17:17
Футболдан әлем чемпионаттарының тарихы

Мексика – 1986

Статистиканы сөйлеткенде

Ақтық дода:

31 мамыр – 29 маусым 1986 ж., Мексика

Қатысушылар саны:

24

Ойындар жүйесі:

Командалар төрт командадан іріктелген алты топқа бөлінді, қарсыластар өзара бір-бірімен топта ойнады, он алты мықты құрама олимпиалық жүйе бойынша 1/8 финалдан бастап ақтық ойынға дейін плей-офф кезеңінен өтеді

Өткізілді:

52 кездесу, оларды 2 407 431 көрермен тамашалады, бір ойынға орта есеппен 46 297 адамнан келді

Соғылды:

132 гол (орта есеппен 2,54)

 
 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 
   
   
   
   
   
 

Pique - талисман ЧМ - 1986Мексика әлем біріншілігін осымен екінші рет өткізуге ие болған тұңғыш ел болды. Шынтуайтына салғанда, осынау жағдай мәжбүрлі түрде болды. Себебі сол – экономикалық қиындықтарды желеу еткен Колумбия жарысты өткізуден бас тартқан соң, мексикандықтардың қызметіне жүгінуге тура келді. Екі түрлі себептермен ғой Мундиаль-1986 басқа әлем біріншіліктері қатарында ерекше орынға ие. Біріншіден, бұған дейін жоғары шеберлік көрсетіп келген һәм ақтық ойынға әрдайым шығуды басты мақсат тұтқан құрама командалардың асықтары алшысынан түспей қалуынан. Айталық, тамаша ойын өрнегімен көрермендер ықыласынан шығып жүрген Бразилия, КСРО, Дания, Франция сынды құрамалар нәтижелері өздері күткен межеден әлдеқайда алыстап кетті. Ал екінші бір себебі ретінде 1986 жылғы дода футболдың ауқымды ұжымдық реңкі туралы тезисті жоққа шығаруын көлденең тартуға болады. Тұңғыш рет әлем чемпионатын жалғыз футболшы Диего Марадона жеңіп алғандай болды. Оған дейін де мундиальдарда жасындай жарқыраған ұлы футболшылар әлем біріншілігі алтынын жеңіп алды емес пе. Айталық, әйгілі Пеле алтынды бақандай үш мәрте иеленді. Бірақ бразилдік құрамада Пеледен басқа да жұлдыздар болғанмен қоймай, Пелені құрамадан алып тастаған сәттің өзінде жеңісті қолдан бермеген. Ондай жағдаят 1962 жылғы чемпионатта орын алғаны белгілі де. Ал 1986 жылғы Аргентина құрамасынан Марадонаны алып тастағанда, қандай жағдай орын алатын еді? Аргентиналықтар өз тарихында екінші әлем біріншілігін жеңіп алатыны тым күмәнді болғанға ұқсайды.  

Топтық кезеңде қызықты, мазмұнды һәм нәтижелі ойын өрнегін түзе білген Дания және Кеңес Одағы құрамалары көпшіліктің оң пікіріне ие болды. Дегенмен 1/8 финалда олар ойда жоқта тиісінше Испания және Бельгия құрама командаларына жол беріп қойды.

Ал әлем чемпиондары ше? Осыдан төрт бұрынғы біріншілікте сияқты итальяндықтар өз жүрістерін тым баяу бастады. Италия құрамасының жанкүйерлері тарихта қалған испандық біріншіліктегі шешуші ойындарда оқысынан оңтайлы жаққа өзгеріп шыға келген футболшыларына деген сенімді жоғалтпады. Бірақ бұл жолы осынау дүмпу болмай қалды. Француздар құрамасының «саперлері» Платини мен Стопира итальяндық қақпаға бастар жолды сәтімен тазалап, екі дүркін оған иелік етті. Сонымен де әлем чемпиондары жарысты таза ағылшынша тастап кете барды. Олардың бұлайша кетуін ешкім сезбей қалды. Ал егер ондайлар табылып қалған жағдайда, мұндай сәтке ешқандай өкініш білдірген де жоқ.   

Футболды айырықша бағалайтындар үшін жеребенің ширек финалда Франция және Бразилия құрамаларын текетірестіріп қойғаны өкінтіп қойды. Екеуінің біреуі жүлдесіз қалуға мәжбүр болды. Аталмыш кездесу әдемілігімен де, тартыстылығымен де, қызықтығымен де тым тартымды өрбіді. Үзіліске дейін бразилдік Карека және француздық Платини голдарды алмастырды. Негізгі уақыт аяқталуға он бес минөт қалғанда бразилдіктер он бір метрлік айып добын соғуда мүлт кетті. Мұндайдың хас шебері Зиконың өзі қобалжып, тура қақпашыға соққыны бағыттады. Жүйкенің сыр беруі һәм жұқаруы... Ойын тағдырын шешкен он бір метрлік айып соққысы сериясында сол жұқарған жүйке сыр берді тағы. Платини, Сократес сынды мықтылардың өзі мүлт кетті... Нәтижесінде бразилдіктер жарыстар жолынан шығып қалды. Қан қоздырар әділетсіздік. Олар Мексикада бес кездесу ойнап, оның төртеуінде жеңіске жетті де біреуін тең аяқтады. Қарсыластар қақпасына он доп тулатты да өздеріне жалғыз ғана гол жіберіп алды. Осынау керемет сандық көрсеткіштерге һәм техникасы жоғары, шебер ойын көрсеткеніне қарамастан бразилдіктер доданың медальдарысыз қалды. Ал ГФР құрама командасы бразилдіктерден қарағанда ойын жағынан да, сан көрсеткіші жағынан да (3 жеңіс, 2 тең ойын және 2 жеңіліс, 8 – 7 доп айырмасы) әлсіз көрінді, ал жеме-жемге келгенде екінші орынды жеңіп алды. Еріксіз езуге күлкі үйірер өмірлік мысал әлем чемпионаттарының ойналу жүйесінің жетілмей қалуы жайын  артығымен дәлелдеді.

Аргентина – Англия арасында өткен ширек финалға үлкен қызығушылық туды. Бұл кездесудің айналасында бәрінен бұрын футболдың жанындағы кертартпа қозды. Кек сақтағыш тілшілер есінде кезінде Англия жерінде өткен 1966 жылғы әлем чемпионатында осы құрамалар арасындағы ойыннан соң  орын алған жанжал һәм ағылшын жаттықтырушысы Альф Рамсейдің аргентиндықтарға қаратылып айтқан жағымсыз пікірі қалып қойды. Сонымен бірге тілшілер Фокленд аралдары үшін Англия мен Аргентина арасындағы жуырда ғана аяқталған әскери қақтығыстарды да еске түсірді. «Күйік дәмі татығанға» құмарлар футбол алаңында да соғыстың жалғасын тағатсыздана күткен-ді. Абырой болғанда, футболшылар қолдан жасалған мұндай сорақылыққа бой бермеді де екеуара кездесуді тәртіпті түрде өткізді. «Бомба» сонда да жарылып тынды. Екінші таймның басында Марадона ағылшындық қақпашы Шилтонмен әуедегі допқа талас кезінде бәз бір сиқыршыдай епті әрекет жасап қақпаға допты... қолымен сүңгітіп жіберді. Ағылшындық джентельмендер аңырады да қалды. Бүкіл әлем алдаудың куәсі болды. Тек Тунистен келген һәм ойынға төрелік еткен арбитр Бен Насеур ғана осынау масқараны көрмеген болып шықты. Мексикандық күн көзінің жарқын сәулелері оның көздерін көлегейлеп тастаған болар. Ойыннан соңғы пресс-конференцияда Марадона: «Допқа қолым тиген болса, онда ол қолды Құдайдың қолы деп қабылдаңыздар», - деп мәлімдеді.

Дәл сол ойында орын алған келеңсіздіктен соң Марадона голды қолсыз-ақ соға алатындығын дәлелдеді. Шебер слаломшы сияқты ол ағылшындар қақпасына қарай алаңның жарты бөлігін емін-еркін бағындырып өте шықты да, алда кездескен барлық «кедергілерден» мүдірмей өтіп, соңында жасыл алаңға «ептілікпен» қақпашы Шилтонды «жайғастырды» да, Диего фантастикалық гол салды. Осынау керемет әдіспен ол екі голды жартылай финалда бельгиялықтарға да соқты. Міне солай, өзінің шынайы көшбасшысының жігерлі ойыны арқылы аргентиналық құрама ақтық ойынға дейін зымырандай жетіп барды.   

Егер аргентиндықтар ақтық ойынға ұшып барса, екінші финалшы ГФР құрамасы «әуе» жолымен емес, жермен жетуді қалады: неміс командасына бұл жолы жер үстінде парлауға жеңілдік пен жігер жетіспей қалды. Бұған дейін әлем чемпионаттарында ГФР құрамасы ешқашан осындай мазмұны жұтаң, қозғалысы ауыр ойын өрнегін көрсетпеп еді. Тек қана олардың бойында қалған үлкен ерік, жағдай қандай бір қиын жағынан өрбуіне қарамастан соңына дейін бел кеткенше күресу демеу боп қалды. Уругвайлықтармен болған кездесуде ойын аяқталуға бес минөт қалғанда олар жеңілістен құтылып кетті. Шотландия құрамасынан гол жіберіп алған олар ақыр соңында жеңісті жұлып алды. Ал Марокко құрамасы қақпасына жеңіс голын ойын аяқталуға бір минөт қалғанда соқты. Жарыс қожайындарын тек қана ойыннан соңғы он бір метрлік айып соққысы сериясында ғана ұтты.

Ақтық ойын аяқталуға он бес минөттей уақыт қалғанда немістер аргентиндіктерге 0:2 есебімен ұтылып жатты. Біткен жер осы шығар?! Бірақ әсте олай емес. «Үмітсіз – шайтан» деген қанатты сөз ГФР құрамасының әрдайым ұраны ғой. Осы жолы да ол осыған сенімді боп қалды. Жеті минөт өтпей жатып Руммениге мен Феллер есепті 2:2 қылды. Үзіліске дейін уақытты соза түсуге таптырмас мүмкіндік туды. Жарты сағатқа шақталған қосымша уақытта неістер «әлі де көрерміз кім кімді ұтарын» дегенгі тым сенімді еді. Ұлы Диего алаңда ойқастап ойнаған сәтте сәл де болса босаңсуға бола ма?! Жоқ, әрине. Ол өзі гол соқпаса да, бүкіл алаң периметрі бойынша әріптесі Бурручагаға керемет те тамаша «алтын» пас бағыттады. Командаласы мүлт кетпеді – 3:2! Аргентина – чемпион! Марадона – чемпионаттың ең үздік футболшысы!

     

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 864 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: