20:40
Имандылық ишараттары

БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАР

Әлбетте, Ислам діні бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Ол жайлы қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде келтірілген. Бұл аяттар мен хадистердің басты ұстанымдарында адам баласының осы жарық дүние есігін ашқаннан ақыретке дейінгі қағидаттары қамтылған. Бала ұрпақ жалғастығы ғана емес адамзат баласының өмір жалғастығы ретінде танылады. Сол себепті мұндай мәселелер өзекті.

Нәрестеге ат таңдауда да басты талаптар бар. Есім ғұмыр бойы онымен бірге болады. Егер есімі нашар болса, оған көптеген кедергілер, ыңғайсыздықтар тудырады. Ал бұл өз кезегінде баланың бойында есімін қойған адамға деген жеккөрушілік сезімін тудыруы мүмкін. Сондықтан, есім таңдағанда оны жан-жақты қарастырған жөн. Яғни, ол сөздің мағынасына, көркемдігіне, нәрестеге үйлесімділігіне, оның жас кезінде, есейгенде және қартайғанда жарасымды болуына аса назар аудару керек.

Нәрестеге ат таңдау негізі әкенің құқығына жатады. Өйткені, оның есімі дүниеде де, ақыретте де нәрестенің есімімен қатар тұрады. Жазылғанда да әкесінің есімімен бірге айтылып, жазылады. Тіпті, әкесі қайтыс болса да, нәрестенің анасымен ажырасып кетсе де, айталық, сәбиді көрмесе де, оған көмек бермесе де бәрібір.

Әбу Дәуіттің «Сүнән» атты кітабында Әбу Дәрда риуаят еткен хадисте Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.): «Сендер Қиямет күні өздеріңнің есімдеріңмен және әкелеріңнің есімдерімен шақырыласыңдар, сондықтан да, есімдеріңді жақсартыңдар», - деген. Сол үшін баланың атын таңдап қоюға ең бірінші оның әкесі лайықты.

Есімді әкесінің өзі қояды немесе жұбайына ұсынады. Қаласа, екеуінің ортасында жеребе тастауына да болады. Дей тұрғанмен, әке-шешесі баланың атын қоюға басқаларға рұқсат та бере алады. Айталық, атасыа, әжесіне деген сияқты. Әрдайым үлкендерді құрметтеп тұратын қазақы салт-дәстүр бойынша баланың атын көбіне ата-әжелер қойып жатады. Осы тұрғыдан алғанда бұл дұрыс. Сондай-ақ, баланың атын аса қадірлі, тақуа, ізгі жандарға, ғалымдарға да қойдыруға болады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) көптеген сахабаларының балаларының аттарын қойған.

Нәрестеге жақсы есім қою бұл баланың атына заты сай болып өсуіне ықпал етеді. Айталық, балаға батыр кісінің есімін қойсаң, бала өскен сайын һәм ол кісінің ержүректігін таныған сайын өзін соған қарай бейімдеп өседі. Мысалы, баланың аты Әбу Бәкір болса, сахаба Әбу Бәкір (р.а) секілді, Омар болса, хазреті Омар (р.а.) сияқты, Осман, Әли деп есім қойылған болса, солар секілді салиқалы болуға тырысады. Біздің де халқымыздың кемеңгер ұлы тұлғаларының, айталық, Абай, Ілияс, Шәкәрім, Ахмет деген сияқты т.б. есімдерін қойсаң, бала өсе келе, «жақсыдан шарапат» дегендей, солар сынды елдің мақтанышы болмасына кім кепіл?!

Ал енді баланың атын Мұхаммед деп қойсаң, сол атқа лайық болып өсуге талпынады. Сол үшін Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) тағы бір хадисінде: «Әкеге жүктелген міндеттің бірі – балаға көрікті және рухани есім қою», - дейді (Бәйхаки).

Расын айту керек, соңғы уақыттары батыстың жат мәдениетіне еліктеп, кейбір ата-аналар өз перзенттерін мән-мағынасы жоқ, қайдағы бір есімдерді қойып жатқан жайы бар. Жоғарыдағы хадисте айтлығандай, балаға, ең алдымен, көрікті және рухани есім қоюымыз керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Балаларыңа пайғамбарлардың есімдерін қойыңдар, әрі есімдердің Аллаһ тағалаға ең сүйіктісі – Абдуллаһ («Аллаһтың құлы»), Абдуррахман («Рахманның құлы»)», - деген.

Шариғат бойынша кейбір есімдерге тыйым салынады. Айталық, Рахман, Жаппар, Әзиз, Рақым, Мәлік және т.б. осындай есімдер Аллаһ тағаланың көркем есімдері болғандықтан, бұларға қатыстырып қойғысы келген кісілер Аллаһтың есімдеріне «абдун-абд», яғни «құл» деген мағынаны білдіретін сөзді тіркестіріп қою керек. Сонда Абдуррахман, Абдужаппар, әбді мәлік болады.

Сондай-ақ, осы есімдерді өзгертуге байланысты айта кететін тағы бір мәселе бар, ол – қазіргі қазақ қоғамындағы дінге бет бұрған бауырларымызға қатысты. Хадистерде айтылғандай Аллаһтың Елшісі (с.ғ.с.) тек жаман мағына беретін жағымсыз, сұмпайы есімдерді ғана өзгерткен. Жағымды мағына беретін есімдерді сол күйінде қалдырған. Ал: «Мен намаз оқыдым, дінге бет бұрдым. Сондықтан да, есімім де таза мұсылманша болу керек», - деген пікір жаңсақ түсініктен шыққан. Әсілінде, таза қазақы түбірлі есімдер де мұсылман есімдері, оларды мұсылман есімдері емес деп айтуға әсте болмайды. Өйткені, Аллаһ тағала адамзатты ұлттар мен ұлыстарға бөліп, әрқайсысын өз ерекшеліктерімен жаратқан. «Мұсылман болу үшін тек таза араб тіліндегі есімдерді алу керек, қазақ тіліндегі есімдер надандықтың белгісі немесе таза мұсылман аттары емес» деп ойлау осы жаратылысқа қарсы шыққандай.

Сондықтан, кейбіреулердің жап-жақсы мағына беретін Берік, Болат, Жанұзақ, Серік т.б. сияқты қазақтың есімдерін арабша Талхаға, Ясирге, Абдуррахманға өзгертулерінің ешбір жөні жоқ. Бұл – жалаң еліктеушілік. Жоғарыдағы хадистен аңғарғанымыздай, Қиямет күні әрбір пенде өзінің алғашқы қойылған есімімен шақырылады.

Мұсылмандық салт бойынша нәресте туылған соң жетінші күні шашын алып, сол шаштың салмағындай күміс яки алтын мөлшерінде садақа беру керек. Бұл амалдың екі түрлі пайдасы бар. Бірінші, денсаулыққа пайдасы, яғни, шаш алу нәрестенің құйқасының, жалпы ағзасының күшеюіне әсер етеді. Екінші, әлеуметтік пайдасы, оның шашының салмағындай садақа беру мұсылман қоғамындағы әлеуметтік ынтымақты нығайтады.

Нәрестенің шашын алуға мынадай хадистер дәлел бола алады. Бір риуаятта Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) қызы Фатиманың (р.а.) ұлдары Хасан мен Хусейн, қыздары Зейнеп пен Умму Гүлсімдер туылғанда, олардың шашын алып, сол шаштың салмағындай садақа бергендігі туралы айтылған.

Ал, ибн Ысхақтың Мұхаммед ибн Али ибн әл-Хусейннен жеткізген хадисінде Аллаһтың елшісі (с.ғ.с.) қызы Фатима Хасанды босанған кезінде: «Уа, Фатима! Оның шашын алып, сол шаштың салмағындай күмістен садақ бер», - деп бұйырған.

Сөзімізді түйіндей келгенде, Ислам діні бала тәрбиесін еш назардан тыс қалдырған емес. Баланың тәрбиесі жайлы қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистері жетерлік. Алайда, оған амал келтірудің жөні болмай тұрғаны ақиқат. Жоғарыда келтірілген тәрбиенің басты ұстанымдарына өз дәрежесінде амал етсек, онда адамзат баласының бұл жарық дүние есігін ашқаннан ақыретке дейінгі қағидаттары сақталған болар еді. Мұндай қағидаттардың сақталуы баланың қоғамдағы алар орнына тигізер ықпалы мол. Сол себепті, ұсынылған ұстанымдарды баланың ғана емес, келешектің де саналы жалғасы ретінде танылуына жол ашады деп білген дұрыс.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 534 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: