16:23
Қазақтық

КЕЛІН КӨҢІЛІ

Келін көңілі – қазақ ұлтының ертеден бері қалыптасқан салты.

Әр отбасы, әр адам аяғы ауыр келіннің көңіл-күйі көтеріңкі болуы үшін қызмет етеді. Ол үшін ауыл-аймақ жастары мен келіндері «келін көңілі» деген кеш ұйымдастырады. Мал сойылады, бауырсақ пісіріледі, қымыз сапырылады. Әнші, күйші қыз-жігіттер жиналады. Әзіл-қалжың, ойын-күлкінің оты дуылдай түседі. Кешке жиналғандардың бәрі екіқабат әйелдің көңілін табу үшін өнері мен қызметін аямай жұмсайды. Мұны көрген келін де жадырап, көңіліне үлкен сенім ұялайды, денсаулығы да жақсара түседі. Мұндай жағдай іштегі балаға да әсер етеді, тез жетіледі, денсаулығы да мықты болады.

Көңілі күпті жүретін екіқабат әйелдің қас-қабағына қарау, оның көңілін орта түсірмей, аялап ұстау – қазақ ұлтының қашаннан бергі қалыптасқан қасиетті қағидасы. «Келін көңілі» тек келін ғана емес, оның жанындағыларға да игі әсер етеді. Үлкен-кішілері де жақсы ән, жақсы сөз тыңдап бір жасап қалады. Кешті ұйымдастырғандарға қарт әжелер, аналар, ене кәдесін, жол-жораларын ұсынып, ақ батасын береді. Аталған дәстүр халық мәдениеті мен өнерінің бір көрінісі.

 

Психологиялық мәні:

Келін көңілі кешінің психологиялық астары құрсақ той мәнімен ұқсас. Құрсақ тойда келіннің қайын жұрты «әулет адаммен толығатын болды, әулеттің өмірін жалғастыратын адам келеді» деген жеке қуанышын атап өтсе, келін көңілі кешін өткізу салты құрсаққа емес, аяғы ауырлаған келіннің көңілін көтеруге арналған.

Кәмелетке толғанша үйден ұзап шықпаған, аялы алақанда өскен қызға кеше ғана жат жұрттың босағасын аттағанның өзі психологиялық жүк саналады. Қалыптасып қалған бар болмысын келіндік ғұмырына лайықтай бастағанда, келіндік, жар келбетін қалыптастыруға енді еті үйреніп келе жатқанда аяғының ауыр болуы сырт көзге ғана қуанышты жағдай. Себебі көбінесе аяғы ауырлған келіншек өзінің қыз ғұмырымен қоштасып үлгермей жатады.

Сондықтан бұған дейін психологиялық тұрғыда қалыптасып үлгерген болмысын жаңа өмірге байланысты бейімдеп, «биік белестерді» бағындыруға бар күшін салып жүрген жас келін үшін оның көңілін елеп, көңілін көтеруге әрекет жасау – көңілді орнына түсіруге көмектеседі. Аяғы ауыр болғанына қарамастан, өзінің әлі жас келін екендігін, ойы мен бойын ұмыт қалдырмауы керектігін жеткізеді. Сонымен бірге, келіннің көңіл-күйінің жақсы болуы құрсақтағы балаға да жағымды әсер берері сөзсіз.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 32 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: