11:28
Ислам және медицина

САРАҢДЫҚ

Ахлақ ақауларының бірі – сараңдық. Дін, ождан және адамгершілік тұрғысынан біреуге бірдеңе беру керек болған жерлерде бермеу және беруге қиналу. Байлығы тасыған адам сол мал-мүлкінен өзіндік зекетін, пітірін бермесе және құрбандығын шалмаса, бала-шағасының да нәпақасын толық бермесе, ол жан сараң деген сөз. Алла тағала Құран Кәрімде былай дейді:

«Хақ Тағала ихсан етіп берген мал-мүлікте сараңдық еткендер, оның зекетін бермегендер осы тірліктерімен байлықтарын сақтап қалып, өздеріне жақсылық жасадық деп ойлайды. Ал негізінде өз-өздеріне жамандық жасады. Ол мал-мүліктер жаһаннамда азап құралдарына айналады, жылан кейпінде мойындарына оралып, бастан аяққа дейін шығады» (3:180).

Хадис шәрифте: «Сараңдықтан сақтаныңдар! Өйткені сараңдық сендерден бұрынғылардың опат болуына себеп болды» делінген (Тәбйинул-Мәхарим).

Сараңдық дегенде көбінесе материалдық, яғни мал-мүліктегі ашкөздік ойға келеді. Алайда мал-мүлікпен қоса сараңдық уақытта, дене мүшеде, сөзде, ілімде және т.б. пайдалы нығметтерде де болады. Яғни бұл нығметтерді діннің үкімі бойынша және адамгершілікті қажет ететін жерлерге бермеу, қолданбау дегенді білдіреді.

Алла Тағала сыйлаған ілімді, пайдалы нәрселерді адамдарға айтпау, үйретпеу де сараңдық. Ал теріс іс көрсету, яғни қате нәрсені айту болса, одан өткен сараңдық. Мал-мүлкін қайырлы құрылымдарға, кедейлерге беруді ұйғарған кісіге: «Мүлкіңе тиіспей қоя тұр. Қазір қажеттіліктер көбейген заман. Өзіңе әлі де керек болады. Егер қазір қайырымдылыққа беріп жіберсең, ертең кедей болып қаласың» деп өзгенің істейін деп тұрған жақсылықтарына тосқауыл болу да ең үлкен сараңдықтардан.

Ахлақ ақауы болған сараңдықтың денсаулыққа қандай әсері бар екен?

Минск психиатры Николас Спрудовский көптеген аурулардың себебіне сараңдық пен ашкөздікті жатқызады. Сараңдық қылатын адамдарда жомарт жандарға қарағанда, асқазан-ішек жолдарының аурулары – асқазан ойық жарасы (язва) 6 есе, гастрит – 4 есе, жіті инфаркт 3 есе көп кездеседі екен. Оның пікірінше, жомарт адамдарға қарағанда, тері аурулары бар адамдарда, инсультпен және жоғары қан қысымымен зардап шегетіндерде бұл әсер 5 есе көп. Белорусь дәрігерлері мұны сынақтан өткізіп көрді. Олар осы жолы экономика, бюджет және қаржы тақырыбына байланысты Минск медицина мекемелері ұсынған 60 сұраққа жауап берді. тестілеудің нәтижелеріне сәйкес, 250 науқастың өзін қаншалықты сараң ұстағаны олардың ауру тарихымен салыстырылып, жоғарыда айтылған аурулармен зардап шегетіндігі анықталды. Бақылау тобы экономикаға деген қызығушылығы жоқ тағы бірнеше адамды қамтыды. Олардың барлығының денсаулық көрсеткіштері әлдеқайда жақсырақ болды.

Австрияда психосоматика ғылымының мамандары 2000-ға жуық адамды бақылай отырып, денсаулыққа зиян мынадай мінездерді тізбектеді:

- көре алмаушылық жүрек талмасын екі есе арттырады екен;

- қызғаныш ағзаның гормоналды тепе-теңдігін бұзады, ерлерде тестостеронның аз түзілуіне әсер етеді де импотенцияға әкелуі мүмкін;

- сараңдық асқорыту бұзылыстарын шақырып, анорексия мен булимияға шалдықтырады.

Қазақ бабамыз «Қауіп жегенің – қақалғаның, ажалыңа тақалғаның» десе, орыстар «Барлық дерт сараңдықтан, ал одан қалғаны көреалмаушылықтан» деп дөп басқан.

Не десек те, қолы ашықтың – жолы ашық!

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 27 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: