11:35
Балаларға базарлық болатын ежелгі аңыздар

КЕНТАВРЛАР жайлы МИФ

Жылқыны адамның осыдан үш мың жылдай уақыт бұрын қолға үйретіп, азия мен еуропада көлік және жүк тасу құралы ретінде пайдаланғаны мәлім. Христофор колумб ашқанға дейін Америка құрлығында аттар болған жоқ...

Ежелгі гректер мен мысырлықтар аттарды қос доңғалақты арбаларға жекті. Олар атқа салт мінуді білмеді.

Бүгінде қолымызда бар археологиялық және палеографиялық жадығаттар мен деректерге жүгінсек, біздің дәуірімізге дейінгі адамдар мекендеген барлық белгілі жерлерде «салт аттаның киімі» деген ұғым мүлдем болмаған. Ерлер де, әйелдер де ұзын етекті киім киген. Шалбарды, ең алдымен, салт атты адам киімінің қажетті бір бөлігі ретінде көшпелі малшылар ойлап тапқан. Оны әдемі болғандығы үшін емес, атқа мініп-түскенге ыңғайлы һәм қолайлы болғаны үшін киген. Алғашқыда бұл тікенек бұталардың арасымен жүргенде аяқты қорғайтын берік былғарыдан жасалған киім болған.

Ер-тұрман әбзелінің аяқ салуға арналған бөлігі – үзеңгінің шығуы етіктің жаңа нобайын ойлап табуға жол ашты. Үзеңгіге аяқты тіреу үшін үшкір тұмсықты, аяқ үзеңгіде тиянақты тұруы үшін биік өкшелі, балтырды қажамас үшін ұзын қонышты етік пайда болды.

Кентавр – мифологиялық бейне. Оның ежелгі грек әдебиеті мен өнерінде пайда болуы – ежелгі Эллада тұрғындарына құдды атпен тұтасып кеткен далалық адам бейесінде көрінген сол замандағы ақиқаттың түсініксіз әрі ғажайып құбылысын санаға үйлесімді сіңіруі.

Салт атты далалықтардың сипаттамасы мынадай: «Динлин патшалығы бар. Ондағы адамдардың тізесінен төмен жүн өседі, (олар) жылқы тұяқты, жаяу жүргенді ұнатпайды». «Тағы да онда жалбыр жүн басқан, жылқы аяқты батырлар бар. Бұлар Динлин елінің тұрғындары екен. Олар өз-өздерін аяқтарынан қамшымен сабалап, күзгі аспандағы жабайы қаздардай «га! га! га!» деп қиқулап, сақарада желдей жүйітккіп өтеді».

Кентаврлардың (жартылай адам – жартылай ат) бейнелеріне, әсіресе, антикалық классикалық әдебиет пен өнер бай. Мифтерде кентаврлар құмарлыққа салынған, кепкен етпен қоректенетін дөрекі, хайуан кейпінде көрінеді. Олардың негізгі қаруы – ауыр шоқпарлар мен дұшпанға жойқын күшпен лақтыратын зор жартас сынықтары. Олар құдды грек өркениеті мен мәдениетіне дұшпан, дөкір күштің бейнесіндей болды. Сірә, Грекия мен Даланың алғаш беттесуі, белгісіздік пен таңғажайыптың алдындағы үрей осындай бейнелерді тудырған болар. Жануар терісінен жасалған киіммен жапан далада желдей жүйткіген салт аттыларды ежелгі жаяу гректер басқаша пайымдай алмас еді.

Бірақ уақыт өте келе дөрекі жануар-бейнесі неғұрлым жұмсақ сипатқа ауысты.

Антикалық орта дәуірде кентавр мүлдем басқа кейіпте қабылданады. Мұнда кентаврлар көптеген атақты грек қаһармандары мен батырларының – Ахиллестің, Леонның, Кастордың, Полидевкінің және Гераклдың ұстаздары ретінде танылды. Әсіресе, дана кентавр Хиронның аты жұртшылыққа кеңінен мәлім. Ол сазгер, гимнаст, мерген садақшы, шипагер емші және сәуегей болған. Өзінің шәкірттерін алуан ғылымға үйреіп қоймай, оларды нағыз жауынгерлік машықтарға баулыды.

Бірде Геракл мен Хирон керісіп қалып, қиян-кескі шайқасқа түседі. Геракл улы жебемен кентаврды ұшырып түсіреді. Бірақ дана шипагер өзінің жарасын кәдімгі көктікен деген гүлмен емдеп жазады. Сол кезден бері көктікен кентавр гүлі деп есептеледі.

Кентаврдың мифологиялық бейнесі тек гректердің өнер туындыларында ғана неше түрлі мүсіндер, бейнелер мен суреттер түрінде сомдалып қоймай, жаратылыс ғылымдарында да, атап айтқанда, жұлдыздар жайындағы ғылым – астрономияда да көрініс тапы. Жұлдызды аспанның солтүстік жарты шарында Кентавр шоқжұлдызы бар. Ал үш-төрт жарық жылы қашықтығында тұрған, біздің Күнге ең жақын жұлдыз Кентавр Альфасы деп аталған.

Осылайша, ежелгі гректердің «Кентавр жайлы мифінде» қорқынышты әрі жұмбақ, сонысымен өзіне тартатын сақара сарбазының бейнесі құпияланып таңбаланады. Салт атты адам – күн батарда көрінетін сұлба – астрологиялық әдебиетте Мерген белгісімен тіркелген Кентавр.

 
 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

 

 

Просмотров: 197 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: