16:15
Көңілден шыққан көрікті ой

ЖАҚСЫ СӨЗ – ЖАРЫМ ЫРЫС

  • Кездескен адамдар бір-біріне «Ассалаумағалейкум!» деп сәлем береді. Бұл «сізге нұр жаусын» деген сөз. Сәлем алушы «Уағалейкумассалам!» дейді. Бұл «сізге де нұр жаусын» деген сөз.
  • Таңертеңгілік немесе таң атып келе жатқанда кездескен адамдар «қайырлы таң болсын» деп тілектестік білдіреді.
  • Наурыз күні «Ұлыс құтты болсын!», «төрт түлік ақты болсын» деуді ұмытпаған жөн.
  • Жаңа жылға «жыл құтты болсын», «бақыт, табыс жылы болсын» деп құттықтайды.
  • Халық әдетінде әрбір істі, тамақты «біссімілда» деп бастайды.
  • Үйге келген кісі шаңыраққа сәлем беріп кіреді. Үй иесі сәлемін алып, жасы кіші болса қайта сәлем беріп, «хош келдіңіз», «төрге шығыңыз» деп ілтипат көрсетеді.
  • Кешкілік үйге келгендер «кеш жарық» деп кіреді.
  • Қазақ әрбір сәтті күнге, қуанышқа, мәжіліске, тойға келгенде «құтты болсын» деген игі сөзді қосып айтады.
  • Тойға жиналғандар «той тойға ұлассын» деп құттықтайды. Мұны қабыл алғандар «айтсын», «айтқаныңыз келсін», «бірге болсын» деген жылы сөздермен қарсы алады.
  • Мәжіліске немесе бірнеше адам бас қосқан жерге келген адам «орта толсын» дейді. Үйдегілер «кемісі сізбен толсын» деп орын ұсынады.
  • Жұмыс немесе іс басына келген адам «іске сәт» десе, оған «айтсын-ақ» деп жауап береді.
  • Жаңа үйленген жастарға «құсың құтты болсын», «отау берік болсын» деп құттықтайды.
  • Ас үстіне келгендер «ас тәтті (дәмді) болсын» дейді.
  • Жаңа қоныстанып жатқандарға «қоныс құтты болсын» деп жөн сұрасады.
  • Көшіп бара жатқандарға «көш оң болсын», «көш көлікті болсын» деп тілек білдіреді.
  • Жолаушыға «қайда барасыз?» деген дұрыс емес, «жол болсын», «жолдасың Қыдыр болсын», «сапар сәтті болсын» деу керек. Ол «әлей болсын» деп жөнін айтады.
  • Зат, бұйым сатып алғандарға «игілігіңе тұтын» деген жөн.
  • Киім сатып алғанға «киімің күйрек, жаның берік болсын» деп айтады.
  • Соғым сойған үйге «бұйыртып жегізсін» дейді.
  • Жаңа туған айды көргенде «ай көрдім, аман көрдім, ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп бата жасайды.
  • Ағып түскен жұлдызды көргендер «менің жұлдызым жоғары» деп тәубаға келеді.
  • Алғаш күн күркірегенде «жер көк болсын», «ақ көп болсын» деп тілек тілейді.
  • Мал төлдетіп жатқандарға «төл көбейсін» дейді.
  • Мал айдағандарға «айдар көбейсін» дейді.
  • Бәйгеге ат қосқандарға «шабар көбейсін» дейді.
  • Егін егіп жатқандарға «бір дәнің мың дән болсын» дейді.
  • Ораза ұстаған кісілерге «Оразаң қабыл болсын» деу керек.
  • Ораза кезінде біреулер ауыр сөз айтатын болса оған «менің аузым берік еді» деген жөн.
  • Адам түшкірсе «жәрәкімалда» дейді.
  • Мал түшкірсе «тұш, жануар» деу керек.
  • Шашалған адамға «май қап» дейді.
  • Жел шығарып қойған адамды «шөремді бер» деп құлағынан тартып, ұялтады.
  • Ауырған адамның көңілін сұрап, «тез сауығыңыз», «дертіңе шипа берсін» деп тілектестік білдіреді. Кешкілік аурудың көңілін сұрамайды.
  • Дүние-мүлкі, малы шығынға ұшырағандарға «қайырлы шығын болсын» деп көңілін білдіреді.
  • Тумалы болған отбасына «бауы берік болсын, өмірі ұзақ болсын» деп тілек айтады.
  • Сәбиі шетінесе «қияметте шапағатшы болсын» деп көңіл айтады.
  • Ересек адам қайтыс болса «иманды болсын» деп бет сипайды.
  • Қайтыс болған адам туралы айтқанда «жер хабар бермесін» дейді.
  • Ашу үстіндегі кісіге «пәленшеке, бір ашуыңызды маған беріңіз» деп басу айтады.
  • Төбелескен кісілерге «араша, араша» деп тоқтамға шақырады.
  • Құдайы бергендерге «құдайы қабыл болсын» дейді.
  • Қолқабыс, көмек, жәрдем бергендерге «бақытты бол», «өмірің ұзақ болсын» деп ризалық білдіреді.
  • Ризалық белгісі, алғыс айту «рақмет» деген сөзбен беріледі.
  • Тіл, көз тимес үшін «тіл-аузым тасқа», «тіпә-тіпә» деу керек.
  • Дастарқан үстінде бейпіл сөз айтылмайды. Ондай жағдайда «Дастарқан үстінде отырмыз» деп құлаққағыс жасайды.
  • «Шаңыраққа қараңыз!» Бұл астамсыған, артық сөйлеп, орынсыз мінез көрсеткен адамға айтылатын сесті ескерту.
  • Сәби жөтелсе «о, тасқа тигір!» деп жөтелді қарғайды.
  • Әрбір жетістікке, табысқа қол жеткенде, тілегің қабыл болғанда, «е, Алла, бергеніңе шүкір», «тәубе» деп шүкіршілік етуді ұмытпаған жөн.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1075 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: