18:00
Имандылық ишараттары

БАЛАҒА БІЛІМ БЕРУ

Адамзаттың жаратылысы ана құрсағында қалыптасса, сол мезгілде оған тәрбие мен білімнің алғашқы қадамын дұрыс жолға қою біздің міндетіміз. Осы тұста мына әңгімені келтіруді орынды деп таптық.

Ана құрсағында бала сегіз ай болды. Ұл бала! Тар құрсақтан кең дүниеге шыққысы келіп асыға күтуде. Бірақ күннен күнге науқасы үдей түсіп, жан дүниесі сыздатып, өкініш сезімі өлтіріп барады. Тіпті жарық дүниеге шығуға қорқады, сыртқы өмірге деген құлқы да жоқ, жанын бір нәрсе жеп барады. Әдеттегідей анасы мен әкесіне жалбарынудың сәтікеліп тұр. Құдайдың құтты күні ұрыс-керіс, ол аз болғандай отағасы нәзік ана жанды ұрып та алады. Ішкендері арақ. Той-томалақ, туған күн десе алдына жан салмайды, әйтеіуір сол сылтаумен өзі де, анасы да ащы судан тартып қояды. Өмірге келмей жатып жүрегі елжіреген құрсақтағы баланың анасына деген зары...

Әкешім! Анашым! Ұрыспаңыздаршы! Өтінем, күнде-күнде жаным ауырып барады, шаршадым, мені неге естімейсіздер? Сол туған күнді тойламай-ақ қоыңыздаршы, жаным-анашым, неге сонша сол қу дүниені уайымдай бересіз, сіз қайғырған сайын мен де қиналып кетем. Одан да құран тыңдаңызшы немесе қызық әңгіме айтып берңізші. Иісі аңқыған сол арам доңыздың етін рахаттанып жейсіз, көрші әйелдермен несіне біреудің отбасына араласып өсек айтасыз? Әке! Жұмыс, жұмыс дей бергенше маған да көңіл бөлсеңізші, менің дүниеге келетініме қуанбайтын сияқтысыз. Жыламсырап: Айттым ғой, анашым, сол арам суды ішпеңізші деп, тұншығып барам, ішпеңізші!..

Бала дүниеге келді. Оның дүниеге келуін тойлап тағы да сол шайтан сумен жуып, шайды. Достарымен дастарқанда отырып ауыздарына түскен ұл баланың есімдерін қағазға жазып жеребе тастады. Қолға іліккен мағынасы да, мәнісі де жоқ бір адамның аты қойылды. Әрбір толған жасын арам сумен жуумен болды. Жеті жасқа келді. Сүннет той қалып қойыпты. Той, той, той! Құрсақта сезімтал бала осының барлығын көзімен көріп, жүрегімен сезіп келеді. Мектеп табалдырығын да аттап үлгерді.

Қараңыз, бала өсіп келеді. Тәрбиесімен ешкімнің шаруасы жоқ. Анда-санда баласын төмпештеп соғып-соғып алады. Әкенің айтқанын істемейтін баланы қайдан көрдің? Сылтауы осы. Кілең зұлымдықпен өсіп келеді. Анасының да күнделікті үзілмейтін сериалдарынан да шаршады. Теледидардың ішіндегіге өз бауырының қайғысындай қайғырып, кейде ұрсысып алады. Әке де, шеше де таңертеңнен күн батқанға дейін жұмыста. Дүниенің қамы. Үйде ғаламтор ойыны, тыр жалаңаш, ұяттан жұрдай адамдардың қылықтары, қан-жоса, атыс-тартыс шетелдің фильмдері. Баланың кешке дейінгі жұмысы осы. Күн батса, сыныптас құрбыларымен қыдырып таүлгереді. Қайтсін үйде онымен айналысатын ешкім жоқ.

Жұмыстан шалдығып клеген ата-ана бір-біріне де қарауға мұрша жоқ, апыр-топыр не ішкендерін білмей жастыққа жантая кетеді. Әкесінің байлығына сеніп жүрген бала сабақ оқысын ба? Ақшасы жоқтардың да балалары оқып қарық қылып жүрген жоқ әрине, оны айтпасқа болмас. Мектепті де бітірді. Он жеті жасқа дейін баланың құлағына: «Балам, сен бай болуың керек, ақшасы мол маман иесі болуың керек, қазір заман сондай, мансап кімде болса, билік те соның қолында», - деген пікір құйылып келеді. Жоғары оқу орнына түсті. Өз білімімен түскендей шіренеді. Бес-алты жыл да өте шықты. Мыңдаған долларға сатылып алынған қызыл диплом! Тағы той! Ішкілік! Бұл жолы бала да бір-екі рөмке ащы судың дәмін татты. Өмір деген, шынымен-ақ, тез өтіп барады екен. Әке-шеше аздап қартайғандай. Баяғы ішкен-жегендері, бүйірлерін инемен шұқылағандай тесіп барады. Екеуі де науқас. Ақшаны аяған жоқ. Жаны ышқынып бара жатса қайтсін, байғұс?» шетел асып бармаған жерлері жоқ. Ақша көмектеспеді. Әлжуаз халге жеткен екеуі енді ғана балаларының қамын ойлағандай сыңай танытты:

Әкесі: Анасы! Осы соңғы уақытта баланың тәрбиесі бұзылып жүрген сияқты, түнімен үйді көрметйінді шығарды. Айтқан тілді алмайды, бірдеңе десең бұрқылдайтын әдетті де шығарыпты. Жастар ғой қыдырсын, қатарынан қалмасын деп бір-екі мәрте дискотекаға бара ғой деп едім, енді сол жын ойнаққа баруын үдете түскендей.

Анасы: (Кінәні әкеден көріп!. Е-е, отағасы, өзің емес пе жастайынан қолын бір қақпадың, айтқанын істедің. Ол ештеңе емес, сабағын оқуды да қойды, мені қатты мазалайтыны осы.

Әкесі: Оу, енді осы жаман қылықтарды үйреткен мен емес шығар. Баламды ең мықты оқу орнына түсірдім, қатарының алды болсын деп жақсы киіндірдім, ешкімге алаңдамасын деп көлік алып бердім, бұдан басқа оған қандай жақсылық керек өзі?

(Уақыт өтті. Барын төгіп, кедейдің бір жылдық тамағын, жетімнің екі жастық тамағын, байдың бір күндік тамағын дастарқанға жайды. Асқазандарын араққа тойдырып, қарайып тұрған жүректері одан сайын қарая түсті. Дастарқан басында ақ сақалды ата да, ақ жаулықты апа да, ана да, әке де, бала-шаға да бар. Келген қонақтардың біреуі темір тұлпар, екіншісі тірі тұлпар, кейбіреулері көк қағаздың бес-алтауын сыйға тартып кетті. Ішті, жеді, секіріп биледі, шаршады, таң атты, күйеуі әйелін, әйелі күйеуін сүйемелдеп, кешірерсіз, төрт аяқты жануарлардан ешқандай айырмасы жоқ, тек адамша өлеңдетіп үйлеріне тарады, той бітті. Арада көп уақыт өтпеді).

Бала: Пәленше, түгенше деп, әке-шешесінің атын атап, біз келіндеріңізбен бірге бөлек шығамыз, сіздердің өмірлеріңіз, түсініктеріңіз басқа, ал біз жаспыз дегендей, анда-санда келіп тұрармыз деді. (Мұны қалап отырған жаңадан түскен келінжан еді. Ең болмаса, бір ай өтпей-ақ бұл пікірге көне салған да баласы еді).

Әкесі: Балам-ау! Ең болмаса, бірнеше ай келіннің қолынан шай ішейік те. Бөлек шығаруды өзіміз де дұрыс көреміз. Сенен басқа баламыз болса қанекей...

Анасы: Иә, отағасы дұрыс айтады. Келінмен бір шүйіркелесіп әңгімелескен де жоқпыз. Баламыздың рахатын осындайда көрмесек?

Баласы: Біз шешім қабылдап қойдық. Тек үй алатын ақша берсеңіздер болғаны.

Аурушаң әкесі ескіше әдетіне салып: Еркетайым-ау! Туыстардан да ұят қой. Әлі келіннің жүзін көрмегендер де бар. Оның үстіне мына анаң да, мен де науқаспыз, біраз айыққаннан кейін...

Бала: Айттым, болды. Неге түсінбейсіздер. Біз өзімізше өмір сүргіміз келеді. (Бөлменің түкпірінде құлақ салып отырған, өзі де осындай отбасында тәрбие алған келін тыпыршып, көне қойса екен деп ол отыр).

Анасы: Балам-ау! Неге дауыс көтеріп сөйлейсің? Саған жағдайды түсіндіріп отырмыз ғой. Әуелі сен бізді түсінуің керек емес пе? Тойға түскен табысты да есептеп үлгермедік.

Бала: Сүйіктімнің көңілін қалдырғым келмейді. Оған келісімімді беріп қойдым.

Әкесі (жүрегі қысылып): Сонда қалай, осы уақытқа дейін сені аймалап, бағып-қаққан ата-анаңды тыңдамайсың ба? Е болмаса, анаңды аясаңшы?! Айтқан тілді ала ғой, балам. Бірнеше айдан соң өзіміз де үй алып, бөлек шығарармыз.

Бала: Жетер енді! Айтқанымнан қайтпаймын. Маған ақша бермесеңдер менің атыма жаздырған атамның ескі үйін сатып, қаладан шағын үй алам. (Үйдің кілтін қалтасына, әйелін қасына алып есікті бір теуіп шыға жөнелді. Артынан: «Балам, балам!» деп зар жылап ата-анасы қалды).

Шындыққа тура қарайықшы! Біздің тәрбиеміздің негізі осы ғой. Жоқ! Тәрбие бұлай болмайды, жалпы өмірді мұндай бейшаралықпен өткізуге бола ма? Айналдырған қамшының сабындай қысқа өмірді осындай сорақылықпен өткізсек, қандай отбасы бақыты, Отан, жәннат бізге бұйырады?

Оның сара жолы біреу ғана. Ол –тәрбие. Рухани, діни негіздегі қазақы тәрбие! Аллаһтың хақ жолы. Бұдан басқа шешім жоқ. Жоқ, әлде, әлгіндей өмір ұнай ма? Мұндай өмірдің қай жері ұнайды. Балаларымыз осылай шайтанның жетегінде жүрсе, аһ ұрып әке-шеше мұңға батса, баланың рахатын көреміз деп, азабын тартса, ақыры тозақ болса, несі жақсы?

Ата-ананың тәлім-тәрбиесі қандай болса, қоғамның да мінез-құлқы сондай болмақ. Өйткені, халық та, қоғам да, Отан да ата-анадан, айналдырған екі адамнан құралады. Сондықтан, ең әуелі адамның өзі дұрыс болу керек. Өзі кір адам біреуді қалайша тазалайды? Өзі қисық адам басқаны қандай құралмен түзетеді? Ата-ананың көңілі далада болса, баланың көзі қайда болады?

Сөзімізді түйіндей келгенде, «балам дейтін әке болмаса, әкем дейтін бала» қайдан болсын! Бала ішіндегі арман-тілектерінің барлығын бөгделермен бөлісіп, үйіне жат адам болып өсіп жетіледі. Ал, «балам аш қалмасын, қатарынан кем болмасын» деп тіршіліктің күйбеңімен жүргенде ата-ана байғұс, күндердің күнінде бетіне бақшиып қарап, «ә» де «мә» деп тұратын яки көше мен теледидардан көрген тәрбиесінің бәрін өздерін елемеген ата-анасына көрсеткенде, өзінің емес өзгенің баласын көргенде, жағасын ұстап, зар жылайды.

Сол себепті, балаға білім беру тәрбиенің сыңары екендігін есте ұстаған абзал. Бүгінгі техниканың дамыған кезінде өз заманына сай білімді де, білікті баланы жетілдіру тағы да ата-ананың борышы болмақ. Айталық, соның бірі әрі бірегейі хакім Абайдың өлең жолдарындағы: «Баламды медресеге біл деп бердім...» деп жырлағанынан артық мысал болмаса керек-ті. Олай болса, бұл мәселені де жан-жақты қарастыру өте маңызды. Ал, қазақ еліндегі діни тәрбиенің және мектеп-медреселердегі діни білім ошақтарының қайта қалыптасуы осындай жәйттердің алдын алудың бір жолы деп білен жөн.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 407 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: