17:03
Көркем сөздің құдіреті

ШАР

Жанжал, дау, шатақ.

Сөз тіркес: Дау-шар – дау-дамай, талас-тартыс, жанжал.

Мысалдар:

  1. Бұл өзіне пайдалы сөздерді ұғар.

«Жем қай жақтан түседі!» - деп, бір соны ойлап,

Сөз аяғы әр түрлі шарға соғар.

(Мәшһүр Ж.Көпейұлы, Қара өлең)

  1. Ақылың болса жарқыным

Жіберме шарға ісімді

Қадіріме жетер ең

Танымайсың түсімді.

(С.Сейфуллин, Қамбар батыр)

3. Зүбәйла ноқта емес, әр аттың басына бір ілет беретін. Ішіңнен шыққан балаң, өзі жалғыз, менің тілімді алсаң енді балаңның басын шарға салма.

(С.Мұқанов, Күрес күндерінде)

4. Әуезовтің азаматтығы – елге деген жанпида еңбектен тұрады. Шен-шекпенге таласқан дау-шар, бақай күрес емес, халықтың дәулетін, рухани байлығын арттыратын жасампаз еңбек қана азаматтық парызының өтеуі болмақ.

(Ә.Кекілбаев, Әуезов туралы сөз)

 

ЗАДА

Нәсілі, ата-тегі, тұқымы асыл адам, ақсүйек.

Мысалдар:

  1. – Сөз жарыстыруға менің де зауқым жоқ, доктор. Ал, аламандықты алға ұстап жүрген мен емес, мына өзің сияқты, қаратаяқтылар: ханшыл, бекшіл, төрешіл задалар.

(Х.Есенжанов, Ақ жайық)

2. Жақсы гүлін жаз да соған таңады,

Ол онсыз-ақ гүлдеп, кейін солса да.

Ал, жұрт одан арам шөптей танады,

Бір байқатса осалдығын сол зада.

(Х.Ерғалиев, Шекспир сонеттері: 95 /аударма/)

3. – Ағаке-ау, асыл зада сен бір ерсің,

Жадағай жапан дүзде кез келесің.

Қорықпай Қодекемнен мұнда келген,

Жүрек жұтқан жанбысың, неғып жүрсің?

(М.Әуезов, Қозы Көрпеш – Баян сұлу)

 

ДАЛАП

  1. Алқызыл я ашық қызыл түс; 2) Қазақ әйелдерінің ерніне жағатын косметикалық бояу түрі.

Мысалдар:

  1. Алысырақтағы теңселген бүйдайық ығысып, төңкеріліп, кілемін бір бүктеп, бір жайғандай құбыла түскен. Өңі далап, өзгеше далап.

<…>

Оның қызыл бояуы мол жүзі «ноғайлармен төуірсіз ғой» деген сөзге бұрынғыдан да гөрі далаптана түсті.

(Х.Есенжанов, Көп жыл өткен соң)

2. Далаптай гүлді далаңды

Тілсіз өрттей жау жалап,

Жылатқан бала, анаңды,

Шырылдатып найзалап.

(Т.Жароков, Днепр)

3. Айжанның қызыл далап жаққан жұқа ерні күл деп, жүзінен қуаныш белгісі білінді.

(З.Шашкин, Сенім)

4. Тек қала әйелдерінің әдеті бойынша ақшыл бетіне, қиыла біткен қасқабағына, жас баланың ерніндей үлбіреген ерніне әзір опа, далап, сүрме дегендердің бір де бірі тимеген.

(І.Есенберлин, Қатерлі өткел)

 

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 314 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: