16:16
Білгенге - маржан

СҮЙЕК, МҮЙІЗДЕН ЖАСАЛАТЫН ЗАТТАР

Қазақ шеберлері мен зергерлері сүйек пен мүйізді жеке бұйымдар мен заттардан басқа сәндік, әшекей, ою-өрнек жүргізуге де ұтымды қолдана білген. Мысалы, домбыра, қобыз, тағы басқа саз аспаптарына, ер-тоқым, сандық, қобдиша, кебеже, кереует, асадал, адалбақан, дыс-аяқтарды әшекейлеген. Қылыш, сапы, пышақ, бәкі, біз сияқты құралдарға сап, қын жасады. Мүйіздерден моншақ, түйме, ілгек, қапсырма, құрысқақ, сырға, тұмарша сияқты тағымдар мен әсемдік бұйымдар шығарып, олар көздің жауын алған. Сүйек пен мүйізге ағаш, жез, мыс, темір, алтын, күміс, асыл тастарды қосып, бағалы бұйымдар құнын арттыра түскен.

Етікшілер сиыр сирағының сіңірін ұзына бойы кесіп алып, әбден кептіріп, оы қатты соғу арқылы жұмсартып, тарамдап, ширатып, есіп «тарамыс» деп аталатын өте берік жіп жасайды. Онымен аяқ киімдер, ат әбзелдерін тағы басқа тері бұйымдарын тігеді.

Піл сүйегін қазақтар дандан деп атаған. Сирек кездессе де шеберлер оны да қолдана білген. Одан алмас қылыштар мен сапыларға сап, тарақтар жасаған. Піл тісінен ойылған тана, алқа, үкіаяқ, шекеліктерді мұражайлардан әлі кездестіруге болады. Киіз үй туырлығын, түндігін ағарту һәм су өтпес үшін және берік болуы үшін күйдірген сүйек ұнтағымен борлаған.

Халық шеберлері тұрмыс қажетіне құстың сүйегі, қанаты, қауырсын, жүндерін де кең қолданған. Сәндік үшін үкі қауырсынын жәе үлпілдегін қыздар мен келіншектердің бас киімдеріне қадайды. Ал, хұснихатшылар, қаламгерлер, шәкірттер, молдалар құс қауырсынын қалам ретінде пайдаланған. Қаз, тырна, бүркіт қанаттарын сыпырғыш орнына қолданып, оны «қанат сыпырғыш» деп атаған. Үкі, бүркіт сияқты құстардың тұяғын, жыланның кепкен бас сүйегін де әсемдік үшін кәдеге жарата білген.

Он саусағынан өнер тамған халық шеберлері сүйектер мен мүйіздерді кәдеге жаратудың үрлі тәсілдерін де таба білген. Оны қайнату, балқыту, жібіту, қыздыру, жону, қашау, егеу, күйдіру арқылы іске асырған. Бұған семіз әрі жас малдың (көбінесе жылқының) сүйектерін алған. Шеберлер әдеттегідей зергерлік құралдарды пайдаланады. Ал, сүйек пен мүйізді арнайы өңдейтін құрал «қысқы» деп аталады.

Сүйек пен мүйіз, құс қауырсындары қазақтың әдет-ғұрып, ырымдары мен салт-дәстүрлерінен де кең орын алған. Мұны дәлелдейтін мысалдар да көп.

Бала асырап алғанда оның оң қолына асық жілік ұстатады һәм оны сандыққа салып сақтап қояды.

Балаға пәле-жала, жын-шайтан, тышқан, құрт-құмырсқа келмесін деп бүркіттің, үкінің тұяқтарын бесіктің ьас жағына, арқалығына тағып қояды.

Әр үй немесе жалғыз жолаушы жолына қырық кәрі жілік сақтайды. Ол халық ырымында қырық жігіт болып көрініп, қауіп-қатерден қорғайды деген ұғым бар.

Мал сүйегін отқа жақпайды.

Мал басы кемиді деп түйенің, жылқының басын тойға немесе соғымға сойғанда бас сүйегін бөлмейді.

Асық етін мүжімейді және «алты жыл аш болсаң да асық етін мүжіме» деп мақалдайды.

Тобықтың етін тастамайды. «Тоғыз жыл тоқ болсаң да тобық етін тастама» деген қағида бар.

Қойдың, ешкінің бас сүйегін тісін қақпай асып, оны қатты құртты езуге қолданады.

Кеуде ауруымен ауырғандарды әр ауылдардағы соғымның қырық сирағын жинап әкеліп қайнатып, соның майын ішкізіп емдейді.

Жамбас сүйекке тіс тигізбейді.

Тұрмысқа шықпай қалады деп қызға кәрі жілік ұстатпайды.

Баланың мойны қисық болады деп шілдеханаға сойылған малдың мойын омыртқаларының ішіне түзу шыбық өткізіп кептіреді.

Қойдың жауырын сүйегін күйдіріп, бақсы-балгерлер бал ашқан, болашақты болжаған.

Ойын-сауықтарда да жастар мал мүйегін көп қолданған. «Ақсүйек» ойнағанда жауырынды, «Кімді жақсы көресің?» ойынында ашақайды, «тобық тығу» ойынында тобықты пайдаланған. Ал асық ойыны – барлық қазақ балаларының ғасырдан ғасырға әлі күнге дейін жалғасып келе жатқан ең сүйікті ойынының базары десе де болдаы. Сиырдың топайын (асығын) дала ойындарына ған қолданған.  

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 1059 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: