10:55
Имандылық ишараттары

БАЛАҒА БІЛІМ БЕРУ

Әлбетте, қазақ халқында «Баланы жастан...» деген даналы сөз бар. Бұл ретте баланың білімі маңызды екендігі негізге алынады. Өйткені, «Біздің заманымыз – өткен заманның баласы, келер заманның атасы» деген аталы сөзінен анықталады. Сондай-ақ, «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген даналықтың астары да тәрбие мен білімнің аясында қарастырылуы назарда болған.

Міне, мұндай даналы сөздердің барлығы келешек ұрпақтың қоғамнан алар орнын анықтағандай сипатқа ие. Шындығын айту керек, бүгінгі қоғамда жастарымыз діни білімді алуға қол жеткізді. Алайда, оның қандай деңгейде жүріп жатқандығы нақтылануы тиіс сияқты. Жас ұрпақ жастайынан біліммен қоса діни тәрбиені де бірге алып өссе, өскенде мүмкін ғалым болар, не жақсы мамандық иесі болар, бірақ, өзіне, еліне, халқына пайдасы тиетін жақсы азамат болып өсуі еш күмән туғызбайды.

Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ елі ислам діні мен араб жазуын қабылдағаны VIII ғасырдан бастау алады. Мұсылман мектептері мен медреселерінің өріс алуы ІХ-ХІІ ғасырлар аралығына келіп тіреледі. Сонау саманилердің тұсында діннің таралуы өзгеше болып тұрған шақта көп жағдайда негіз болған діни оқу орындарының ашылуы. Атап айтқанда, Бұхара, Самарқанд, Үргенч үлкен мәдениет ошағына айналып, осы қалаларда көптеген медреселер ашылды. Онда тек қана шариғат ілімдері оқытылатын болған. Бұл кезінде ислам дінінің таралуына негізгі арқау болған деуге болады. Мұндай медреселердің ашылып, діни мамандарды әзірлеу ислам дінін Орта Азияда таратудың дәуірлегені соншалық, тіпті, халифат заманында да мұншалықты болмаған деседі. Өйткені, тарихшылардың айтуына қарағанда Бағдат қаласында медреселердің ашылуы тек ХІ ғасырды көрсетеді. Бұл жайлы В.В.Бартольдтің деректерінде мынадай мәліметтер келеді: «ХІ ғ. Алғашқы медресе Бағдатта, ХІІ ғ. Каирде, ал XIV ғ. Мароккода салынған». Ал, Саманилердің дәуірі Х ғасыр.

Расында, кезінде Бұқара саманилердің ғылыми-мәдени орталығ болып есептелінген. Соның жемісі болса керек, орта ғасырдағы атақты әл-Хорезмидің «Астрономиялық кестесі», ибн Синаның «Медициналық каноны», әл-Фарабидің «Өлең өнерінің қағидалары», Фирдоусидің «Шаһнамасы» секілді шығармалардың, ғылыми-тұжырымдық озық ойшылдардың белгілі болуы.

Тағы бір айта кетерлік жайт, мұсылман мектептері мен медреселерінде сауат ашу жолы «иманшарттан» басталған, екінші оқу жолы «Әптиекті», яғни Құранның жетіден бір бөлігін жаттап, арабша жазу үйренген. Медреселер тек мұсылман ресімдерін таратушы ғана емес, ірі мәдени орталық қызметін де қоса атқарған. Сондықтан, атақты ақындар, ағартушы ретінде танылған зиялылар осы медреселерді тәмамдаған.

Келесі бір мәселе мұнда оқу мерзімі шәкірттің алғырлығына қарай ұзартылып, қысқартылып отырған. Кейде 15-20 жылға дейін созыла берген. Оқуды тәмамдаған шәкірттерге ресми құжат табыс етілген. ХІІІ ғасырда монғол-татар шапқыншылығы білімнің тежелуіне үлкен әсер етті. Исфиджаб, Отырар, Сайрам, Тараз, Түркістандардағы медреселердің кітапханалары өртеніп, шығыс ғұламаларының мыңдаған еңбектері жойылды. Дегенмен, XVI-XVIII ғасырлардағы діни мектептер мен медреселер қазақ жеріне қайта тарала бастады. Бұл мектептер халықтың өз қаражатымен жұмыс істеді. Сондай мектептердің бірі – Семейдегі «Ахмед Риза» медресесі, онда ұлы ақын – абай білім алған.

Жоғарыда келтірілген мәліметтерге қарағанда, қазақ елі қашан да аузынан Алласын тастамайтын, дін мен ғылымды қатар алып жүретін білімді әрі парасатты жас ұрпақты тәрбиелеп өсіріп келген. Бұған мысал, кешегі батыр бабамыз Бауыржан да Шымкент қаласындағы медреседе діни тәлім-тәрбие алған.

Ал, бүгінде еліміз Қазақстан білім ордалары діни оқу-ағарту жұмыстарын енді қолға алып келеді. Еліміздегі медреселердің ресми түрде жүйелі жұмыс жүргізіп келетіні осының көрсеткіші. Бұл бір жағынан діни білімге жол ашса, екіншіден, жастарымыздың сонау ықылым заманнан бері ата-бабамыз ұстанып келетін хақ Ислам дінінен безіп, дәстүрлі емес өзге жат діндердің жетегінде кетуіне тосқауыл болады. Қала берді, ішкілікке, нашақорлыққа, жыныстық азғындыққа салынып шала бүлінуіне жол бермеуді қарастырады.

Міне, мұның бәрі өз кезегінде жастарымыздың жат діннің жетегінде кетуіне, мысық тілеулес миссионерлердің өз миссияларын Қазақстан аумағында емін-еркін жүргізуіне тыйым салуда септігін тигізері хақ.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 396 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: