11:55
Көкейкесті

ШЫҒЫН КӨЛЕМДЕРІН ҚЫСҚАРТУ – УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында еліміздің экономикасына сыртқы факторлардың әсер етіп отырғандығын айта келіп, экономикалық кеңістікте пайда болған негізгі «сырқаттың» диагнозын дәл басып айтты және оны сауықтырудың жолдары мен нақты атқарылар шараларды атап көрсетті. Мемлекет басшысы екі сыртқы фактордың әсеріне арнайы тоқталды. Біріншісі – әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуі. Былтырғы маусым айынан бастап байқалған бұл проблема барлық елдерге өз әсерін тигізуде. Сондай-ақ, еліміздің сыртқа шығарып отырған экспорттық тауарлары – түсті металл, тыңайтқыш секілді шикізаттар бағасының әлемдік нарықта төмендеп кетуі. Екіншісі – көршілес Ресей экономикасында орын алып отырған жағдайға байланыс­ты. Мәселен, Ресей рублінің девальвацияға ұшырауы. Міне, осындай факторлардың біздің экономикамызға әсерін айта отырып, Президент Үкіметке нақты тапсырмаларды дер кезінде беріп отыр. Қазақстанның жалпы ішкі өнімі былтыр 4,2 пайызға өсті. Яғни, елдегі дағдарыс Қазақстанның ішкі экономикалық жағдайынан емес, сыртқы фактордың әсерінен болып отырған жайт екендігін Елбасы орынды атап көрсетті. Егер Мемлекет басшысы ұсынып отырған дағдарысқа қарсы бағдарламаларды тиянақты қолдана білсек, біз бұл сыннан да сәтті өтуімізге негіз мол.

Президенттің айрықша көңіл бөлуді тапсырған салалары – отандық машина жасау және экспорттық әлеуетті арттыратын кәсіпорындар, сонымен қатар елдегі орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту мәселесі де қазіргі таңда сатылап ілгері жылжуда. Бұл салаларға қаржы бөлу арқылы отандық экономиканы сауықтырумен қатар жұмыспен қамту шарасын да тиімді жүзеге асыратындығымыз айтылды. Өйткені, дағдарыс жағдайында ең бірінші қоғамға әсер ететіні жұмыссыздық мәселесі.

Әлемдік геосаясат құбылып тұр. Қаржы нарығында да тұрақтылық байқалмайды. Мұнай бағасы арзандап, жаһан беймаза күй кеше бастады. Дағдарыс екі өкпеден қысып, дүниенің даму жолын басқа арнаға қарай бұрып жіберді. Осындай сын сағатында мемлекеттің мықтылығы сыналмақ. Сондықтан алда болатын қиындықтарға бүгіннен қам жасап, нақты қадамдарға бармаса болмайды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Елбасы елдегі келелі мәселелерді қозғады. Қиын-қыстау кезеңде бос ысырапшылдыққа бармай, халықты тарықтырып алмай, қайта бұдан пайдамен шығу керектігін айтты.

Биылғы республикалық бюджеттің он пайызға қысқаруы дағдарысты еңсеруге жасалған алғашқы қадам деп білеміз. Себебі қазынаның қаржысын есеппен жаратып, қажетті проблемаларды шешуге жұмсамаса, онда ертең бармақ тістеп қалуымыз мүмкін. Сондықтан бюджеттен бөлінетін әрбір теңгені мақсатты түрде шығындау қажет. «Дегенмен, мемлекеттің халық алдында мойнына алған әлеуметтік жауапкершілігі өз көлемінде өтелуі керек»,– деді Елбасы. Бұл мемлекет тарапынан берілетін түрлі әлеуметтік көмектер қысқармайды, бұрынғы көлемде төлене береді деген сөз. Мемлекет басшысы бұған дейін дағдарыс кезіндегі қиыншылық халықтың есебінен шешілмейтінін айтқан. Үкіметке берген тапсырмасы сол сөздің орындалуы еді.

Білім беру, денсаулық сақтау салаларына бөлінетін қаржының да көлемі қысқармайды. Қайта «Балапан» бағдарламасын одан әрі жалғастыру тапсырылды. Халықтың денсаулығы мен біліміне құйылған қаржы, мемлекеттің болашақтағы экономикалық ахуалын қалыптастырмақ. Сол себепті Елбасы бұл тарапта басталған жұмыстарды жалғастыру керектігін ескертті.

Дағдарыс кезінде жаңа жобалардың басталмайтыны белгілі. Дей тұрғанмен, бұған дейін қолға алынған жұмыстың бәрі аяқталады. Ол үшін мемлекет барлық жағдайды жасап, Ұлттық қордан қажетті қаржыны беріп отыр. Осы ретте Елбасы қаржыны оңтайлы жұмсауды, әрбір тиынның есепте болуын, оны қатаң қадағалауды тапсырды.

«Тікелей менің бастамаммен құрылған комиссия қаржының мақсатты түрде жұмсалуын қадағалап, барлық нәтижені өзіме баяндап отыратын болады. Әкімдерге үлкен жауапкершілік жүктеледі. «Нұр Отан» партиясы да бұл іске белсене араласып, партиялық қадағалау орнатуы керек. Ешқандай артық шығын болмауы қажет. Бюджеттің есебінен жасалатын мерейтойлар мен түрлі шараларды қысқартуды Үкіметке тапсырамын», – деді Елбасы.

Ел ішінде су ішкен құдығына түкіріп жүретіндер көп қой. Әлемдік дағдарыс Қазақстанға кеп қалғандай төндіре сөйлеп жүреді. Елді еріксіз үрейлендіреді. Елбасы ондайларды жауапкершілікке тарту керектігін айтты. «Мен тағы да Қазақстан халқына жария етемін: біз ештеңені жасырмаймыз. Қиындықтар болса, халықпен бірге көреміз және алдағы туындайтын мәселені ашық айтамыз», – деді Мемлекет басшысы.

Расында, халыққа қатты алаңдайтындай негіз жоқ. Мұны Ұлттық банктің төрағасы Қайрат Келімбетовтің өткен жыл қорытындылары мен алдағы кезеңге арналған макроэкономикалық саясаттың негізгі бағыттары туралы айтқандарынан анық байқауға болады. «2014 жылы Қазақстан экономикасының беріктігі едәуір нығайды. Елдің алтын-валюта резерві 102 миллиард долларға жетті, соның ішінде Ұлттық қор 73 миллиард долларға дейін өсті. «Нұрлы Жол» бағдарламасын жүзеге асырумен бірге алғанда, бұл 2015 жылға арналған экономикалық саясатты сенімді қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ұлттық банк биыл айырбас бағамының күрт өзгеруін болдырмауға ниетті», – деген еді Қайрат Келімбетов.

Елбасының төрағалық етуімен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасының алдағы кезеңдегі даму бағыты бойынша нақты шаралар айқындалып, тапсырылды. Бұл бүгінгі таңда қабылданған маңызды шешім болып табылады. Нақтылай түссем, Мемлекет басшысы мемлекеттің халық алдындағы әлеуметтік міндеттемелерінің қысқартылмайтынын атап көрсетуі – әлеуметтік саланың басты назарда тұрғандығын айқындайды. Әсіресе, өз нәтижелілігін дәлелдеген «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының жалғастырылуы үлкен қолдауға ие болды. Аталған бағдарламаның 2011-2014 жылдары іске асырылуы еңбек нарығындағы ахуалды едәуір жақсартып, тұрақтандырды. Бағдарламаға тартылған мыңдаған адамға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, жұмыспен қамтылды. Оның ішінде көптеген азаматқа милиардтаған теңге көлемінде шағын несие беріліп, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік берілді. Кәсіптік даярлаудан өткен мыңдаған адам сұранысқа ие мамандықтар алып шықты. Нәтижесінде, жұмыссыздық деңгейі бүгінгі күнде бірнеше саты пайызға төмендеп, халықтың табысы артуда.

Президентіміздің атап өткен күн тәртібіндегі мәселелердің бірі – жұмысшылардың жаппай қысқартылуының алдын алу, еңбек дауларын болдырмау.

Асылы сол, шығын көлемдерін қысқарту – уақыт талабы.     

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i] 

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 770 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: