16:46
Бабадан қалған асыл сөз

ҒАСЫРЛАР ТОҒЫСЫНДА

ДУЛАТ БАБАТАЙҰЛЫ (1802-1871 ж.ж.)

Туған елдің тарихи бір кезеңін жырлап өткен қайталанбас, бірегей ақын Дулат Бабатайұлы қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданында дүниеге келген. Бұқар жырау, Ақтамберді жырауларды ұстаз тұтып, көне түркі поэзиясынан тағылым алған. Тарихи деректерге сүйенсек, ол өлеңді ауызша да, жазбаша да шығарған. Дулат ақын өз кезеңіндегі әлеуметтік және тәрбиелік мәні зор мәселелерді ой толғағынан өткізіп, ХІХ ғ. қазақ даласында көрініс бере бастаған ел басқару саясатындағы, ұлттық салт-дәстүрдегі өзгерістерді өз жырларына тақырып еткен, әсіресе, пата өкіметінің отарлау саясаты тұсындағы елдің ішкі-сыртқы саясатындағы қарым-қатынастарға көңіл бөлген.    

Аққан бұлақ сай-салаң,

Шытырман тоғай айналаң.

Жоның жайлау кең алаң,

Атам қонған иен далам!

Мендей сені қызғанар

Бауырыңда өскен қай балаң?

Көл қорыған қызғыштай,

Сен десе, салам байбалам.

Жайлауыңды көргенде –

Жадыраймын, жайланам.

Өксігіңді ойласам –

Ұйқы беріп, қайғы алам.

* * *

Кешегі бір заманда,

Қайран қазақ, қайтейін,

Мынау азған заманда

Қарасы – антқор, ханы – арам,

Батыры көксер басы, аман,

Бәйбіше – тантық, бай – сараң,

Бозбаласы – бошалаң,

Қырсыға туды қыз балаң.

Нары – жалқау кер табан,

Құсы – күйшіл, ат – шабан,

Жырғалаң жоқ, жобалаң.

Елі кеткен ел болды,

Енді қайда мен барам?

* * *

О, Сарыарқа, Сарыарқа!

Самалың салқын жон едің.

Сырдан ауып келгенде,

Жапырылмай шалғының,

Балауса балдыр балғының,

Тимеген ірге соны едің;

...Масаты кілем жайғандай

Қоныстың шұрай жері едің!

* * *

...Төреліктің белгісі

Елін жауға бере ме?

Еліне қорған болмаса,

Ел төрені көре ме?

* * *

Елің үшін еңбек қыл,

Отыра берме бекерге.

* * *

Ту ұстап, тұлпар жаратпай,

Алдынан топ таратпай,

Елді аузына қаратпай,

Жай отындай оқ аттай,

Анадан тудым дегенмен,

Бастамаса ел, ұлан ба?

* * *

Жақсы болса ұлығы,

Өз елін жаудай таламас.

Азғын елдің бектері

Қан шықса елін жұлмалар

Қасқырменен аралас.

* * *

...Би мен бектің сәні жоқ –

Елін қорғай алмаса,

Тура жолға салмаса,

Ыстығына күймесе,

Суығына тоңбаса.

* * *

...Айтуға ауыз келе ме,

Аягөз кімнің жері еді?

«Жер сауырын – жайлауды

Ел сауыры» дер еді.

«Жер кімдікі?» дегенде,

Аға сұлтан, қазылар

Не деп жауап береді?

* * *

Өзен-судың сәні жоқ –

Өрлей, құлдай қонатын,

Жағасы малға толатын

Аймақты елі болмаса...

* * *

Сырын білмей бой салма,

Атасы оның текті деп,

Тұрлаусыздан сөз ұқпа,

Аузы оның епті деп.

Нашардан шыққан жақсының

Сөзін жерге тастама,

Атасы нашар өтті деп.

* * *

...Азған елдің адамы,

Апшыған сұмдар қадамы,

Жүйрікпін деп шабаны,

Момынға жапса жаланы,

Қулық, сұмдық табады.

Арқасы елдің жауыр боп,

Артқан жүгі ауыр боп,

Төрт аяқтан ақсады-ай.

* * *

Елің түсті езгіге,

Жол бермей дұрыс сөздіге,

Көр соқыр бермей тізгінін

Көкірегі көздіге;

Елдің қамын жейтұғын,

Мынауың теріс дейтұғын,

Шетке қарсы тұратын

Ішіңнен шыққан адам жоқ.

* * *

Еркін өскен қайран ел,

Дәулетің бейне шалқар көл,

Айдының бейне асқар бел,

Ботадай бейне өскен тел.

* * *

Ата-анасы бар болса,

Ағайыны көп болса,

Бәрі де тату болғанда,

Қорғаны бар үймен тең.

Халқың тегіс болмаса,

Жақсыны көзге алмаса,

Қамзол кисең жараспас,

Қарапайым сөзбен тең...

* * *

Ай, азамат, тату бол!

Әлі-ақ көзің жойылар.

Мынау жалған дүниеңіз

Батып кеткен күнмен тең.

* * *

Халайықтар, жараңдар,

Халқыңменен тату жүр.

Өтетұғын сұм дүние

Қаңқылдап ұшқан қазбен тең.

әзірлеген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Ақсу қаласының №2 ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 246 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: