ұлттардың жасанды әрі әлсіз бірлестігі», «ішкі бірліктен айырылған этникалық конгломерат (қоспа)» ретінде қарастырды. Фашистер басып алынған кеңестік аумақта Остланд рейхскомиссариаттарын — герман провинцияларын құруды жоспарлады. Германияның Қазақстанға қатысты жоспары айқын еді. КСРО-ны жеңгеннен кейін фашистер Орта Азия мен Оңтүстік Қазақстанда бірыңғай герман аумағын құруды көздеді. Бұл аймақты «адамзатқа жатпайтын» славян халықтарынан тазарту міндеті қойылды.

1941 жылдың соңында түрік-монғол халықтарын жою жоспарланған болатын. Немістердің жоғарғы барлау мектебі болашақ отарлардың карталарының жобасын дайындап, 1942 жылдың басында «Еділ-Жайық» және «Үлкен Түркістан» мемлекеттік құрылымдарын құруды жоспарлады. Үлкен Түркістан отарының құрамына Қазақстан, Орта Азия, Татарстан, Башқұртстан, Әзірбайжан, Солтүстік Кавказ, Қырым, Синьцзянь, Ауғанстанның солтүстік бөлігі енгізілді. Қуыршақ мемлекеттерді құру арқылы гитлершілдер экономикалық және саяси мақсаттарды: ұлы герман империясы үшін қуатты шикізат және қосымша азық-түлік базасына ие болуды, кеңестер елін отарға, оның халқын құлдарға айналдыруды көздеді. Сондай-ақ Қазақстанның орталық, солтүстік және солтүстік-шығыс аудандары — Қарағанды, Новосібір және Кузнецк «индустриялық облыстарының» құрамына кіруге тиіс болды. Бұл жерлерде фашистік Германияға қызмет ету үшін украиндар, белорустар мен поляктарды, венгрлер мен Шығыс Еуропаның басқа да халықтарын қоныстандыру жоспарланды. Кейінірек қауырт соғыс жоспарларының күйреуіне байланысты фашистер өз жоспарларын қайта қарап, КСРО-ның орыс емес халықтарының өзін-өзі басқаруына уәде беруіне тура келді. Сөйтіп фашистер бұл халықтарды Мәскеуге қарсы күресте пайдаланбақшы болды... (жалғасы бар)             

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] 

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 1106 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 3.0/2
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: