21:06
Имандылық ишараттары

ИСЛАМДАҒЫ БАЛА ТӘРБИЕСІНІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Әлбетте, жарық дүниеде ата-ананың бақыты, қуанышы, арманы – бала сүю. Әрбір ата-ана Аллаһ тағаладан жақсы перзент беруін тілейді. Сол баланы тәрбиелеу, оны жетілдіру өте маңызды. Дініміз Исламда бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Өйткені, баланы тәрбиелеу сонау көне заманнан бері күні бгінге дейін күн тәртібіндегі маңыздылығын жоймаған. Бүгінгі бала – елдің ертеңгі болашағы. Келешегін ойлайтын саналы ел ертеңгі күні бүгіннен жоспарлап, бүгіннен ойластырары хақ. Сондықтан болса ерек, дана халқымыз бала тәрбиесіне еш уақытта бей-жай қарамаған. «Баланы жастан ...», «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген нақыл сөздер осыны айғақтаса керек.

Тәртіпті де тәрбиелі ұрпақ өсіру – отбасылық өмірдің негізгі мақсаттарының бірі. Сонымен бірге, Аллаһ тағаланың сауабы көп амалдардың бірі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) риуаят еткен хадистерінің бірінде бала тәрбиесінің исламдағы орнын былай атап өткен: «Әкенің баласына жақсы тәрбиеден артық берер сыйлығы болмас» (Тирмизи, Бирр).

Тағы бірі: «Кімде-кім үш қыз өсіріп, оларға жақсы тәрбие берсе және оларды (жақсы жерге) ьұомысқа берсе, жақсылық жасаса, Аллаһ тағала ол кісіні жәннатына кіргізеді» (Әбу Дәуіт, Әдеп).

Жалпы, бала дүниеге келген кезде пәк, Ислам болмысы негізінде туылады. Содан кейін ата-анаға аманат етіледі. Ата-ана бұл аманатты тиісінше өз дәрежесінде орындауы тиіс. Бұл ретте, бала тәрбиесінде келешекте оның қай бағытты таңдайтындығында ата-ананың рөлі өте маңызды. Мұны мына хадисте ашық түрде баяндалғанын көреміз: «Туылған әрбір сәби Ислам бойынша дүниеге келеді. Кейін ата-анасы өз діндеріне қарай оны яһуди, христиан немесе мәжуси етеді».

Міне, ата-ана өз баласының болмысы бұзылмауы үшін оларға жастайынан ақиқатты үйретуі, дұрыс жолда тәрбиелеу керек. Олай болмаған жағдайда, Аллаһтың алдында жауапқа тартылады. Бұл жайлы Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) мына хадисі келтірілген: «Барлықтарың шопансыңдар және әркім бағып жүрген малына жауапты. Патша да бір шопан және ол қол астындағыларға жауапты. Ер кісі де бір шопан, ол отбасы мүшелеріне жауапты. Әйел кісі де күйеуінің үйінің шопаны және ол да өз ісіне жауапты... Қысқасы, барлықтарың шопансыңдар және әркім өз міндетіне жауапты» (Бұхари, Мүсілім).

Бұл хадистерде ата-анаға, әсіресе, әкеге бала тәрбиелеуде үлкен міндет пен үлкен жауапкершіліктің жүктелгенін аңғарамыз. Тіпті, хадисте әкенің жауапты болатыны өте анық түрде айтылып өткен.

Өмірлік жолдас ретінде салиқалы жар таңдау бала тәрбиесі үшін басталатын алғашқы қадам. Хадисте: «Діндарлығы мен мінез-құлқы көңілдеріңнен шығатын жан жолықтырсаңдар, қыздарыңды тұрмысқа беріңдер. Олай істемеген жағдайда, жер бетіне бүлік, бұзақылық жайылады», - делінген.

Омардан (р.а.) әкенің баласы алдындағы міндеттері қандай деп сұрағанда: «Оған жақсы ана таңдау, жақсы ат қою және Құран үйрету», - деп жауап берген. Сондықтан, Аллаһ тағалаға «Бізге салиқалы ұл мен қыз нәсіп еткейсің!» - деп дұға жасаанымыз жөн.

Балалық шақ және жасөспірімдік кезең адам өміріндегі сенім, мінез-құлық, ахлақ сияқты басты ұстанымдарды қалыптастыратын мезгіл. Бұл мезгілде тәрбиенің бесігі – отбасы. Отбасының үлгі бола алуы – игі ұрпақты тәрбиелеп шығаруда басты рөл ата-анаға жүктеледі. Өйткені, өмірінің алғашқы кезеңінде нәресте қоршаған ортадан бұрын ең жақын жанашырлары – ата-анасына еркелейді. Солардан үйренеді, еліктейді. Халқымызда «Әкеге қарап ұл өсер, анаға қарап қыз өсер» деген даналық сөздің түпкі байламы осы.

Жалпы, отбасы тұлға шынығып, шыңдалып, қалыптасатын орын. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Міне, жанұя жағдайында баланың тұлғалық қасиеттері бірте-бірте қаланады. Содан кейін осы қаланған қасиеттер әдетте ешқандай өзгерістерге ұшырамайды да мызғымас тұлғалық тұтастыққа айналады. (жалғасы бар)

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 423 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: