11:54
Әдістемелік парадигма

СЫНИ ТҰРҒЫДАН ОЙЛАУ ОҚУШЫНЫ ТҰЛҒАЛАНДЫРАДЫ

Білімденудің озат әдістемелік үлгілері қолданысқа кіре бастағаннан пайдаланушыларды тиімділігімен һәм нәтижелілігімен баурайды. Дегенмен қандай да бір озық әдістемені оның өзіндік ерекшеліктерін жете танымай тұрып, қыр-сырын ойдағыдай қолданысқа толық төселдеруде айтарлықтай қиындықтар көлденең жатып алуы мүмкін. Сондықтан оқытумен айналысатын мұғалімдер де педагогикалық өтіл үдерісінде үздіксіз оқып, біліктіліктерін ұдайы арттырады. Көбінде ондай оқулар мектептен тыс оқу мекемелерінде жүзеге асырылады. Ал кейде осыған жуықтас сарамандық-тәжірибелік оқуларды мектеп қабырғасында да ұйымдастыруға әбден болады.

Оқушылардың қысқы демалысы кезін Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінің 26 пән мұғалімі тәжірибе жинақтауға барынша арнады. Себебі Павлодардағы Инновациялық Еуразиялық университет оқытушысы һәм жаттықтырушысы, филология ғылымдарының кандидаты Маняпова Тина Қабдылқасымқызы әдістемелік тәжірибеде тиімділігімен танылып жүрген сын тұрғысынан ойлау технологиясы бойынша «Оқу мен жазу арқылы сыни ойлауды дамыту» атты семинар-практикумын өткізді. Осынау өресі де өрлеу құрақтай өркен жайған әдістеменің шоғыры болып Қазақстан Оқу Ассоциациясы табылады екен. Ал бұл туралы – «Жарғыға сай Қазақстан Республикасының қоғамдық бірлестіктері ассоциация түрінде құрды. Бұл құжатта ассоциацияның ұйымдастырушысы Қарағанды, Қызылорда және Алматы облыстарында құрылған облыстық «Сыни ойлауды дамыту» Бірлестіктері болып табылатындығы көрсетілген. Ассоциацияның Ішкі ережесіне сай оның барлық қызметі алты комитет – ішкі ережелер мен шешімдерді қабылдау, бұйрықтар мен марапаттау, басылымдар, бағалау және зерттеу, мүшелік және RWCT ұйымдастыру, Ұлттық Конференцияны ұйымдастыру комитеті жұмыстары арқылы жүзеге асады. Ассоцияция бірнеше жобаны жүзеге асырады, оның ішінде Халықаралық сияқты Ұлттық екі зерттеу жобасы бар» деген түсіндірме С.Мірсейітованың 2012 жылы жарық көрген «RWCT сөздігінде» айқындалған. Ал RWCT-ні қазақшалағанда аталмыш сөздікте қаз қалпында былай берілген – «...ағылшын тілінен аударғанда «Оқу мен Жазу сыни тұрғыдан ойлау үшін» дегенді білдіреді, яғни сыни тұрғыдан ойлауды дамытуға бағытталған оқу мен жазу...». Елімізде қанат жайғанына он бес жылдың жүзі толық болып отыр. Ақиқатында, біртіндеп қарқын алған сондайма оқыту технологиясы қазіргі таңның биігінен қарағанда, өте-мөте сұранысқа ие де.

Сыни сауаттылық өз алдына нендей панорама? Зерделесек, оның фокусында мәтінді құрылымы, мазмұны, функциясы жағынан, сондай-ақ ақпараттың мақсатын сыни тұрғыдан қарастырғанда орын алатын ойлау үдерісі тұрады. Ұғымды түсінуге оның құрамын анықтау ықпал етеді. Басқа жағынан, менің ойым сыни тұрғыдан қарау бір мезетте бағалауды білдіреді, ақпаратты кең тұрғыда, барлық – құрылымдық, семантикалық және прагматикалық аспектісінде қабылдау. Асылы, сыни сауаттылық, барлық мәтіндер – ауызша, жазба және визуалды, қоғамның түрлі топтарын әлеуметтік тұрғыдан, мәдени, саясижәне экономикалық, түсіну мен көре білуді білдіреді. Яғни қоғамның бұл топтары мәтіндердің ауызша, жазбаша, визуалды жасалуын бақылайды. Сыни сауаттылықтың жетекші мақсаты – «кез келген зерттеу мәселесін түсінетін қолда ұстау» мұғалімдерде емес деген көзқарастан шыға отырып мектепті және қоғамды өзгерту болып табылады, олар өз оқушыларының бойындағы жаңалық ашу, түсіне, талдау, сын және қоғам өзгерісін көру дағдыларын дамыту.

Небәрі үш күннің өзінде Тина Қабдылқасымқызы бесқарағайлық пән мұғалімдеріне сын тұрғысынан ойлау технологиясының жиырмадан асып жығылатын маңызды-маңызды әдісімен жан-жақты үйретті, нұсқады, сарамандатты, тәжірибеледі. Тиімді деген әдістердің алгоритмін қадамды қадам қуалай түздірді. Топтарға бөліп, жұптастыра әрекеттетіп, ой-пікірлерді ортаға салғызып, шағын жоба жасатып, спикерлік тұрғыдан қорғатып, ортақтасқан нәтиже шығаруға бойындағы тәжірибесін Күн нұрындай шашты. Дәріс алған мұғалімдер қысқы сессия шымылдығын үйренген жаңа әдістеме арқылы сабақ жоспарларының үлгілерін жасаумен түрді. Семинар-практикум үдерісінде негізінен түрліше мәтіндермен етене жұмыс негізгі нысан болып тұғырланды.

Зерделесек, сын тұрғысынан ойлау - оқу-тәрбие үрдіс-үдерісінде жеке тұлғаға әсер етеді. Айталық, танымдық қабілетіне, еріктік үрдісіне, сезімдеріне, эмоцияларына. Пәндік білімдерін талдап топтастыру іске асады. Маңыздылығы бойынша топтастыру нәтижесі былайынша тамырлануы кәдік: әдістердің түрлілігі; белсенді практикалық іс-әрекетте болу; басқалармен қарым-қатынас жасай білу, басқаларды тыңдай білу; қажет болса өз көзқарасын өзгерту; топтық тұжырымға келу; топ алдына шығып, өз тұжырымын айта білу; мәтіннен негізгі ойды бөліп ала білу; өз көзқарасын қорғай білу. Ал осылар арқасында оқушылар бойында: өздігінен білім ала білуі; сын тұрғысынан ойлау іскерлігі жүзеге асады; кейбір әдістемелік тәсілдерді дағдыға айналдыру қабілеттері қалыптасады. Оқушылардың сын тұрғысынан ойлау қабілеттері дамыған сайын оларда басты-басты төрт параметрдің көрсеткіші өседі де: жекеден – жалпыға; дифференциалдыдан – сенімділікке; интуициядан – логикалылыққа; бір перспективадан – көптеген перспективаға. Демек бұл көрсеткіштерді өсіру үшін: өз бетінше тұжырым, қорытындыға келу қабілетін; ұқсас құбылыстар арасынан тиімділерін таңдай білуін; проблеманы шеше білуін; пікірталасты жүргізе білу қабілеттерін мейілінше һәм тиімді жолмен қалыптастыру қажет.

Қысқы сессия барысында әр қатысушы мұғалім осынау технологияның адал нанын тауып отырған һәм тәжірибелі С.С. Мірсейітованың «Мұғалім философиясының қалыптасуы және дамуы: гуманитстік парадигма» атты монографиялық оқу құралы және «RWCT сөздігі» деген кітабы берілді. Ал көктемгі демалыс кезінде болатын сессияда Маняпова Т.Қ. бесқарағайлық тыңдаушы мұғалімдерге ИнЕУ деңгейіндегі сертификаттарды табыстауды, әзірленген ашық сабақтарды көруді, сондай-ақ үлгі боларлық мұғалімдерге Қазақстан Оқу ассоциациясы үлгісіндегі арнайы сертификаттарды алуға үміткерлерді екшеуді жоспарлады.

Сайып келгенде, әдістемелік тұрғыдан жаңа заманалық серпін алған бесқарағайлық мұғалімдердің оқытушылық қайраткерліктеріне нақты нәтиже нұр үстіне нұр болып қомақтансын.

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ЖОББ мектебі директорының оқу істері орынбасары

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1400 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: