20:09
Имандылық ишараттары

БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ БАСТЫ ҰСТАНЫМДАР

Әлбетте, Ислам діні бала тәрбиесіне көп көңіл бөледі. Ол жайлы қасиетті Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде келтірілген. Бұл аяттар мен хадистердің басты ұстанымдарында адам баласының осы жарық дүние есігін ашқаннан ақыретке дейінгі қағидаттары қамтылған. Бала ұрпақ жалғастығы ғана емес адамзат баласының өмір жалғастығы ретінде танылады. Сол себепті мұндай мәселелер өзекті.

Ата-ананың тағы бір міндеті – баланың материалдық қажеттіліктерін өтеу. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде: «Бір адамның қайыр жолында жұмсаған ақшасының ең жақсысы – отбасына жұмсаған ақшасы», - дейді [2].

Сол үшін оларды дұрыстап ішкізіп-жегізіп, өмірлерін баянды етуі керек. Ата-ана бұл үшін Аллаһтың алдында жауап беретін болады. Сондай-ақ, ана емізулі сәбиін де Аллаһьың әмір еткеніндей мерзіммен емізуі қажет. Аятта: «Емізуді тәмамдағысы келген кісі үшін аналар балаларын толық екі жыл емізеді» («Бақара» сүресі, 233-аят), - делінген.

Айта кету керек, кейбір ата-ана жағдайларының жоқтығынан бала туғысы келмейді. Оларды асырай алмайтындықтарын сылтау етеді. Сол үшін, тіпті, кейбір әйелдер жатырындағы баласын да алдырып тастайды. Не үшін бұлай істегенін сұрай қалсаңыз, тұрмыс жағдайларының нашарлығын алға тартады. Ал Аллаһ тағала бұл жайында Құран Кәрімде былай дейді: «Бір де кедейшіліктен қорқып, балаларыңды өлтірмеңдер. Біз оларды да, сендерді де қоректендіреміз (ризық береміз). Расында, оларды өлтіру үлкен қателік» («Исра» сүресі, 17-аят).

Дана халқымыз «Қой егіз туса, бір уыс жусан артық шығады» деп текке айтпаса керек. Сонымен, ата-ана балаларының тек материалдық жағдайын жақсартып қана қоймай, олардың жоғары білім алып, белгілі мамандық иесі болуына, ең бастысы, иманды, бойында адамгершілігі мол азамат ретінде жетілдіріп, тәрбиелеу керек. Біз жоғарыда ата-анаға жүктелген бірнеше міндеттерді айтып өттік. Енді перзентке де қойылатын міндеттерді еске салып өтейік.

Ата-ана бізді мәпелеп өсіріп, ер жеткізіп, азамат болуымыз үшін қолынан келген барлық мүмкіншілігін жасап тәрбиеледі. Сондықтан, біз де ата-анамызға құрмет көрсетіп, қартайған шағында олардың көңілін қалдырмай соңғы деміне дейін аялап қарауымыз керек. Аятта: «Аллаһқа құлшылық етіңдер. Оған ешнәрсені ортақ қоспаңдар және әке-шешеге жақсылық жасаңдар» («Ниса» сүресі, 36-аят), - делінген.

Хадисте: «Аллаһтың ризалығы ата-ананың ризалығында, Аллаһтың ашуы ата-ананың ашуында», - деген (Тирмизи). Сондықтан, ізгілік атаулының ең биігі – ата-ананың ризалығын алу. Яғни, ата-ананы риза ететін кез келген мәміле мен қарым-қатынас, кез келген тәсіл-шара жақсылыққа жатады. Дәлірек айтқанда, ата-анаға қарай, қамқорлық жасау, оларды бағып-қағу – перзенттің ең басты міндеттерінің бірі. Ал оларға қарсы сөз айту, оларға құрметсіздік көрсету – үлкен қателік, үлкен күнә.

Құран Кәрімде бұл жайын былай дейді: «Раббың Өзіне ғана ғибадат етулеріңді, әке-шешеге жақсылық жасауларыңды әмір етті. Ал егер ол екеуі қастарыңда (көз алдарыңда) кәрілікке жетсе, «Уһ» деме. Сондай-ақ, ол екеуіне зекіме де, ол екеуіне сыпай сөз сөйле. Ол екеуіне кішірейіп, мейірім құшағын жай да: «раббым! Ол екеуі мені кішкентайымнан тәрбиелегендей, Сен де оларды мейіріміңе бөлей гөр!» - де» («Исра сүресі, 23-24 аяттар).

Сол үшін ата-анаға құрмет көрсету парыз әрі шексіз сауап. Сондай-ақ, ата-ананы бұл дүниеде құрметтеп қана қоймай, бұл дүниеден өткен соң да оларды еске түсіріп, айтқан өсиеттерін бұлжытпай орындау керек. Олар үшін Аллаһ тағаладан кешірім тілеп, артынан дұға жасап тұру – перзенттік борышымыз.

Сөзімізді түйіндей келгенде, ата-анаға құрмет етудің шегі жоқ. Ал ата-ананың бала тәрбиесіне көңіл бөлмеуінің залалы үлкен. Яғни, перзент мол жеміс үміт ететін бау-бақша іспеттес, бұл жас бақтарға, балғын бұлақтарға көңіл бөлмесек, дер кезінде суарып зиянды нәрселерін тазартпасақ, өсіп өркендеп, қанат жаюына қажетті жағдай жасамасақ, олардан жеміс күту барып тұрған ақымақтық болар еді.

Ендеше, ертеңгі күні орныңды басушы, бақытыңның нысаны, артыңнан өзіңе дұға тілеп игілік әкелетін перзенттер қалдыруды назардан тыс қалдырмаған абзал.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 392 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: