20:57
Имандылық ишараттары

ИСЛАМДАҒЫ БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Шындығында, ұрпақ тәрбиесіне Ислам діні ұстындарында ерекше мән беріледі. Қасиетті аяттар мен хадис шәрифтерде ұрпақ тәрбиесінің тым әріден, яғни адамның үйленбей тұрып жақсы жар таңдауынан басталатындығы айтылады.

Омардың (р.а.) халифалығы кезінде бір адам оған баласын ертіп келіп: «Ей, мұсылмандардың әміршісі! Мынау – менің ұлым. Өзіме қарсы шығып, жапа шектірді», - деп шағымданады. Омар (р.а.) балаға қарап: «Құдайдан қорықпайсың ба? Баланың әке-шешеге қарсы шыққанын кімнен көрдің? Ата-ананың ақысын білмеуші ме едің?» - деп ұрсады. Бала еш қаймықпай: «Мырзам, айтып тұрғаныңыз әке-шешенің ақысы. Ал, баланың ақысы жоқ па?» - деп сұрайды. Омар (р.а.): «Иә, ата-анада баланың да ақысы бар. Ең әуелі үйленерде баласына ана болатын жақсы жар таңдауы тиіс. Тәрбиесіз қызға үйленсе, болашақта туылатын балаға қиянат жасаған болады. Баласы туылғанда оған жақсы ат қоюы керек. Сосын ес білгенде оған Аллаһтың кітабы Құранды үйретуі керек», - деп санап береді.

Мұны естіген бала: «Уа, мұсылмандардың әміршісі! Әкем жоғарыдағы айтқандарыңыздың ешбірін орындаған жоқ. Біріншіден, менің анамды құл базарынан сатып алған. Оның өткен өмірі белгісіз. Екіншіден, маған қара қоңыз деген мағына білдіретін «Жуал» деген нақұрыс ат қойған. Үшіншіден,Құраннан бір әріп те үйретпеді», - деп зарлап қоя бергенде Омар (р.а.) баланың әкесіне бұрылып: «Балаңның қиянат жасағанын айтып шағымданасың. Негізінде, сен оған қиянат жасағансың. Бұл қателік алдымен өзіңнен кеткен. Енді амал жоқ. Бар, жолыңды тап», - деп шығарып салады.

Сондықтан да, ізгі ұрпақ болуын қалаған жан ең әуелі балаға жақсы ана таңдауы, кейін жақсы ат беруі, одан кейін үйлендіруі, кейін жақсы тәрбие беруі керек.

Бүгінде кейбір ата-аналардың баласына бір тілім нан тауып беру үшін күнкөрістің қамымен үй бетін көрмей, тіршілік етіп жүргені ащы да болса шындық. Осылайша, отбасының материалдық әл-ауқатын жақсартамын деп жүргенде бала тәрбиесі деген ұғым тіпті шет қалып жатады.

Қызығы, балаға рухани тәрбие берудің маңызды екендігін де кейде естен шығарып жататын жайымыз бар. Алайда, балалардың болашақта тікен немесе гүл болып өсуі, тәтті немесе ащы жеміс беруі себілген дәнге, яғни оған берілген тәрбиеге байланысты екендігін, әсте ұмытпағанымыз жөн. Сондай-ақ, шалағай берілген тәрбиенің соңы ата-ананың өзін де, ұрпағын да өкінішке, бақытсыздыққа душар етуі әбден мүмкін.

Бүгінде қоғамдағы жастарымыздың арасындағы келеңсіз жәйттердің орын алуы осының бір мысалы. Мектеп қабырғасындағы оқушының жүкті болғандығын естуіміз күнделікті қалыпты жағдайға айналып барады. Айталық, мектепте жоғары сыныптың оқушы қызы жүкті болғандығы жайлы хабар тарағанда көпшіліктің мұны кәдуілгі жай деп қабылдауы таңдандырғаны рас. Он екі гүлінен бір гүлі ашылмаған қыздың мұндай іске баруына кімді кінәлайсыз? Ата-анасын ба, әлде жігітті ме? Жарайды жігіт кінәлі болсын делік. Алайда, олай емес екен. Өйткені, мәселенің анықталғанда қыздың ата-анасы қызының қайда жүріп-тұрғандығына мүлде мән бермейтіні, тіпті, қыздарының бар екендігі ұмыт болған сыңайлы. «Әй!» дейтін қожа, «қой!» дейтін қожа болмағандықтан, оңы мен солын танымайтын қызды қалай кінәлайсың?

Міне, тәрбие беру деген міндет назардан тыс қалғандықтан, әрине, бала өзінің тәрбиешілерін тауып алады. Бұл бір ғана мысал. Мұндай жәйттердің неше түрлісін естіп, біліп те жүрміз. Біздің мақсатымыз оқиғаларды айту емес, мәселенің шешімін табу. Дерттің дауасын іздестіру. Бұл ретте тәрбие тал бесіктен басталатынын алға тартсақ, баланы тәрбиелеуді бесіктен емес, ана құрсағында жатқаннан бастаған абзал дегенді айтқымыз келеді.

Қорыта келе, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) айтқандай, «көңіл жайдары» әрі ата-анаға берілген сый болып табылатын балалардың аманат екендігін естен шығармаған абзал. Сондықтан балалардың материалдық қажеттіліктерін қамтамасыз етумен қатар, рухани қажеттіліктерінің де өтелуіне баса назар аударуымыз қажет. Ата-ана Аллаһтың өздеріне нәсіп еткен мұндай нығметін зая кетірместен, тәрбиелеп өсірулері тиіс. Олай болмаған жағдайда, Аллаһтың алдында мұның жауабын беру аса қиынға соғады. Алайда, балаларымызды тәрбиелемес бұрын ата-ана мына ережені жақсы білуі керек: «Егер баламыздың кемшіліксіз болғанын қаласақ, өзіміз кемшіліксіз ата-ана болуымыз шарт».

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 397 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: