15:33
Имандылық ишараттары

ИСЛАМДАҒЫ БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Қазіргі заманымызда кейбір ата-аналар баласының жағымсыз қылықтары мен жүріс-тұрыстарын айтып шағынады. Тіпті, осы тұрғыда психологтардан ақыл-кеңес сұрап та жатады. Алайда, көп жағдайда сондай келеңсіздіктердің себебі ата-аналардың өздерінен болып шығады. Өйткені, сол ата-аналардың бұрыннан өздері түрлі қателіктерге ұрынған, психологиялық тежелістерге шалдыққан жандар болып шығады. Өздерінің қате-кемшіліктерін түсінбеген сондай ата-аналар сәбилерінің неліктен өзгергеніне қатты таңданып жатады.

Сондықтан да, бала тәрбиесі ата-ананың өздерін-өздері тәрбиелеуден, өз-өздерін жақсы халге өзгертуден басталады. Бала тәрбиелеудегі басты алғышарттардың бірі де осы. Хадис шәрифте дүниеге есігін енді ашқан нәресте табиғатының таза, ахлақ, кіршіксіз саф болып туылатындығы, әрі бұл тазалықтың Жаратушының әу баста жаратқан түпнұсқасы екендігі айтылады.

Бұрынғыдан қалған нақыл сөзде «Адам баласы жақсы да, жаман да қасиеттермен туылады, ал бірақ өтірікті қоршаған ортадан алады» делінген. Бұл ата-ана баласына өтірік айтпауы керектігі жайлы мынадай риуаят бар. Абдулла ибн Амир былай дейді: «Бір күні үйімізде Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.) отырғанда анам: «Бері кел, бірдеңе беремін», - деп мені шақырып алды. Сонда Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.): «Оған не бермекші едің?» - деп сұрады. Анам: «Бір түйір құрма бермекші едім», - деді. Сонда Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.): «Егер ештеңе бермегеніңде, саған бір өтірік жазылар еді», - деді.

Ислам діні бойынша ата-ана балаларына жас кезінен бастап жақсы-жаман және күнә-сауап нәрселерді үйрету, түсіндіру, әрбір іс-әрекетін сол бойынша орындауға дағдыландыру керек. Балаға ең алдымен Аллаһтың жалғыздығын, Оның еш теңдесі жоқ, Ол барлық нәрсені Жаратушы, Бақылаушы, қияметте барлық жан Оның алдына жиналып, істеген амалдарынан сұралатындығын, жақсы амалдары үшін сый, ал жаман әрекеттері үшін жазаға тартылатындығын, қысқасы, дұрыс ақиданы (сенім) түсінікті тілмен үйретуі керек.

Балаларын сүйіспеншілікпен тәрбиелеу әр ата-ананың міндеті. Бұл тұрғыда біздің идеалымыз – Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.). пайғамбарымыз (с.ғ.с.) сәбиге өте мейірімді, балажан болған. Ол бірде балаларын еміреніп сүймейтінін айтқан бәдәуиге: «Алла тағала жүрегіңдегі мейіріміңді алып қойған болса, мен не істейін енді?» - деп реніш білдірген. Себебі, мейірімділікпен өскен бала да мейірімді болады. Мейірімділік жүректі жібітіп, оның жұмсақтығын жоғалтпауын қамтамасыз етсе, қатыгездік пен салқындық керісінше, жүректі қатайтады.

Тағы бір хадисінде Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай дейді: «Кімде-кімнің қыз баласы болса, оған жақсы тәрбие берсе, жетерліктей ішіп-жегізсе, Алла тағаланың берген нығметінен молынан берсе, ол қыз оған береке кіргізеді, әрі тозақтан құтқарып, жәннатқа кіруге себепкер болады».

Баланы жеті жасқа толғанда намазға баулып, Аллаһтың алдындағы міндеттерін, яғни мұсылмандық парыздарын үйренуге тәрбиелеген жөн. Өйткені, Құран Кәрімде: «Үй ішіңе намаз оқуды әмір ет, өзің де сабыр сақтап үнемі орында» («Таха» сүресі, 132-аят), - деп бұйырылған. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 420 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: