19:04
Футболдан әлем чемпионаттарының тарихы

ГФР – 1974

Статистиканы сөйлеткенде

Ақтық дода:

13 маусым – 7 шілде 1974 ж., ГФР

Қатысушылар саны:

16

Ойындар жүйесі:

командалар әрбірінде төрт командадан төрт топқа бөлінді, командалар өзара бір-бірімен топта ойнады, әр топтан шыққан екі мықты құрамадан құралған сегіз команда тағы да екі топқа бөлінді, бір-бірімен топта ойнады,  екі топ жеңімпазы чемпиондық тәжді сарапқа салды, қос топта екінші орынды иеленген командалар үшінші орын үшін таласты

Өткізілді:

38 кездесу, оларды 1 774 022 көрермен тамашалады, бір ойынға орта есеппен 46 685 адамнан келді

Соғылды:

97 гол (орта есеппен 2,55)

Әлем чемпионаттарына деген қызығушылық ұдайы артып отырды. ГФР стадиондарында рекордтық көрсеткіш деп танылған 1 миллион 881 мың көрермен тамашалады. Телекөрермен аудиториясы да айтарлықтай кеңіді: ойындарды 100 елдің милиардтан аса футбол сүйер көк жәшіктен және тамашалады.  Чемпионат матчтарын 5 мың тілші ақпараттандырды. Санауға құмарлардың есебінше, әр футболшыға шамамен 12 тілшіден келген екен. Жарысты ұйымдастырушылардың табысы да рекордты болды – 31 миллион доллар!

Tip and Tap - талисманы ЧМ - 19741972 жылы Мюнхенде өткен жазғы Олимпиада ойындарын үзе жаздаған лаңкестік әрекеттерді есте сақтаған ел өкіметі қажетті қауіпсіздік шараларын мықтап қолға алды. Әр ойынды 600-ден бастап 1000-ға дейін полиция қалтқысыз назарда ұстады. Тікұшақтар стадион трибуналарындағы жағдайды жіті бақылады. Футболшылар тұрақтаған қонақ үйлерде тәулік бойы полицейлер һәм штаттағы детективтер кезекшілік атқарды. Автоматпен, радарлық құрылғымен және бронетехникамен қаруланып-жабдықталған әскери бөлімшелер соғыс қимылдарына көшуге сақадай сай дайын тұрды. Абырой болғанда, бұлардың ешқайсысы да қажет болмай қалды.

   

Кубок мира ФИФАБіріншіліктің  он алты қатысушысы Бразилияда «мәңгілік мекен тапқан» «Нике құдайын» алмастырған үр жаңа «ФИФА-ның әлем Кубогі» үшін қызу тартысқа түсті. Дәстүрге айналған ереже бойынша бірінші кезеңде төрт топта өзара жарыстар ұйымдастырылды. Чемпионаттың жаңалығы болған екінші кезеңде бірінші кезеңде топтардан дараланып шыққан екі жеңімпаз «әркім әркіммен» жүйесі бойынша тағы екі топқа бөлініп жарыстарды жалғастырды. Екінші кезеңде екінші орынға ие болғандар жүлделі үшінші орын үшін таласса, қос топ жеңімпазы ақтық ойында кездесіп, чемпионды анықтады.

Чемпиондық тәжге айқындырақ үміткерлер ретінде ГФР және Бразилия құрамалары саналды. Дегенмен жарыстың топтық кезеңінде екеуі де таң қалдырарлық ештеңе тыңдырмай, топтан шығудың басты міндетін орындады. Айталық, екі ойыннан соң әлем чемпиондары бразилдіктер қарсыластар қақпасына бірде-бір гол соға алмай, қиын жағдайға тап болды. Іс тығырыққа тірелгені сондай: «Анакумба» сектасының өкілі Бразилия құрамасының жаттықтырушысы Загалоға нәтижені арттырып қана қоймай, чемпиондық тәжді сақтап қалуға кепілдік беретін бейне бір сиқыршының көмегін де ұсынды. Загало мұндай көмектен бас тартты. Келесі ойында оның қол астындағы футболшылары жарыс аутсайдері Заир құрама командасын 3:0 есебімен ұтты да, топтағы құтқарушы саналған екінші орынға тек доп айырмасы арқылы ғана шотландықтарды артқа тастап қол жеткізді.

Чемпионат басталғанға дейін жүлдегерлер санатына кірмеген Голландия және Польш құрамалары айтарлықтай жарқын, мазмұнды да қызықты футбол көрсетті. Айталық, жарыстың үздік ойыншысы Йохан Кройфф бастаған голландықтар әлемге табанды футбол үлгісін танытты. Ақтық ойынға дейін олар қарсыластарына өз қақпаларына бірде-бір гол соғуға мүмкіндік бермеді, есесіне өздері қарсыластар қақпаларында допты он төрт рет тулатты. Десе де, бір рет ойын сферасы голландық қақпа сызығының ішінен табылды, оның өзін аңдаусызда өз қорғаушысы Крол кіргізіп алды. Осы келеңсіздіктен соң футболшылар мен бәз бір амстердамдық банк өкілі арасында текетірес бұрқ етті. Мәселенің түйіні мынада екен: әлем біріншілігі басталғанға дейін Амстердамдағы бір банк чемпионатта голландық футболшылар тарапынан соғылған әрбір гол үшін бес мың гульден (бір мыңға жуық доллар) төлеуге уәде берген. Кролдың автоголы үшін төлеуді де команда талап еткен кезде, банкир ұзақ уақыт қарсылық білдірді, әйткенмен жеңілісін мойындап, уәдесін бұл жолы да орындауға мәжбүр болды. Осыдан кейін ол төлеу шартына нақтылық кіргізді: бұдан былай көтерме үстемақыны қарсыластар қақпасына соғылған голдар үшін ғана беретін болды.

Бірінші кезеңде Италия және Гаити құрамалары арасында болған кездесу үлкен қызығушылық тудырды. Ойында кімнің жеңетінінде ешкімде күмән болмады, себебі командалардың күш салмағы тым тең емес еді. Чемпионат басталғанға дейін итальяндық қақпашы Дино Дзофф өз клубы һәм Италия құрамасы сапында өткізген ресми ойындарда 1097 минөт бойы өз қақпасына бірде-бір гол жіберген жоқ болып шықты. Дзоффқа қалайда болсын гол соғуға уәде берген гаитилік шабуылшы Санон отқа май құйды. Екінші таймның басында ол өз уәдесінде тұрды. Гаити құрамасы жеңіліске ұшыраса да, атышулы Санон нағыз батыр таңылды. Осы голы үшін Гаити президенті Жан-Клод Девалье Санонға керемет те бағалы жеңіл автокөлікті сыйға тартты.

Екінші кезеңнің соңғы турындағы Голландия – Бразилия һәм ГФР – Польша  ойындары жартылай финалдық деуге әбден тұрарлық болды. Голландықтар бразилдіктерді 2:0 есебімен айналып өтті де, олардың төрт жыл бұрынғы титулына «экс» деген айқындаманы қосақтап берді. Жарыс қожайындары поляктармен ақ жауыннан соң ми-батпақ күйдегі ауыр алаңда кездесті. Мұндай ойында соғылған жалғыз голдың өзі кездесу тағдырын шешетін еді. Жеме-жемге келгенде солай болды да. Ойын аяқталуға аяқталуға он бес минөт қалғанда жалғыз және жеңіс голын неміс футболшысы Герд Мюллер соғып кетті.  

ГФР – Голландия арасындағы ақтық ойында екінші минөтте-ақ голландық Неескенс ағылшындық төреші Тейлор әлем чемпионаттары тарихында ақтық ойында тұңғыш рет он бір метрлік айып соққысын белгілеген соң есеп ашты. Біраздан соң тағы бір он бір метрлік айып соққысы белгіленді. Бұл жолы Голландия құрамасының қақпасына неміс ойыншысы Брайтнер соққы жасап, есепті теңестірді. Үзіліске дейін екі минөт қалғанда жасындай жарқыраған Герд Мюллер әрі шешуші, әрі жеңіс әкелген гол салды.

Сайып келгенде, тура жиырма жыл және үш күннен соң ГФР құрама командасы тағы да әлем чемпионатын жеңді де екі түрлі жүлдені – «Жюль Римэ Кубогі» һәм «ФИФА-ның әлем Кубогін» иеленген алғашқы команда болып айқындалды.

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 641 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: