16:15
Білгенге - маржан

СҮЙЕК, МҮЙІЗДЕН ЖАСАЛАТЫН ЗАТТАР

Аттарақ – жылқының жіліншігін жарып, жұқалап, оған егеп тіс салып, ағашқа саптайды.

Білезік – сиыр мүйізінен жасалады. Сырты жылтыр, оған түрлі ою-өрнектер салынады.

Бұғышақ – аңшылардың түрлі, қатты үн шығаратын үрмелі дыбыс құралы. Бұған мүйізден түтік қойылады.

Дойбы – бақайшық, қызасық және жіліншік басының түбін егеп, бояп дойбы тастарын жасайды. Сондай-ақ бұған ірі балық омыртқаларын да қолданады.

Жебе – ертеде жаугершілік жылдары жылқының жіліншік сүйектерінен кәдімгі садақ жебесінің ұштарын жасаған.

Зырылдауық – қойдың, ешкінің, киіктің бақайшық сүйектерінен біреуден немесе екеуден қосып, ширатылған жіп арқылы біресе тартып, біресе босатып отырғанда зырылдап дыбыс шығарған. Мұнымен балалар ойнайды.

Зымырауық – ортан жіліктің жұмыр басын ортасынан тесіп, ағаш өткізеді де балаларға зымырауық ойыншық жасайды.

Сауыт – қақтаған мүйізден құрап, қыздардың ине-жібін салатын бұйым жасалады.

Сыбызғы – мүйізден, құстың (қаз, тырна) ортан жіліктерін өңдеп, кептіріп, әр жерден тесіп жасаған үрмелі аспап әртүрлі дыбыс шығарған.

Сырға – сиыр мүйізінен әшекейлі, өрнекті, әсем сырғалар жасалған және ол бағалы тағымдар қатарында саналған.

Сояу – киіз, жабағы тігетін сүйек тебен.

Сүргі – тері шелін сыдыратын сүйек құрал.

Тарақ – сиыр мүйізінен әдемі шаштарақтар мен әртүрлі тісті бастарақтар жасалған.

Тастұяқ – жылқы тұяғын қайнатып, ішкі сүйектерін алып тастап, өңдеп, оюлап, өрнектеп жасаған саз аспабы. Оған бау тағылған.

Тоқуыш – (тоқубіз) – кәрі жіліктің шыбығының үшкір жағынан ілдіргі жасап жүннен тоқыма бұйымдарын (қолғап, шұлық, т.б.) жасайтын құрал.

Тіс шұқуыш – малдың, құстың сүйектерін жаңқалап, жұқалап егеп тісшұқуыш жасауға болады.

Түтік – ұсақ малдың немесе құстардың жіліктерінің екі басын кесіп тастап әртүрлі түтіктер жасайды. Оны местің, торсықтың аузына өткізсе ыдысқа құюға ыңғайлы болады. Сол сияқты жерден ұра қазғанда ауа жаңарып тұру үшін түйе жіліктерін тұрба орнына қолданған.

Қамшы сабы – киіктің терісімен кептірген сирағын балаларға, әйелдерге, сыпайы кісілерге арналған қамшының сабына пайдаланған. Мұндай қамшы сый-сияпат орнына да жүрген.

Қалақ – ірі малдың жауырын сүйегінен көмір, құм салатын шеберлер құралы жасалған.

Ожау – арқар, сиыр мүйізінен істелген сәнді қымыз ожаулар жасау хас шеберлер қолынан ғана келген.

Киім ілгіш – бұғы, арар, киік мүйіздерінен, қой, ешкі бақалшықтарынан киім ілетін ілгіштер жасаған.

Мүйізқақпай – ұрғашы сиыр мүйізінен жасалатын соғу арқылы дыбыс шығаратын саз аспабы.

Ұстара – мал қабырғасын отқа күйдіріп, қырнап, өткірлеп шаш алатын пышақ. 1929 жылы Қостанай облысындағы Батпаққара көтерілісшілері (қазіргі Амангелді ауданы) ауданды басып алып, коммунистердің шашын әдейі осы сүйек ұстарамен сыпырған.

Ұршық басы – ортан жіліктің жұмыр басын ортасынан тесіп жасалған кәдімгі ұршықтың басы ауылда әлі жиі кездеседі.

Насыбай шақша – шеберлер мүйізден, сүйектен жасап, оны әртүрлі металдармен әдіптеп, белгілі адамдарға сый етіп тартқан.

Шүмек – асықты жіліктің бір жағын кесіп асықты жағының бүйірін тесіп бесіктегі сәбиге шүмек жасайды.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

Просмотров: 817 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: