14:06
Футболдан әлем чемпионаттарының тарихы

Мексика – 1970

Статистиканы сөйлеткенде

Ақтық дода:

31 мамыр – 21 маусым 1970 ж., Мексика

Қатысушылар саны:

16

Ойындар жүйесі:

Командалар төрт топқа бөлінді, қарсыластар өзара бір-бірімен топта ойнады, екі мықты құрама ширек финалға шықты, арықарай олимпиалық жүйе бйынша

Өткізілді:

32 кездесу, оларды 1 673 975 көрермен тамашалады, бір ойынға орта есеппен 52 312 адамнан келді

Соғылды:

95 гол (орта есеппен 2,97)

 

Juanito - талисман ЧМ - 1970Аталмыш чемпионатта көп жайт тұңғыш рет орын алды. Айталық, бірінші рет ойын барысында ойыншыларды ауыстыруға рұқсат етілді, алғаш рет төрешілер өз қалталарында сары және қызыл түсті қағаздарды ұстады. Таң-тамашасы сол – бүкіл жарыс кезінде Фемида жолын ұстанған төрешілердің ешқайсысы ешбір ойында ешқашан қызыл қағазды қалтасынан суырған жоқ! Ойыншылардан ешкімді алаңнан қуылмағанымен дараланған бірегей біріншілік болды бұл! Және те алғаш рет мундиаль географиялық тұрғыдан жоғары таулар жағдайында өтті: бірде командалар екі шақырымдық биіктікке бейімделуге мәжбүр болса, енді бірде одан да жоғары тауларға қарай сапар шегуге тура келді. Сонымен қатар «Алтын Ника құдайы» әлем Кубогі бірінші рет қолдан қолға көшіп жүретін жүлде болуын тоқтатты, өйткені Бразилия құрамасы оны өз тарихында үшінші мәрте жеңіп алды да, регламентке сәйкес осынау Кубокті мәңгілікке өз игілігіне басыбайлы етіп алды. Десе де 1983 жылы аталмыш жүлдені қарақшылар қолды қылып, артынша балқытып тынды деген қауесет те болды. Өкінішке орай, мәңгілік дегеніміз мақұрымдалды.

Мексикандық біріншілік бұған дейін болмаған қызығушылықпен өзіне тартты. «Телестар-3» жер серігінің көмегімен ойындардың барысын 73 елден 800 миллионға жуық адам тамашалады. Осынау жаһандық дода кейбір жоғары мәртебелі тұлғаларды да бей-жай қалдырмады. Айталық, Англия Премьер-министрі Вильсон өз елінің құрама командасын жеделхаттармен жігерлендірсе, Павел VI Рим папасы чемпионаттың қатысушыларына сәлемдемелі жолдауын жіберді.

Бразилия құрама командасы мексикандық біріншілікте жоғары шеберлік танытты. Бірінші ойында-ақ бразилдіктер 4:1 есебімен мықтанып келген Чехословакия құрамасын ойсырата ұтты. Бұл кездесудің және барлық доданың мықты ойыншысы болып Пеле танылды. Мексикада ол өзін жаңа сапа деңгейінде көрсетті. Ойынға барынша берілген Пеле қара жұмыстан қашқан емес, өз әріптестерінің ойын өрнегін шеберлікпен басқарды, айналасындағыларды сапалы да керемет пастармен жабдықтады, онымен қоймай өзі де көз қызығарлық әдемі голдар соқты. Сондай доптың біреуін чехтер қақпасында тулатты. Сол ойында мынадай көрініс болды: алаң ортасында допқа иелік еткен Пеле қарсылас команданың қақпашысы өз айып алаңының сыртына шығып кеткенін байқап қалды да, күтпеген жерден соққы жасады, өкінішке орай, ойын сферасы қақпадан санаулы сантиметр ғана қиыс кетті. «Жалғыз-ақ іс менің қолымнан келмеді: ол – алаң ортасынан гол соғу», - дейді артынан спорттық ғұмыры таусылған Пеле. Айтарлықтай қызығушылық тудырған әлем чемпиондары – ағылшындармен болған кездесуде де ол нәтижелі соққы жасауға мүмкіндігі болды. Төрт метр жерден Пеле қақпаның бұрышын көздеп еді, бірақ қақпашы Бенкс таң қалдырған әдіспен бұл соққыны қағып жіберді. «Сол сәтте мен Бенксті сондай жек көріп кетті», - деп ағынан жарылды Пеле ойыннан соң. Десе де алаңда ол өзін мәрт ұстады. Қақпашының шеберлігіне құрмет-қошемет көрсетіп, оның қолын қысты. Өзі гол соға алмағанмен, «футбол королі» сол ойында соғылған жалғыз допқа шеберлік үлесін қосты: Жаирзиньоға керемет пас шығарып берді. Бұл нәтижелі пас бразилдіктердің топтық жарыстардағы барлық мәселелерін шешті.

Топтық түйінді КСРО құрамасы да сәтімен аяқтады, бірақ бой бермес дәстүрінше ширек финалда ұтылды. Бұл жолы кеңестік футболшыларды Уругвай құрама командасы тосқауылдады.

Жартылай финалға екі оңтүстікамерикандық құрама командалар: Бразилия және Уругвай һәм екі еуропалық құрама команда: Италия мен ГФР шықты. Жаңа Құрлық өкілдері ойынында бразилдіктер 3:1 есебімен басымдық танытты. Еуропалықтар тартысында жеңімпаз тек қосымша уақытта ғана анықталды. Итальяндықтар 4:3 есебімен жеңіске жетті.

Ақтық ойында «Алтын ника құдайы» Кубогін екі мәртеден иелік еткен құрама командалар тоқайласты. Ойыннан соң екеуінің бірі бұл жүлдені мәңгілікке иеленіп қалуы керек. Ника құдайы кімге осынау бақытты сәтті сыйлайды? Әңгіме жоқ, мықтының мықтысына. Ал шешуші тартыста еш күмәнсіз бразилдіктер өз мықтылықтарын барынша дәлелдеді. Баспен соққы жасау арқылы ойында есеп ашқан Пеле жасындай жарқырады әлбетте. Бразилдіктер қарсыластарға тек есепті теңестіруге ғана аз-маз мүмкіндік берді. Ал екінші таймда Италия құрама командасын 4:1 есебімен тас-талқан еткен Бразилия құрамасы жеңді.

Күллі Бразилия шаттанды. Рио-де-Жанейроның миллионнан астам тұрғыны үш дүркін әлем чемпиондарын ыстық құшақпен қарсы алды. Соншама кісі нөпірі кесірінен 73 адам қаза тапты, екі мыңға жуығы түрліше жарақат алды. Карнавал бірнеше күнге созылды. Оған негіз де бар. Бұдан былай алтын Нике құдайы мәңгілікке Бразилиянікі!

Он үш жылдан соң «мәңгілік жүлде» Нике екінші рет қолды болып, мәңгіге жоғалып кетеді. 1970 жылғы шат-шадыман сәт кезінде бұны болжап білген жан болды ма?!

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 803 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: