20:17
Имандылық ишараттары

БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАР

Әлбетте, Ислам діні бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Ол жайлы қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде келтірілген. Бұл аяттар мен хадистердің басты ұстанымдарында адам баласының осы жарық дүние есігін ашқаннан ақыретке дейінгі қағидаттары қамтылған. Бала ұрпақ жалғастығы ғана емес адамзат баласының өмір жалғастығы ретінде танылады. Сол себепті мұндай мәселелер өзекті.

Отбасын құрып, отау тікеннен соң жұбайлардың сүйеніші, мақтанышы, қуанышы – сәби. Яғни, ата-ана үшін бала өмірдің сәні. Сондықтан, кез келген ата-ана Аллаһ тағаладн жақсы перзент беруін тілейді. Ал перзент отбасының шайқалмауында үлкен рөл атқарады. Расын айту керек, кейде кейбір отбасында сәби дүниеге келмей,балаға зар болып, бармақтарын тістеп жатса, кейбір ата-ана баласының болғандығына кейіп, қарғысын жаудырып жатады. Десе де, ата-ананың жақсылық жасауына бірден-бір құқылы адамдарының бірі – перзенті. Өйткені, бала – Аллаһ тағаланың аманаты. Раббымыз олардың тәніне де, жанына да жақсы тәрбие беруді өсет еткен.

Осыт ұрғыда балаларымызға жасаған әрбір үлкенді-кішілі істеріміз – мойынымыздағы міндетті орындау болып табылады, әрі бізді Аллаһқа жақындататын сауабы мол игі әрекеттердің бірі саналады. Ислам діні ата-ана мен баланың қарым-қатынасын жақсы деңгейде болуын үгіттей келе, ата-ананың разылығы мен перзенттің ризашылығын Аллаһ тағаланың разылығы деп біледі.

Сондықтан, ата-ана баласына жақсы тәрбие берерде, ең алдымен, ықылас-ниетін дұрыстап, әрі мұы Аллаһ разылығы үшін орындау қажет. Дегенмен мұнда екі жаққа да маңызды, яғни ата-ана мен бала арасындағы қатынаста аса назар аударатын жайттар бар. Айталық, перзенті алдында ата-ананың мынадай міндеттері бар:

Ата-ана перзенттерінің арасын алаламай әділ көңіл бөлуі қажет. Әсіресе, оларды жақсы көрген кезде барлығын бірдей жақсы көру керек. Кей уақытта ата-ана ұл-қыздарын бірін-бірінен артық көріп жатады, тіпті кейбіреуін сүйіп аймалап жатса, екіншісін жекіп, ұрсып тұрады. Алайда бұл дұрыс емес.

Қай уақытта, қандай жағдайда болмасын ата-ана балаларының арасын бөле жармай не берсе де әділ болып, ешқайсысының көңілін қалдырмауы тиіс. Әрине, балаларға деген сүйіспеншілік пен мейірімділік әрдайым болу керек. Бірақ қайткен күнде де орта жолды ұстанған жөн. Өйткені Құран кәрімде: «Мал-дүние мен бала-шаға дүние тіршілігінің ғана сәні...» («Кәһф» сүресі, 46-аят) делінген.

Сондықтан, тек бала-шағаның қамын күйттеп кетпей, о дүниеге пайда келтіретін жақсылықтарды да естен шығармау ләзім. Тағы бір аятта: «Ол күні дүние-мал да, бала-шаға да пайда бермейді. Бірақ кім Аллаһқа шынайы жүрекпен келсе ғана пайда береді» («Шұғара» сүресі, 88-89 аяттар), - делінген.

Ата-ана ұлы мен қызына бірдей қарау керек. Жоғарыда айтқанымыздай, ата-ана балаларының арасын бөліп жармай, әрқайсысының өз орнын біліп, әділетті болуы тиіс. Кейбір отбасында жұбайы ұл емес қыз босанғандықтан, көңілдеріне қаяу түсіп, ренжіп жатады. Нәрестенің ұл немесе қыз болуы біздің еркімізде емес. Құран Кәрімде: «Көктер мен жердің иелігі Аллаһқа тән. Аллаһ қалағанын жаратады. Кімге қаласа, қыздар, кімге қаласа, ұлдар береді. Немесе ұлдар мен қыздарды жұп-жұбымен береді. Сондай-ақ, қалағанын бедеу етеді. Күдіксіз ол толық білуші, аса күшті» («Шұра» сүресі, 49-50 аяттар).

Сондықтан, Аллаһ тағала перзент сыйлағаннан соң, оның жынысына қарамай жақсы тәрбие беріп, бағып-қағу міндет. Ата-ана тек шүкіршілік білдіріп, Аллаһ тағаланың разылығы үшін үлкейтіп, дұрыс көңіл бөлуі тиіс.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 479 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: