12:59
Дөңгелек үстел

КЕДЕРГІСІЗ БОЛАШАҚ

            Қазақстан Республикасы Конституция күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының Лебяжі аудандық филиалы ғимаратының мәжіліс залында «Кедергісіз болашақ» атты дөңгелек үстел өткізілді. Атаулы шараның жұмысына аудан әкімі А.Құрманова, аудандық мәслихат хатшысы Қ.Әлтаев, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрайымының бірінші орынбасары С.Мусинова, аудан әкімі жанындағы мүгедектер істері жөніндегі инспектор С.Кәрім, аудан әкімі орынбасары А.Қасымова, аудандық ардагерлер Кеңесінің төрағасы Т.Макин, аудан әкімі аппараты басшысы Ж.Мұқатова, сонымен бірге мүмкіндіктері шектеулі тұлғалар, мемлекеттік мекемелер һәм үкіметтік емес ұйымдардың басшылары белсенділік таныта қатысты.  

            Дөңгелек үстелдің шымылдығын ашқан Айзада Амангелдіқызы Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында «Нұр Отан» партиясына міндеттеп тапсырған бірден-бір міндет – мүгедек, мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасы жақсарту жұмысының қаншалықты жүзеге асырылып жатқанына кіріспе жасады. Осынау көкейкесті һәм сондай маңызды мәселенің аудан көлемінде жүзеге асуы бойынша мүмкіндіктері шектеулі жандарды жұмыспен қамту және сауықтыру жұмыстары пысықталды, сонымен қатар тұрғындардың аталмыш категориясына жататын азаматтарға ақпаратқа қолжетімділік жағын шешу де ұдайы күн тәртібінде екені екшелді. 

            Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы З.Оспанова өз кезегінде мүгедектерді қоғамда қалыптастыру және олардың өмірлерін жақсарту бойынша атқарылаған іс-шаралар жоспарының орындалуын баяндаса, аудандық аурухананың бас дәрігері З.Айдарханова мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық қызмет көрсетудің бүгінгі сапалық деңгейін бүкпесіз паш етсе, ал орталық кітапханалық жүйенің директоры Д.Табулова ауданға қарасты кітапханалардың арнайы әдебиетпен қамтылу жағдайы мен жұмыс түрлері жайын мәлімдеді.

            Дөңгелек үстел отырысына қатысқан басқа да тұлғалар өз ой-пікірлерін ортаға салуда тартынып қалмады. Айталық, аудан әкімі жанындағы мүгедектер істері жөніндегі инспектор Серік Садықұлы өз сөзінде мыналарға ерекше көңіл аударды: соңғы уақытта ауданда мүгедектерге, мүмкіндігі шектеулі жандарға деген назар айтарлықтай сезіле бастады, оның маңыздылығы жоғарыда сөз болған адамдарды жұмыспен қамтумен жұмыс белсендендірілді, аудан орталығындағы жолдарда жаяулар өтетін орындарда арнайы жол белгілері орнатылды, ақпараттық қызмет көрсету нүктелерінде мүгедектерді, мүмкіндігі шектеулі жандарды кезектен тыс қабылдайды және тағы басқасы. Сонымен бірге мекемелер мен кәсіпорындар басшылары аталмыш тұрғындар категориясына жататын азаматтардан партиялық жарналар алынбайтынын, жұмыспен қамтылған жандарға қосымша төлемелі демалыс күндері берілетінін жадыда мықтап сақтау қажеттігін ескертті.

            Келелі кеңесті қорытындылаған аудан әкімі Айзада Амангелдіқызы мүгедектерді қоғамда қалыптастыру бойынша, аталмыш тұрғындар категориясы толық түрде өмір сүруіне барлық игі жағдайлар жасау бойынша һәм өз ісін бастауға ниет білдіргендерге бөлінетін қаржы-қаражат бойынша жұмыстарды жүзеге асыруда орындалып жатқан жұмыстар белсенділігімен көзге түсіп отырғанын ризалықпен білдірді.

            Аудан әкімі күн тәртібінде көтерілген сұрақтар бойынша басшыларға нақты-нақты тапсырмаларды орындауды міндеттеді. Атап айтқанда, барлық қоғамдық маңызы бар пукнттерде пандустарды дайындау, еңбек қатынастары және басқа да бағыттағы уақтылы түсіндіру жұмыстарында мін болмауы тиіс.

            Шараның ресми бөлімінде аудан әкімі А.Құрманова мүмкіндіктері шектеулі азаматтарға Құрметті грамоталар мен Алғыс хаттарды салтанатты түрде табыстады. Айталық, Қазақстан Республикасы Конституция күні және көп жылғы адал еңбегі үшін Құрмет грамотасымен Майжан Акижанова, ал Алғыс хаттармен Закия Чакарбаева мен Әлібай Ауталяпов марапатталды. Ә.Аутялапов аудан басшылығына ризалығын білдірді.  

           

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ[i]

Аққу ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

 

[i] Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі, №3741-мүшелік билет

Просмотров: 825 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: