18:20
Естелік пойызы - 2013

МОЛДАБАЕВ САМАТТЫҢ ҒАСЫРЛЫҚ МЕРЕЙТОЙЫНА АРНАЛДЫ

Дене шынықтыру мен спорт һәм салауатты өмір салтын насихаттау жағынан Лебяжі ауданында өзге жерде теңдесі жоқ, өзгелерге үлгі боларлық «Естелік пойызы» атты тағылымдық-тәрбиелік, тарихи-өлкетанулық маңызы жоғары іс-шаралар бағдарламасы былтырдан бері игілігімен көпшіліктің көңілінен шығып келеді. Аудан орталылығындағы балалар-жасөспірімдер клубының директоры әрі АББ маманы Кенжеғалиев Т.Ж. мұрындық болуымен іске қосылған осынау жоба өзінің бірегей құндылығын дәлелдеп бағуда. Аудандық деңгейді былай қойғанда, ауылдық көлемде де қанатын кең жайып жүр. Бір жақсысы – аудан мен қандай да бір ауыл тарихына қажырлы еңбегімен елеулі үлес қосып, ел жадында ұзағынан сақталған тау тұлғалар мерейін асырудың, құрметтеудің айқындамасы бұл.

Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде биылғы жыл осы ауылда атағы шығып, халық қалаулысына әлдеқашан айналған, күркіреп күндей өткен Ұлы Отан соғысы жылдарында қан майданда етігімен су кеше, ерлік көрсеткен ардагер, ауыл еңсесін тіктеуге тегеурінді үлес қосқан еңбек ардагері, ұзақ жылдар ауыл имамы болған кеңпейіл ақсақал марқұм Молдабаев Саматты еске алуға арналып отыр. Оның үстіне Самат ақсақал келесі жылы жүзге келеді екен.

19 қаңтарда мектепте Самат ақсақалдың құрметіне волейболдан оқушылар арасында аудандық жарыс өткізілді. Қатысуға хабарлама алған бес мектептің тек екеуі ғана келе алды. Бесқарағайлықтардан басқа аталмыш доп додасына Лебяжі және Шарбақты елді мекендеріндегі мектептерден оқушылар құрамалары тартысқа түсті. Шараның ашылу салатанатты жиынында Молдабаев Самат ақсақалдың өмірі мен ерлігі жайында қысқаша мағлұмат берілді. Ал туған қыздары Света мен Роза апайлар, жиені Рафаил мен немересі Нұргүл әке-аталарын еске алып, ұйымдастырушыларға ризалықтарын айтып, қатысушыларға әділ ойын мен адал жеңіс тіледі. Мектеп директоры Белгібаева А.М. өз кезегінде сәттілігін жолдады. Бастауыш сынып оқушылары Отан, ана, Астана туралы өлең шумақтарын жатқа оқып, жарыстың көркемдік жағын әрлей түсті.

Жарыстардың өзіне келетін болсақ, құрама командалардың қайсысы болсын бапты дайындықпен келгенін әуелден-ақ байқатты. Алаңға алғашқы жұп боп шыққан Лебяжі мен Шарбақты оқушы волейболшы ұлдары өліспей беріспейтін қызу ойын өрнегін өрнектеді. Тартыстың тартымды болғаны сондай максималды бес сет те ойналды. Дегенмен аққулықтардың мысы басым болды. Келесі итжығыс Шарбақты һәм Бесқарағай бозбалалары арасында өрбіді. Алдыңғы ауыр ойынға қарамастан шарбақтылықтар алаң қожайындарына сес көрсете алды, бірақ жеңілістің ащы дәмін екінші мәрте татуға тура келді. Ал шешеші кездесуде Лебяжі мектебінің ойыншылары Бесқарағай ойыншыларына айтарлықтай қарсылық көрсеткенмен, жеңіс тұғырын бесқарағайлықтарға беруге тура келді. Әр құраманың бапкер мұғалімдері әрбір ойында шәкірттеріне қолдау мен нұсқау жасап, жеңіске деген ынта-жігерлерін қайрай түсті. Бірақ қандай да бір жарыстың бір-ақ жеңімпазы болары хақ. Осы жолы алаң иелері Бесқарағай мектебінің бозбалалары мерейі үстем болды. Жеңімпаздарға естелік кубогі, барлық қатысушы ойыншыларға грамоталар мен шағын сыйлықтар салтанатты түрде табыс етілді. Жарыстың үздік шабуылшысы болып лебяжілік Ахметжан Ерсұлтан, үздік доп таратушы болып лебяжілік Жүзжасаров Мадияр, ал үздік қорғаушы болып шарбақтылық Шапуов Аршат пен бесқарағайлық Дәулетов Ардақ танылып, арнайы грамотамен тағы марапатталды.

Қорыта айтқанда, аталмыш жарыстар «Естелік пойызының» Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебі бойынша тармағының қаншалықты жоғары деңгейде жүзеге асып отырғанын артық рет дәлелдеді. Ауылдың тарихи-өлкетану, азамат-тұлғатану бағытында өскелең ұрпаққа көрсетіліп жатқан құнды үлгі-өнеге болса, қатардағы ауыл тұрғындарына барсакелмеске кеткен тарих парақтарын көз алдынан елестете өткізіп, жадыда жаңғыртты.

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы

Лебяжі ауданы

Павлодар облысы

Просмотров: 982 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: