23:08
Көркем сөздің құдіреті

ЕМЕКСУ

  1. Үміттену, дәмелену, сену; 2) Сүйену, медет ету, медет тұту.

Мысалдар:

  1. Ел керексіп,

Сөзге емексіп,

Не болады мақтаның?

Пейілі шикі,

Ақылы күйкі,

Осы жұрт па тапқаның?

(Абай, Бай сейілді)

  1. Абай бұған да онша емексіген жоқ. «Қасиет деген сақтаса қасиет, былғаса, таптаса, тұнығын ылайлап қорласа немесе сындырса, ол қасиет қайда кетті, соны ойлау керек қой!»

(М.Әуезов, Абай жолы: 4 том)

3. Еркектер жағы аздау да, көбі қатын-қалаш, бала-шаға. «Мүмкін оларға тимес» деген әлсіз үміт емексітіп өтеді.

(Т.Ахтанов, Шырағың сөнбесін)

4. Кәрі құлақ еміс сөзге емексиді, әкең Қасым ханның зиратына Құран оқып, мазар салғалы келген сыңайың бар секілді...

(І.Есенберлин, Көшпенділер: Жанталас)

5. Еркектерді погребке қамап жүргенде, Балуан Шолақ Татьянаға қарамауға тырысты. «Егер қарасам, - деп ойлады Балуан, - менен емексіп, қимылыма бөгет болар!».

(С.Мұқанов, Балуан Шолақ)

 

БӘЗ

Сол, әлгі, кей, сонау.

Сөз тіркестер:

Бәз біреу (бәзбір) – әлдекім, әлдебіреу, кейбіреу;

Бәз баяғы (бәз-баяғы) – бұрынғы, бастапқы;

Бәз қалпы (қалпынша) / Бәз баяғыша – ешбір өзгеріссіз, сол күйі.

Мысалдар:

  1. Қуат алып жырына бәз даладан,

Ол жанған.

Күні жоқ-ты маздамаған!

Өлісінде өнеге болғаны анық,

Тірісінде біреуге жазған Адам...

(М.Мақатаев, Қасым солай болмаса...)

2. Жоқ, бұл бөлме қойма ғана емес. Сембай әулетінің бәз заманнан бері пайдаланған көне заттарын сақтайтын музей тәрізді.

(Б.Соқпақбаев, Балалық шаққа саяхат)

3. Бәз біреулер тіршілікте жүр бекер,

Кейінгіге бір ісі жоқ үлгі етер.

(Т.Молдағалиев, Шақырады көктем)

4. Осынау жандардың ой-сезімі мен теперішке толы тағжыры қатал-қатыгез болмыстың бейнесін қазіргі оқушылар, біздерге, бәз-баяғы қалпында жеткізіп жатады.

(Ә.Кекілбайұлы, Биік мұрат)

5. Жирен бәз қалпынша, баяу шауып келеді.

Ж.Нәжімеденов, Ақ шағыл)

 

ҚИУА

Қиян; алыс, шалғай жер.

Мысалдар:

  1. Қиуадан ақыл алатын,

Қиыннан айла табатын,

Ерлерден салсам нөкерді,

Дұшпаннан кекті алатын!

(Ақтамберді жырау, Күлдір-күлдір кісінетіп)

  1. Кейде өмірдің қиуадан қисынын келтіріп, жымдастырып жіберетіні де белгілі. Сол жылы күзде Мәлік Баянауылға секретарь болып тағайындалып, Алматыға мәжіліске барғанда, баянауылдық бір қызметкердің үйінде Раушанға тағы кездесті.

(З.Шашкин, Сенім)

3. Түнқатар келе жатып ой ойлады: «Қара тиын – күрешіміз жоқ еді. Қиуадан байлықтың сап ете түсуі қалай! Неткен ырыс десейші! Бұл ырыс, бұл маңдай кімдікі?

(Ж.Аймауытов, Күмәжнек /Әмиян/)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 376 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: