23:08
Естелік пойызы - 2015

СОЦИАЛИСТІК ЕҢБЕК ЕРІ ЖАНПЕЙІС СЫЗДЫҚОВТЫ ЕСКЕ АЛУҒА АРНАЛҒАН АУДАНДЫҚ ЖАРЫСТАР

Өскелең ұрпаққа өлкетанымдық жағынан үлкен тағылымдық-тәрбиелік, үлгі-өнегелік мәні бар һәм аймаққа қарасты аудандар арасында бірегей жоба «Естелік пойызы» өз қарымды қадамын жасап келе жатыр. Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде осымен үшінші мәрте ұйымдастырылған осынау игі шара биыл Социалистік Еңбек Ері, Ленин орденінің иегері Жанпейіс Сыздықовты еске алуға арналды. Ұлы Отан соғысы Жеңісінің жетпіс жылдық м ерейімен тұспа-тұс келді, оның үстіне еңбегі жұлдыздай жанған нар тұлғалы атамыздың туғанына 120 жыл толып отыр.

Мамырдың сегізінде өткен жарыстар волейбол және үстел теннисінен түзілді. Дода тартысымен жігерленген, жеңіске жетумен қайраттанған спортшылар ат терлетіп Жамбыл, Аққу елді мекендерінен ағылды. Оларға бесқарағайлық спортшылар да қосылды.

Биязы жүнді асыл тұымды солтүстік қазақ меринос қойын өсірумен атақ-даңқы алыс кеткен Социалистік Еңбек Ері, Ленин орденінің иегері Жанпейіс Сыздықов хақында танымдық ақпаратқа тоқталайық. 1895 жылы Павлодар облысы Май ауданына қарасты Саты ауылында дүниеге келген Жанпейіс Сыздықұлы ата-анадан жастай қалып, күн көріс жасаудың қамымен еңбек жолын ерте бастауға мәжбүр болды. Байларға жалданып, қысы-жазы жұмыс істеп, бозбала Жанпейіс еңбекқорлығымен қатар өзінің қажырлы күшімен де көзге түсіп, елдің аузына іліне бастайды. Ол кезде Ертістің арғы жағында да, бергі жағында да орыс байлары билік жүргізген. Шұңқыр су (қазіргі Бесқарағай ауылы) жеріне ие болып, өзінің билігін жүргізіп тұрған помещик Сереминге жалданып, Жанпейіс Сыздықұлы қой өсірумен көп жыл бойы айналысады. Күші тасып тұрған денелі жігітті помещик Серемин өзінің палуаны ретінде де пайдаланып, өзімен бірге алып жүріпті. 1917 жылғы Қазан төңкерісінен кейін елдің өміріне көптеген өзгеріс кірді. Кеңес өкіметі орнағаннан соң, помещик Серемин шекарадан асып кетеді. Одан қалған қыруар мал Кеңес өкіметінің қарамағына көшеді. Теңдікке қол жеткізген Жанпейіс қой шаруашылығымен айналысуын жалғастыра береді. Сағалқызы Рузамен отбасын құрып, бір қыз (Майраш-Гүлбағиран)және төрт ұл (Зейнолла, Сағидолла, Сәкіжан, Амантай) сүйеді. Қиын-қыстау заманда бұл отбасы Еңбек армиясы, ашаршылық нәубетін бастан өткізеді. Жаңа заман туа келе отағасы Жанпейіс жылдан-жылға қажырлы еңбек жасап, асқан еңбекқорлығының арқасында жұлдызы жанып, 1957 жылы Социалистік Еңбек ері атағына ие болды. Зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін де он жылдай шопандықта жұмыс істеді. Жұбайы Руза еңбекқор шопанға көмектесе жүріп, балаларына өнегелі тәрбие бере білді. Айталық, қызы Майраш өмір бойы сауда қызметкері болып, Еңбек ардагері атанса, үлкен ұлы Зейнолла Ұлы Отан соғысына қатысып, фашис басқыншыларын жеңіп, аман-есен елге келіп, шаруашылық меңгерушісі, есепші қызметкері болып өткен еңбек ардагері, зейнеткерлікке шыққан соң имандылық жолына түсіп, көп жыл бойы еліне иман болып, риясыз қызмет көрсетті. Екінші ұлы Сағидолла қиын жылдарда, әкесі мен үлкен ағасы Зейнолланың соғыста болған жылдарында, анасына көмектесіп, үй ішінің қамқоршысы болып, бауырларын аман-есен сақтап қалған. Еңбек жолында мал шаруашылығымен айналысқан және атақты қой қырқушы болып, Мәскеу қаласында өткен қой қырқушылардың бүкілкеңестік жарысына қатысқан адам болған. Үшінші ұлы Сәкіжан бригадир болып, шөп дайындау науқанымен айналысты (өмірден 40 жасында ерте кетті). Кенже ұлы Амантай мал шаруашылығының білікті маманы болып, мал дәрігерлікпен айналысқан, өзінің жұмысын өте жақсы білген білікті азамат болған.  

Қабырғада ілінген панода алысқа көз тігіп тұрған атақты шопанның келбеті, ерлеген еңбегінің абыройын асқақтатқан марапаттары, отбасымен, әріптестерімен түскен фотосуреттері үйлесімді түрде көрініс тапты. Ал паноның екі жағынан Социалистік Еңбек Ерінің қылқаламмен салынған суреттері жайғастырылды. Бұрыштағы үстелде жеңімпаздарға берілетін кубок, атақты ақсақалдың құнды жәдігерлері көрме ретінде қойылды.

Спортзалда ұйымдастырылған ашылу салтанатында сөз алған ардагер ұстаз Д.Ақатаев, Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі директоры А.Бельгибаева осынау игі шараның асқан тәрбиелік мән-маңызын екшей келе, жарыстарға түскелі тұрған спортшыларға тартыстардың адал түзілуіне тілектестік білдірді, ал Б.Ибрагим көрермендер назарына «Еңбегімен ерлеген Жанпейіс ата» атты төл арнауын оқыды. Осынау ауқымды жарыстарды бір адамдай көтеріп, демеушілік жасап отырған атаның ұрпақтары да өз тарапынан сөз алып, жарыстарды ұйымдастыруға қолғабыс көрсеткен адамдарға шын жүректі ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар атақты шопанның өмірдегі асыл қасиеттерін тілге тиек етіп, жан-жүрекке жылылық ұялатар естеліктерге жол тартып, сезімдерге ерік берді. Демеушілік тұрғысынан бесқарағайлық жас спортшыларға жаңа спорттық формаларды табыстады. Ал ресми бөлімнен соң ән-биі бар шағын концерттік бағдарлама өтті. Онда бастауыш сынып оқушылары еңбек, туған жер, атамекен тақырыптарын қамтыған өлең шумақтарын әдеби монтаж түрінде ұсынды. Соңғы кездері әншілік өнерімен жақсы танылып жүрген мектеп оқушысы, бойжеткен Алуа Увакова, атаның шөбересі Алина Жанпейісова, аудандық Мәдениет үйінің әншісі Есім Бейбітхан, Азат Омаров, мектеп тәрбиешісі Л.Сейтова, Б.Ибрагим «жүректен кіріп, бойды алар» әндерін шырқаса, атақты шопан ұрпақтары, мектеп оқушылары Гүлзира Зейнолла мен Алина Жанпейісова келісті қазақ биін тамаша орындады.

Волейбол жарысына бес команда қатысты: Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебі оқушылары құрамасы, Аққу ауылының құрамасы, Жамбыл ауылдық округі құрамасы, Бесқарағай ауылының бірінші және екінші құрамалары. Айналмалы жүйемен түзілген кездесулерді тамашалаған көрермендер қызу тартыстың, қызған намыстың, тегеурінді қайраттың, жеңіске деген құштарлықтың, командалық рухтың шынайы куәгерлері болды. Нәтижесінде, бесқарағайлықтар қонақжайлылық танытқаны сондай – барлық жүлдені қонақтардың еншісіне берді. Барлық кездесуде қарсыластарын тізе бүктірген Аққу ауылының құрама командасы жарыстардың сөзсіз жеңімпазы атанып, Кубокке иелік жасаса, керемет ойын өрнегін түзге жамбылдықтар екінші жүлденің иегері болып танылды, ал көпшіліктің көңілінен шығып, шынымен де көзайымға айналған лебяжілік оқушылар үшінші жүлдені қанжығаларына байлады. Марапаттау кезінде барлық қатысушы командаларға, үздік деп танылған жекелеген ойыншыларға грамоталар һәм ақшалай гонорарлар ұйымдастырушылар тарапынан табысталды.

Үстел теннисі жарыстарының өтуіне Жанпейіс Сыздықовтың ұрпағы, «Қазақтелекомның» Баянауыл аудандық басқармасының бастығы, Баянауыл аудандық мәслихатының депутаты Асхат Жарылғасынұлы Ерманов жекелеген демеушілік жасап, атасына деген шексіз құрметтің таптырмас үлгісін көрсеткенін ерекше атап өткеніміз абзал. Өзі де волейбол, үстел теннисі жарыстарына қатысып, додалардың бел ортасында жүрді. Жомарттық танытқан ол үстел теннисін оқушыларға бөлек және ересектерге бөлек ұйымдастырды. Не бел, не белбеу кеткенше болған жекпе-жектер қорытындысы бойынша, оқушылар арасында бірінші орынды аққулық Серіков Еламан, екінші орынды тағы бір аққулық Қуанышпаев Заид, ал үшінші орынды бесқарағайлық Шаймұрат Айбарыс жеңіп алса, ересектер арасындағы кездесулерде керемет шапшаңдық ойын өрнегімен танылған аудандық Мәдениет үйінің қызметкері Серіков Әділбек бірінші жүлдені қанжығасына байласа, Лебяжі жалпы орта білім беретін мектебінің тәжірибелі дене шынықтыру мұғалімі, осынау ойынның жілігін шағып, майын ішіп жүрген Оспанов Елубай екінші жүлденің иегері атанды, ал Бесқарағай ауылының намысын қорғаған теннисші әрі Жанпейіс атаның шөбересі Жанпейісов Қуаныш үшінші жүлдені қанағат тұтты. Барлық жүлдегер Мадақтама грамота және ақшалай гонорармен марапатталды.

Мектеп асханасында Ж.Сыздықовтың ұрпақтары атақты аталары құрметіне үлкен ас берді. Асылы, «Естелік пойызының» биылғы аялдамасы армансыз асқарлана шарықтады   

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай  ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 855 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: