11:34
Қазақтық

БЕТАШАР

Беташар – қазақтың келін түсіргенде жасалатын салтының бірі.

Беташардың тәрбиелік мәні зор болғандықтан, келіннің екі жағына тұратын әйелдер жесір, жеңілтек, т.б. болмауы қатаң ескеріледі. Жас келіннің бетін жапқан сәукеленің шілтерін домбыраның мойнына не таяқтың ұшына байлап, жырау беташар жырын бастайды. Ол шаңыраққа жаңа түскен келінге ата-енесін, үй ішін таныстырады. Кімнің қандай туысқандық жақындығы бар екенін, беделін, қадір-қасиетін шебер тілмен жеткізіп, әрқайсысына жеке-жеке сәлем жасатады. Сәлем алған адам жас келінге беретін сый-сияпатын атайды. Мысалы, сол шаңыраққа жақын ауқатты туыстары құлынды бие, енді біреулері отауға тігетін киіз үй, т.б. берген. Түйеден бастап ешкі-лаққа дейін бес түлік малды атайтындар болады. Ондағы мақсат – бүкіл ауыл-аймақ, ағайын-туыс болып, жаңа үйленген жастардың басына үй, алдына мал салып беріп, жас отауды ел қатарлы үй ету.

Дәстүр бойынша, жаңа түскен келінді беташар жоралғысы жасалмастан бұрын қыз-келіншектерден басқа ешкім көрмеген. Келіннің бетін ашушы жас келінді ауылдың ардақты адамдарына, күйеуінің ағайын-туыстарына таныстыру шумақтарын өзінше суарып салып айтуы шарт. Ол үшін жырау не ақын екі-үш күн (кейде 10-15 күн) бұрын сол әулетке келіп, дайындық жасаған. Үй иесі оның бет ашқан еңбегіне беретін сыйлығын алдын-ала атап қоятын болған. Егер оның айтқандары көптің көңілінен шықса, онда сол үйдің ең қадірлі адамы, туысы саналған. «Келіннің бетін кім ашса – сол ыстық» деген мәтел де осыдан туған.

 

Психологиялық мәні:

Беташардың астарында психологиялық бірнеше мән бар.

Біріншіден, бет ашу арқылы ата-енесі жаңа түскен келінін дүйім жұртқа таныстырған. Бет ашылған сәттен бастап әулеттің мүшесі, келіні, жан жарының жартысы, ошақ иесі, түтінін түтететін, өмір жалғастыратын орны ретінде жар салған. Яғни беташардың астарында таныстыру мақсаты жатқандығы айтпаса да түсінікті.

Таныстыру арқылы бұдан былай келінге төркіннен басқа қайын жұрттың да арқа сүйер өз жұрты екенін, танысқан дүйім ел бөтен емес, аралас-құралас екендігі, туыстық қандай қатысы бары, арқасын кеңге сала алатындығы жеткізілген. Беташар кезінде әрбір адамның аты ғана аталмайды, оның келінге, осы әулетке қандай туыстық қатынасы бары да түсіндіріледі. Осылайша, келін қайын жұртымен танысады, «түсін түстейді», өзінің бетін ашып көрсету арқылы қарым-қатынас орнатады. Қайын жұртта келін үшін бөтен адам қалмайды. Тұлымшағы желбіреген бір қыз қайын сіңлісіне айналады, ұл – қайын інісіне айналады, қайын аға мен абысыны, ата-енесі, қайын әпкесі, т.с.с. туыстарымен байланыс орнатады.

Екіншіден, сәлем беру. Адам болмысы іргетасының кәмелетке толғанға дейін қалыптасып бітетінін ескерсек, жаңа түскен келін, өзімен бірге өз тәрбиесін, көрген-білгенін, түйсігі мен түсінігін ала келеді. Қаншалықты сыңсу айтып, өткен өмірімен қоштасуға тырысқанымен, жылдар бойы қалыптасып қалған мінез-құлық пен төркіндегі тұрмыс-тіршілік негіздерін бір күнде ұмытып, жаңаша өмір бастау үшін уақыт керек. Үйрену үрдісін тездетуге көмектесетін техника ретінде халқымыз сәлем салуды қалыптастырған.

Психотерапиялық жұмыстар кезінде кез келген ауыр құбылысты мойындау өте ауыр болғанда, оны мойындауды тездету үшін кеңінен қолданатын техника ретінде иіліп сәлем салу әдісі кең таралған. Яғни адам өз өмірінде болған құбылыстарды мойындамағандықтан өмір сүруі қиындаған сәтте, алдымен жан деңгейінде дайындығын арттырып, соңғы нүкте ретінде иіліп сәлем беру әдісі қолданылады.

Иіліп сәлем беру арқылы келіншек аттаған босағасының ғасырлар бойы сақталған үрдістеріне, отбасылық құндылықтары мен сіңіп кеткен тұрмысының, тіршілігінің заңдылықтарына, үлкендер арқылы мойынсынады. Жарын дүниеге алып келген ата-енесінің өміріне мойынсынады. Келін болып түсуіне сіңірген еңбектеріне (ерін дүниеге әкелген сәттен бастап күйеу жігіт жасына жеткізген шағына дейінгі) алғыс айтып, құрмет көрсетеді.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 27 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: