16:06
Футболдан Еуропа біріншіліктерінің тарихы

1972 ЖЫЛ ...

Кәрі құрлықтың төртінші біріншілігінің ақтық жарыстары 14-18 маусым аралығында Бельгияның Антверпен, Брюссель һәм Льеж қалаларында өткізілді. Оған бас-аяғы төрт құрама команда қатысты. Жартылай финал, финал жүйесімен түзілді. Бельгия алаңдарында өткізілген төрт кездесуді 106510 жанкүйер тамашалады. Жиыны 10 доп қақпа торында тулады.

Еуропаның төртінші біріншілігі қалыпқа түскен жүйемен өткізілді. Әдеттегідей бастапқы бетте командалар іріктеу топтарында беттесті. Тпотан суырылып шыққандар ширек финалда кездесті. Жартылай финал, үшінші орын үшін ойын һәм ақтық кездесу УЕФА әуелден-ақ айқындап қойған Бельгияның алаңдарында ұйымдастырылды. Айта кету керек, Бельгия құрамасы біріншілік өткізу иесі болғанына қарамастан, өзге де құрлықтық командалар сияқты іріктеу жарыстарынан өтті. Дания, Португалия, Шотландия командаларын артқа тастап, өз тобында топ жарды.

Іріктеу жарыстары басталмас бұрын УЕФА жеңімпазды плэй-офф жүйесі бойынша жеңімпазды анықтау бойынша маңызды шешім қабылдады. Бұдан былай екі ойын нәтижесінде жеңімпаз монеталық жеребе тарту арқылы емес, он бір метрлік айып соққысы сериясы арқылы анықталатын болды. Бұдан басқа, осы біріншіліктен бастап ойын барысында екі ойыншыны алмастыруға рұқсат етілді.

Сол кезде Еуропада жасындай жарқыраған КСРО құрамасы іріктеу жарыстарында өз тобында өнер көрсеткен Испания, Солтүстік Ирландия және Кипр құрама командаларын қапы қалдырды да, ширек финалға жолдама алды.

Ширек финалда Югославия құрамасымен болған екі кездесуде кеңестік футболшылар стратегиялық жеңіске қол жеткізді: Белградта 0:0 болса, Мәскеудегі ойын 3:0 есебімен аяқталды.

Венгрия құрамасымен жартылай финал кездесуін КСРО құрамасы «Андерлехт» стадионында өткізді. Алғашқы жарты сағатта венгр футболшылары белсенділік танытты. Одан кейінгі жарты сағатта кеңестік ойыншылар ойынды үдетті. Соы аралықта екі орталық қорғаушы Муртаз Хурцилава мен Владимир Капличный тамаша қорғана білді.

31-минутта кеңестік шабуылшы Владимир Онищенкода гол соғатын керемет мүмкіндік болды. Венгрлік қақпашы Геци қатты соққыдан соң допты уысында ұстай алмай, алдына жіберіп алды, сол кезде допқа бірінші болып жетіп үлгерген Анатолий Банишевский артқа қарай дәл пас жұмсады. Бірақ Онищенко қатты соққы жасағаны сондай – доп қақпа кермесінен биіктеу ұшты, қақпада ешкім болған жоқ.

Кездесудің 53-минутінде Анатлий Байдачный бағыттаған бұрыштама соққысынан соң Анатолий Коньков венгрлер қақпасына гол соқты да, КСРО құрамасын ақтық кездесуге алып шықты.  

ГФР – КСРО арасындағы ақтық ойын Брюссельдің «Эйзель» стадионында өткізілді. Бұл кездесуде немістердің айқындығы бірден-ақ көзге түсті. Нәтижесінде Герд Мюллердің соққан екі голы мен Виммердің голынан соң Германия құрамасы КСРО құрамасын 3:0 есебімен ұтып, Еуропаға жаңа жеңімпазды әйгі етті.

БАҚ-та осынау финал туралы пікірлер де гуледі. Ағылшындық «Дейли телеграф» былай деді: «Бүгін ГФР құрамасы – жоғары деңгейдегі команда. Англия жеңген олар, артынша екі мықты құраманы – Бельгия һәм КСРО – тізе бүктірді. Керемет!»

Тағы бір ағылшындық «Дейли экспресс»: «ГФР құрамасы стилінің ерекшелігі – жаттығуларда һәм жоспарланған ұстанымдардан ойын барысында бас тартып, жағдайға қарай икемделуінде. КСРО құрамасы тым құрғақ ойнады, тәуекелге бармады, қандай да бір оқыс әрекетке бармады,» - деді.

Жак Ферран есімді француз шолушысының ойынша, ГФР құрамасының құрамында КСРО құрамасына қарағанда  шеберлігі жоғары футболшылар көптеу болды. Айталық, оларда Беккенбауэр, Мюллер, Нетцер, Виммер, Брайтнерді атаса, КСРО-да бұл жолы тек қақпашы Рудаков пен капитан Хурцилаваны ғана атауға болды.     

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 637 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: