14:54
Біліктілік арттыру курстары - 2012

БІЛІКТІЛІКТІ АРТТЫРУ ҮДЕРІСІНДЕ МҰҒАЛІМНІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ӘЛЕУЕТІН ДАМЫТУДЫҢ ТЕХНОЛОГИЯСЫ

Маусым-шілде айларының табиғи тоғысуы һәм түйісуінде, 25 маусым – 8 шілде аралығында, Павлодар облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне арналған «Біліктілікті арттыру үдерісінде мұғалімнің шығармашылық әлеуетін дамытудың технологиясы» деген тақырыппен курс өткізілді. Жалпы жетекшілікті аталмыш институтта әуелден-ақ абыройлы еңбек атқарып жүрген кемел де білікті маман-әдіскер Дайырова Айтжамал Қабиденқызы мықтап қолға алды.

Институттың қазіргі таңдағы келбетіне аз-кем шолу жасап кеткенді жөн деп таптым. Жалпы алғанда, осынау оқу орны аймақ мұғалімдерінің жүрегі мен жанында айырықша орын алатын бірегей, бірден-бір жылы ұядай мекен екені даусыз. Басқарушылық әлеуетімен облыс көлемінде қашаннан таңылған Жалмағамбетова Б.Ш. басшылық жасап отырған ПҚБАИ заман талабына жабдықталып жатқаны бірден-ақ көзге түседі. Ол ол ма, курс тыңдаушылар үшін барлық жағдайлар әуелден-ақ қарастырылған. Сонылығымен кәсіптік тұрғыдан мерейлететін құзырлы тосын, әрине, әр тыңдаушының қолына пайдалануға берілетін жұмыс дәптері табылады. Айталық, аталмыш дәптерде ағымдағы курстың оқу кестесі, терминдер глоссарийі, өтілетін сабақтардың негізгі түйіндеме, ереже-анықтамаларынан құнды да қажетті түсініктемелерімен қоса тәжірибелік тапсырмаларадың дидактикасы мазмұн һәм қажеттілікке сай кәсіптік жағынан оңтайлы өрнектеліп берілген. Сонымен бірге ақпараттық-коммуникациялық технологиялану тұрғысынан да институт барлық талаптарға сай-ау.

Пән әдіскері Дайырова А.Қ. аймақтан ағылып келген қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдеріне «Тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы», «Қазақ тілі мен әдебиетін оқытудың жаңа талаптары», «Мұғалімнің акмеологиялық позициясы», «Поэтикалық туындыларды талдау арқылы шығармашылық әрекетті ұйымдастыру», «Шығармаларды жанрлық ерекшелігіне қарай зерттеу және жобалау әрекеті арқылы меңгерту», «Кәсіби шығармашылық әлеуетті дамыту амалдарын зерттеу, жүйелеу және жобалау», «Проектілік әрекеті арқылы мұғалімнің шығармашылық әлеуетін дамыту», «Лингвистикалық нысандарды проекті технологиясы арқылы меңгерту» тақырыбында пайдалы сабақтар және «Мұғалімнің шығармашылық әлеуетін дамыту жолдары», «Оқушылардың зияткерлік мүмкіндігін дамытатын жұмыс түрлері», «Кәсіптік кемелдену-білімдену әрекетін нәтижеге бағыттаудың факторы» тақырыптарын қамтыған таңдау лекцияларын ұтымды өткізсе, С.Торайғыров атындағы Павлодар Мемлекеттік университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Жұматаева Е.Ө. ғылым нәрімен тұнып тұрған «Мұғалімдердің зерттеушілік әрекетін ұйымдастырудың ғылыми-әдіснамалық негіздері» тақырыбындағы сабағын сәтті сабақтаса, ПҚБАИ директорының орынбасары Әлиақпарова С.У. «Педагог кадрлардың аттестатталуы – педагогикалық шеберліктің факторы» тақырында аса қажетті сабағын зерделесе, Павлодар қаласындағы №19 ЖОББ мектебінің директоры Нөгербаев Т.К. сол мектепте тыңдаушыларға «Мұғалімнің шығармашылық әрекетін ұйымдастыру», «Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамыту жолдары» атты тәжірибелік бағыттағы сабақтарын ұсынса, сол мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Шөлбаева Қ.Б. институтқа келіп «Оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытатын жұмыс түрлері» тақырыбындағы тәжірибелік сабағын өрнектесе, ПҚБАИ АТО әдіскері Піржанова А.З. замана талабына сондай қажетті «Ақпараттық-коммуникативті құзыреттілікті қалыптастыру», «АКТ-ны қолдану» деген тақырыптарды қамтыған сабақтарын интербелсенді тақтаны мейілінше пайдалану арқылы абыроймен өткізді. Жалпылағанда, өткізілген әрбір сабақ һәм оларды өткізген әрбір ұстаз кәсіптік тұрғыдан жоғары деңгейде өрбітілді.

Курс тыңдаушылар да жай тыңдаумен ғана шектелмесі анық. Сабақтар барысында шағын да болса зерттеушілік жобалар әзірлеп, оларды көпшілік алдында сәтті қорғауда да қажырлылық танытып тер төкті.

Жоғарыда сөз болғандай, 27 маусымда Дайырова А.Қ. курс тыңдаушыларды №19 мектепке алып барды. Онда соңғы 3-4 жылда сапалы түрде оқытылып жүрген «Мәшһүртану» аймақтық деңгейдегі курстың бүге-шігесімен таныстырды. Ондағы мұражайды аралатты. Тыңдаушылар аса құнды әдістемелік қорды арқалап қайтты.

Курстардың шымылдығы түрілген қимас сәтте сертификаттармен салтаанатты түрде марапатталған аймақтан жиналған қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері өз жүрекжарды тілектері һәм алғыстарын шын жүректен Күн нұрындай шашып, айналаны адамгершілік сезіммен сәулелендіріп жіберді.

Асылында, осынау деңгейдегі біліктілік арттыру курстары мұғалімдерді жаңа, соны кәсіптік биік-белестерді абыройлы еңбек, тынымсыз ізденіс, әлеуетті ғылым, зерделі зерттеу арқылы бағындыруға жетелейтіні абзал.

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

курс тыңдаушы,  

Бесқарағай жалпы орта білім беретін  мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі,

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 13928 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: