09:48
Қазақтық

КЕЛІН ТҮСІРУ

Психологиялық мәні:

Егер қазақ қоғамында жаугершіліктің, індеттердің салдарынан өлім-жітімнің көп болғанын ескерсек, халқымыз үшін жазылмаған психологияның астарында өмірге, оның құбылыстарына деген сенім жатады. Сондықтан әрбір салттың құрамдас бөлігі наным-сенімге көбірек негізделетінін байқадық. Бұл сенімдердің түп-төркінінде өмірді жалғастыру, оны мән-мағынасыз жай ғана жалғастыру емес, мағыналы етіп, сеніммен жалғастыру ниеті жатыр. Экзистенциалдық психология саласында адам қарым-қатынаспен өмір сүреді. Өзіне, өзгеге, өмірге, әлемге сенуі және мәнді өмір сүруге ұмтылады. Бұл фундаменталды түсінік халқымыздың әрбір салтының астарынан көрініс табады. Келін түсіру, яғни әулетте жаңа шаңырақ қосылуының астарынан да қазақтың өмір сүруге деген құлшынысын байқаймыз.

 

Шаңырақ көтеру.

Қарап отырсаңыз, келін түсіру деген жаңа отбасының өмірге келіп, жаңа шаңырақтың көтерілгені. Шаңырақты жігіт жақтан көтерсе, оның ішіндегі мазмұн қыздың артынан келген жасаумен толады. Бұл жерден көретінімз: әулеттегі жаңа құрылған шаңырақтың иесі, басы, сыртқы келбеті осы ауылдың азаматы болса, ал «іші», яки мазмұны алдымен қыздың өзімен алып келген «дүниесіне» тұнып тұрғанын мойындауы. Шындығында да, жаңа іргетасы қаланған отбасында екі түрлі тағдыр тоғысады. Бұл отау тіккен жастар үшін сыни кезең.

Осындай жағдайды ескерген халқымыз жаңа келген келінге жаңа үй тіккенде шаңырағын беделді, өсіп-өнген, сыйлы адамға көтерткізген. Оның астарында жаңа тігілген шаңырақтың ішінде қарияның ғұмырындай мәнді, мағыналы өмір болсын, бала-шағаның күлкісіне толсын, сыйлы болсын деген тілегі мен сенімі жатыр.

 

Отқа май құю.

Отқа май құю арқылы шаңырақты қайын жұрт көтергенімен, бұл шаңырақтың отын түтететін, отты өшірмей, лаутаып жандыратын келіннің өзі екендігін ұғындырған. Жаңа түскен келіннің міндеті сол әулетке қызмет ету емес, күңі не жалшысы емес екендігін, өз шаңырағының отын түтетуші, маңызды адам екенін білдірген. Шаңырақта өмір бары ошақтың отынан-ақ белгілі. Сондықтан шаңырақтың иесі үйде немесе иүзде екендігіне қарамай, отын жағып, түтінін түтетіп, өмір сүруді тоқтатпауды талап еткен, сұраған.

 

Шымылдық орнату.

Психологияда адамның өзіндік «МЕНІ» болуының алғышарты ретінде жеке шекарасының бұзылмауы, оның сақталуы маңызды екені айтылады. «Өз үйі – өлең төсегі» болған, еті үйренген, «жылы орнын суытқан» қыз үшін жаңа отбасыға келе сала, білек сыбанып сіңісіп кетуі оңай емес. бауыр басуына уақыт керек. Сондықтан келіншектің өз шекарасын шымылдық арқылы сақтауы – оның бөтен үйге бой үйретуін қамтамасыз етеді.

Алайда келін «өз шекарасынан» шыққанда ата-ене оның еті үйреніп, биязы болып шығуы керегін астына төсеген тері тулақ арқылы ыммен жеткізген. Егер қызды алып кетуге келген күйеуге қайын-жұрты жарына деген сезімінің суымауын, махаббат отының сөнбеуін, ынтызарлығының өшпеуін тілеп төс асса, шымылдықта отырған, беті ашылмаған келінге атасы мен енесі де сол ырымды жасаған, сезімдерінің берік болуын тілеген.

 

Неке қию мен келін түсіру тойы.

Назар салсақ, қыздың жар атануына дайындық туғанда бастау алады. Балиғатқа жеткенше бірнеше сатыдан өтеді. Бірнеше сатыдан өтуі еріккеннің тірлігі емес. ол – халқымыздың адам жанына деген құрметі, ұқыптылық пен қамқорлық көрсетудің маңыздылығын терең ұғынғандығы, қызды психологиялық тұрғыда дайындауы.

Сол сияқты, құда түсіп, сырға салынғаннан кейін, араға уақыт салып қызды ұзатқан. Келін боп түскеннен кейін өз шымылдығында шекарасын бұзбай ұстап, бетін ашқан. Аталған сатыларды басынан өткеру арқылы еті үйренген келінді отбасылық өмірдің бұзылмас белгісі некесін қию – отбасы құру мен отау тігудің нүктесі іспеттес.

Нүкте қойылған тұста келіннің осы үйге келгенін құтқа жорып, оған қуанғанын білдіру үшін еңбектеген баладан еңқейген кәріге дейін жинап той жасаған. Бұл келінге деген ашық сый-құрмет қана емес, жаңа отау тігіліп, жаңа шаңырақ көтерілгеніне, әулетке өмір жалғастырушы, жаңа адамның келгеніне қуанышын жарияға жар салуы.

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 36 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: