11:15
Көркем сөздің құдіреті

КІЖІНУ

Ашулану, ызалану, сөзге келу, зәрлену, ренжу.

Зат есім түрі: Кіжініс я кіжің — ашу, ыза, реніш, наразылық.

Мысалдар:

1. Мұжықтар маған да ала көздерімен қарап қойып, поштабайды боқтап жатыр. «А, а, иттің баласы! Сен неге қазақтардың қолына бардың? Сволочь! Поганный! Өлтіру керек сені! Алдауыш!..» — деп кіжінді.

(С.Сейфуллин, Тар жол тайғақ кешу)

2. Оразбай кекесінмен Абай айтқан бір сөзді тістене, кіжіне тұрып, мазақ қылып қайталап айтты.

– "Сойылың жуан, сілтер жеріңді білмейсің!" – деді ғой.

(М.Әуезов, Абай жолы)

3. — «Кіжінуің көп, килігуің жоқ...» Қандай сөз? Төбемнең тап басып, дәлін айтқан сөз-ау!- дегенде, Абылғазы да қостады.

(М.Әуезов, Абай жолы)

 

ҚАЛЕТ

1. Мін, нұқсан; 2. Жаңылыс, жаңсақ, ғапілдік; 3. Мүмкіндік, жағдай.

Мысалдар:

1. Оның қалетсіз, қажырлы қимылына қызыға қараған Әбіш те қасына отырып, күнде көріп жүрген кісідей сөйлесе бастады.

(М.Әуезов, Абай жолы)

2. Мерзімді күні, атаған сағатын қалет қылмайтын ұқыпты доктор қазір келу керек.

(М.Әуезов, Абай жолы)

3. Әрине, көңілі қалаған адамына жүздесіп қайтуға қалет табар еді-ау, алайда жұмыс жоқ, дәйім жоқ, не сылтаумен қылқиып бара бермек.

(Кәрібай Ахметбеков, Ақдала)

 

ІСМЕР

Шебер, дәулескер, майталман, өнерлі.

Мысалдар:

1. Ұсақ дүкендер жанында Абайды тоқтатып жөн сұрасқан әртүрлі ұста, ісмер: балташы, тігінші, етікші және ұсақ бақалшы, жаяу жүрген кәрі, жас көп.

(М.Әуезов, Абай жолы)

2. Мәкен өнерлі, ісмер, кесте мен оюға әсіресе шебер екен. Шешесі берген үлгі, тәрбиенің оған аса бір жақсы қонған жағы осы кестеші және тігіншілік, үлгі тапқыш шеберлік зейінділігі болатын.

(М.Әуезов, Абай жолы)

3. Ол - ағаш ұстасы, жүзік-сақина соғатын ісмер адам мал емдеудің де жөн-жосығын біледі.

(I. Омаров шығармасынан)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 23 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: