16:59
Әдістемелік бірлестік апталығында

ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕРЕЙЛЕНДІ

Жақында Бесқарағай жалпы орта білім беретін мектебінде қоғамдық-гуманитарлық пәндер әдістемелік бірлестігінің апталығы өткізілді. Осынау кешенді іс-шаралар қатарында қазақ тілінің мәртебесі де, қадірі де, құдіреті де мейілінше мерейленді. Оың үстіне өткізілген барлық шара Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күні мерекесіне арналды.

Аптаның бірінші күнінде сыныптан тыс шара ретінде қазақ тілінде білім алып жүрген 5,6,7-сыныптар оқушылары арасында «Жұлдызды сәт» атты ойыны оқу ордасының мультимедиялық дәрісханасында ұйымдастырылды. Ойынға 5-сыныптан Серікпай Айдана, Ахмедиев Азат, Тұрсын Тимур, Мурсалимов Сағыныш, 6-сыныптан Ағыбай Өміржан, Омаров Мерхат, Ерсайын Нұрмұхамбет, 7-сыныптан Джумашева Гүлзира қатысты. Жеті кезеңнен тұрған ойынға қатысқан оқушылар өзара қазақ тілін қаншалықты білетінін анықтауда барын салды. Ақыл-білім жағынан не бел, не белбеу кеткенше қызу тартысқа түскен қатысушылар қолма-қол сұрақтар жауап берді, әліпбидегі әріптер мен зат-құбылыстарға шешуге арналған жұмбақтарды шешті, мақал-мәтелдің жасырын тұрған сөзін тапты, «Қазақстан» деген сөзден ғана сөздер жасады. Нәтижесінде, Өміржан жеңімпаз атанса, Айдана екінші орынды иеленді, ал Азат үшінші орынды қанағат тұтты.

Аптаның сәтті күні саналатын сәрсенбіде орыс тілінде оқып жүрген 5,7,8-сыныптар оқушыларының қатысуымен «Қазақ тілінің білгірі» сайысы жүзеге асырылды. Мемлекеттік тілді білу тартысына аталмыш сыныптардан құрамаланған «Ақылды қыздар» (8-сынып оқушылары: Смакотина светлана, Тиссен Галина, 7-сынып оқушысы Тиссен ольга) һәм «Ұшқұр ұлдар» (8-сынып оқушылары: Шәріп Нұрғиса, Жунусов Эльдар, 5-сынып оқушысы Аркенов Роллан) топтары атсалысты. Жеті кезең барысында топтар топты таныстыру, сайысқа түсудегі мақсатты, «Менің елім – Қазақстан» тақырыбына шағын әңгіме жазуды, тізбектелген сұрақтарға қысқа да нұсқа жауап беруді, берілген мәтін үзіндісін екінші тілге аударып, мазмұнын айтуды, салт-дәстүрлерге байланысты сұрақ-сауалдарға толық жауап беруді, семантикалық картаны толтыруды, ұсынылған мақалдағы жасырын сөзді тауып, оны жалғастыруды ортаға салды. Өзіндік тартысқа толы сайыста «Ұшқыр ұлдар» тобы «Ақылды қыздар» тобынан ұпай жағынан озып, жеңімпаз атанды. Өзге ұлт өкілдері мемлекеттік тілді бір мәрте аспандатты.

Аптаның қасиетті күні жұмада қазақ тілінде оқитын 10-11 сыныптар оқушылары арасында қазақ тілін пысықтауға арналған «Брейн-ринг» зияткерлік додасы өткізілді. Оған 10-сынып оқушыларының «Талапкер» тобы (Аубакирова Айгерім, Ерсайынова Гүлнұр, Оспан Айзада) һәм 11-сынып оқушыларының «Түлектер» тобы (Шаймұрат Айбарыс, Оспанов Райымбек, Уапов Арлан) өзара таным-білімнің жан алысып, жан беріскен тартысына түсті. Қазақ тілінің «Лексика», «Фонетика», «Сөзжасам», «Морфология», «Синтаксис», «Пунктуация» салаларын пысықтауға арналған сұрақ-тапсырмалар тізбектелді. Қойылған сұрақ-тапсырмаға жауап дайындау үшін уақыт шектетілді. Алты ұпайға дейінгі додада осы оқу жылының соңында 50-түлек атанатын 11-сынып оза шауып, іздерін басып келе жатқан 10-сынып қыздарын жеңіп кетті. Осынау сыныптан тыс шара мемлекеттік тіл – қазақ тілін мәртебелетумен қатар ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындықтың дәстүрден тыс амал-әдісі ретінде де өзінше құндыланды. Қазақ тілін мерейлендіру мақсатымен апталық кезінде сабақтар арасындағы үзілістерде «Бағдаршам» интербелсенді қарым-қатынас технологиясы жүзеге асты. Мұғалім тарапынан қойылған сұрақтар тоқтатылған оқушылар бірден жауап беріп, дұрыс жауап қайтарғаны үшін тәтті сыйлықпен марапатталды. Сонымен бірге қазақ тілін пысықтауға арналған семантикалық карталардан посттар мектеп дәлізінде орналастырылды.

Осынау шараларды пән мұғалімі Б.Ибраһим іздене ұйымдастырды, шебер өткізді.            

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1039 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: