16:10
Футболдан Еуропа біріншіліктерінің тарихы

1988 ЖЫЛ ...

Кәрі құрлықтың сегізінші біріншілігінің ақтық жарыстары 10-25 маусым аралығында ГФР-дің Гамбург, Ганновер, Гельзенкирхен, Дюссельдорф, Кельн, Мюнхен, Майндағы Франкфурт, Штутгарт қалаларында өткізілді. Оған бас-аяғы сегіз құрама команда қатысты. Төрт командадан екі топ, әр топтан бірінші және екінші орынға ие екі команда жартылай финалға шығады, одан кейін ақтық кездесу өткізу жүйесімен түзілді. Алмания алаңдарында өткізілген он бес кездесуді 849844 жанкүйер тамашалады. Жиыны 34 доп қақпа торында тулады.

Еуро-1988 біріншілігінде КСРО футболшылары соңғы отыз жылда ең ірі жетістікке қол жеткізді. Бұған дейін екі құрлық біріншілігінен құр қалған олар егер Голландия құрамасы болмаса, жеңімпаз да атанар еді.

Жеребе бойынша КСРО құрамасы іріктеуде Франция, ГДР, Исландия, Норвегия құрамаларынан айласын асырып кетті.

Сегіз мықты құрама қатарында Францияның болмай қалуы үлкен сенсация болды. Сол сияқты Югославия, Чехословакия, Бельгия, Португалия сияқты азуы алты қарыс құрама командалар да құрлық біріншілігінен құр қалды.

Болашақ Еуропа жеңімпазы Голландия құрамасының да Германияға барар жолы қиындықтарға толы болды. Айталық, команда ішіндегі кикілжіңнің салдарынан бас жаттықтырушысы Ринус Михелс отставкаға кете жаздады. Абырой болғанда, орнында қалатындай ортақ келісімге келіп тынды. Одан соң Кипр құрамасымен болған іріктеу ойынында жанкүйердің бірі алаңға түтін шашкасын лақтырып, кипрлік қақпашыға тиіп кетті. Осы қылығы үшін УЕФА Кипр құрамасына 3:0 есебімен жеңісті берді. Ал ойындағы есеп 8:0 Голландияның пайдасында еді. Артынша голландықтар бұл шешіммен келіспей, УЕФА-ға арсы шағым түсірді. Сондағысы: түтіндік шашканы лақтырған адам психиатриялық емхананың пациенті деген анықтама қағазды тіркеді. Ұзаққа созылған талқылау нәтижесінде голандықтарға айыппұл төлеу салынды, ал Кипр құрамасымен тағы бір мәрте кездесу болатын болды. Оны да Голландия құрамасы 4:0 деген ірі есеппен тағы жеңді.

ГФР алаңдарында өткен құрлық біріншілігінің топтық кездесуінде кеңестік команда голландық әріптестерімен болған ойында ойын тізгігінің беріп қойғанына қарамастан, сәті түскен қарымта шабуылдың бірінде Василий Рац гол соғып, жеңіп кетті. Бйо бермейтін ирландықтармен болған тартысты екінші ойында ирландық Ронни Уилан командаласы Майк Маккартидің тамаша пасынан соң, ең керемет голды әйгілі қақпашы Ринат Дасаевқа соқты, жауапты допты Олег Протасов Голландия қақпасына кіргізді. Ал үшінші кездесуде бабына келген КСРО құрамасы Англия құрамасын 3:1 есебімен ұтып кетті. Сергей алейников, Алексей Михайличенко, Виктор Пасулько соққан үш голға, ағылшындар тек қана Тони Адамстың голымен жауап қайтара алды.

Жартылай финалда өнер көрсеткен КСРО мен Италия құрама командалары үлгі болатындай ойын өрбітті. Тактикалық прессинг әдісін қолданған кеңестік футболшыларға қарсы итальяндық футболшылардың техникасы өз қауқарынан айырылып қалды. Үзілістен соң Геннадий Литовченко мен Олег Протасов төрт минуттық интервалмен жауапсыз екі гол соғып, ақтық ойынға жолдаманы қалтаға басты.

Голландия – КСРО құрама командалары арасында өткен ақтық ойынның 35-минутінде голландық футболшы Рууд Гуллит бес метрден КСРО қақапасына баспен гол соқты. Ал екінші таймның басталғанына он минут өткеннен соң голландық Марко ван Бастен фантасткиалық соққы жасап, құрлық біріншілігінің ең үздік голын Ринат Дасаев қақпасының торында тулатты. Кеңестік ойыншы Игорь Беланов он бір метрлік айып соққысынан мүлт кетті. Осылайша 2:0 есебімен жеңіске жеткен Голландия Еуропа біріншілігінің жеңімпазы атанды.     

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 663 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: