09:58
Қазақтық

АСЫҚ ОЙЫНЫ

 Асық ойыны – қазақ халқының дәстүрлі ойыны.

Асық ойыны күндіз де, түнде де ойналады. Күндізгісі – мергендікке, түнгісі – ептілікке баулиды. Иіргенде түскен қалпына қарай асық – алшы, тәйке, бүк, шік, омпы (оңқы, оңқа, омпа), шоңқы (шоңқа) деп аталады.

Асық ойынының құмар, тәйке, омпы, алшы, хан (хан ату немесе хан талапай), қақпақыл немесе шуыртпақ, т.б. түрлері бар.

Мысалы, құмар ойынына 2-4 адам қатысады. Олардың жақсы жонылып, табаны қайралған төрт асығы болуы керек. Ойыншылар өзара келісіп жеңімпазға жүлде тағайындап алады да кезек-кезек төрт асықты иіреді. Егер иіруші: төрт бүк, не төрт шік, не төрт алшы, не төрт тәйке түсірсе, жүлденің жартысын алады, төрт асық төрт түрлі түссе, онда тігілген жүлдені түгелдей алады. Осылайша ойын жалғаса береді.

Асық ойыны тегіс алаңда, жазық жерде, тіпті үлкен бөлме ішінде де ойнала береді. Ойынға қатысушының саны неғұрлым көп болса, ойын соғұрлым қызықты өтеді. Мақсат – көп асық ұтып алу. Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көмбе сызады да көмбенің тең ортасына сызық бойына бір асықты оңқысынан тұрғызады. Балалар кезек-кезек сақаларымен он қадам жердегі омпыны (оңқыны) атып түсіріп, асық ұтып алуға кіріседі. Егер атушы омпыға (оңқыға) бірден тигізсе, онда тігілген бар асықты сол алады, ал оңқыға тигізе алмай, тұрған асықтардың біреуіне тигізсе, сол асықты ғана алады. Асық жаңартыла тігіліп, ойын жалғаса береді.

Асық ойынының халық арасына кең тараған, басқа да түрлері бар.

Кеңес өкіметі кезеңінде ұлттық ойындар, оның ішінде асық ойыны, еріккеннің ермегі, балаларға тәрбие бермейді деп есептелді. «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар» деп мақалдаған да кездер болған.

Асықты кемі екі баладан бастап қанша бала ойнауға да болады. Үлкен мен кіші бір-біріне қамқор болып келісіп ойнауға да, құрдас пен құрдас бір-біріне бәсекелесіп ойнауға да, үлкен мен кіші бір-бірін сынай ойнауға да әбден болады.

Асық ойыны кезінде ойыншы жүгіріп, секіріп, көздеп, тигізіп, ерегесіп, татуласып, жеңіп, жеңіліп, ұтып, ұтылып, асығы көбейіп, азайып ойнайды. Таза бәсеке, таза тәрбие. Өтірігі, арамдығы, жалғандығы жоқ. Болмайды да. Ұлттық тәрбие. Ұлттық ойын. Спорт ойыны, спорттық бәсеке. Шеберлікке, мергендікке, батылдыққа, шешімділікке, ырымға, ырысқа тәрбиелейді. Міне, асық ойынының кереметі осы.

 

Психологиялық мәні:

Халқымыздың әрбір ойынының астарынан даналығы мен тереңдігін аңғаруға болады.

Бұл психологиялық сараптауларда ұлттық ойындардың көзге көрініп тұрған бергі жақтарын ғана тілге тиек етеміз, оларды терең саралау, зерделеу – болашақтың еншісінде. Қазақтың көрегендігі мен тереңдігі көрініс алған ойындарының бірі – асық ойнау.

Асық ойыны арқылы халқымыздың өз тұрмыс-тіршілігімен біе қайнасқанын көреміз. Асық – төрт түлікте (жылқы асығы ойнауға жарамайды) бар дүние. Онымен кезінен ойнау арқылы бала бес түлікке жақын болып өседі. Көзін ашқаннан ұстағаны және қолының тигені бес түліктің сүйегі болып, еті үйренеді.

Асық – баланың қолы үшін өте икемді, экологиялық табиғи және өте ыңғайлы ойыншық. Қазіргі таңда балаларды жетілдіруде табиғи ойыншықтармен ойнаудың маңыздылығы айтылып жүр.

Асық ойнағанда баланың бүкіл денесі қозғалысқа түседі, ширайды. Жалпы, психологияда, мектепке дайындық барысында тек қана интеллектуалдық дайындықпен қоса, психологиялық және физиологиялық дайындыққа аса назар аудару қажеттігі дәлелденген. Мектептегі тәрбие, сағаттап партада отыруға еті үйренбеген баланы физикалық тұрғыдан дамыту – баланың сабақа үлгеріміне жақсы әсер етеді. Ал асық ойнау барысында ойын баласы ширап, жаттығады.

Сонымен бірге, бабалық шақ – тек психологиялық тұрғыда ғана емес, тән, яғни физиологиялық тұрғыдан да өсіп жетілетін кезең. Бұл кезде ойын арқылы тұла бойының қимыл-қозғалысқа түсуі – бала денінің сау болуына ықпал етеді.(жалғасы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 26 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: