21:55
Қазақтық

ҚЫЗ ҰЗАТУ

Қазақ қызын құрметтеп, төрден орын берген халық. Балиғат жасына толған соң, аялы алақанда мәпелеп өсірген аяулы бойжеткеннің де ұзатылар уақыты келеді. Ежелден келе жатқан салт-дәстүрге сүйенсек, қызының ұшқан ұядан ұзап кетуіне анасы әу бастан дайындалып, жасауын реттеп, сәукелесінің сәнін келтірсе, әкесі тойдың қамына кіріседі.

Сырға таққан қыздың басы бос емес екенін өзгелер білу үшін ерекшелеп, алтын салған. Сырға салып кеткен қызды құдалар алып кетуге барғанда «осы елде біздің алтынымыз бар еді, соған келдік» деп қалыңдықты алтынға теңейтін. Кейде сырғаның орнына қызға үкі таққан.

Қоржынын арқалап, қыздың қалың малын алдыға салып құдалар келер сәт те жақындайды. Құдалар келе жатқан кезде есік алдына екі адам арқан кереді. «Арқан керу» салтын жасаған адамдарға құдалар жағы өз жоралғысын (әшекей бұйымдар, мата, ақша т.б.) береді.

Күйеу болатын жігіт бөркінің төбесіне үкі қадап, иығына қызыл шапан жамылып, өкшелі етікпен жұрттан ерекше киініп келеді. Бөрікті баса киіп, сыпайылықпен келу күйеуге міндет. Олай болмаған жағдайда күйеуге айып салынып, күлкіге қалады. Күйеу атын балалар алып ойынға айналдырады. Атқа мініп, жарысып, ауылдың арасында көңіл көтереді. «Күйеу атымен күл тасы» деген мақал осыдан қалса керек. Бұл да дәстүрдің бір түрі.

Жаңа құдаларды күтіп алған қыз жақ қонақтарға құрмет көрсетіп, төрге шығарады. Жастарға бір бөлек, үлкендерге бір бөлек дастарқан жасалады. Астан ауыз тимес бұрын құдаларға «құйрық-бауыр» асату салты орындалады. Әкелген адам « бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңыздар» деп тілек білдіріп, барлық қонақтар мен құдаларға асатады. «Құйрық-бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» деген мәтел осыдан қалған.

Арнайы сойылған малдың жас етімен қоса соғымнан арнайы сақталған сұр еттен сыбаға асады. Мұнда құдалардың сыбаға жамбасы міндетті түрде болады. Бұл дәстүр «сыбаға тарту» деп аталады. Қазақта бас, жамбас, ұлтабар, асықты жілік, төс дегендердің өздерінің иесі – орны болады. Соғымнан құдаға, басқаға сыбаға беру – қазақта өзгермейтін салт. Қыз алуға келген жігіттің алдына төс, жілігімен бір табақ ет тартылады. Табақ әкелген жеңгеге сыйақы беру керек. Мұны «қыз алар» деп атаған. Бұл дәстүр бүгінде оңтүстікте біраз сақталған. Ал өзге аймақтарда ұмыт болған.

Құдалар ауқаттанып, аптығын басқан соң, болашақ келіндерін таныстырады. Құдағи көрімдігін береді. Қыздың анасына арнайы «сүт ақысы» тарту етіледі. Одан кейін «қоржын сөгу» дәстүріне кезек келеді. Бұған әйелдер жиналады. Қоржынның аузына бір киімдік пұл салынады. Ол қоржын аузын сөккен адамның сыбағасы. Қымбат, жағалы киімдерді қыздың әке-шешесіне кигізеді. Ал қоржындағы тағамнан бар жиылған қауым дәм татады.

Ұзатылатын қыздың басына сәукеле киер сәт те жақындайды. Отауға құда-құдағи тегіс шақырылады, олар көрімдік атайды. Онан соң анасы қызының оң жақтағы үкілі тақиясының орнына сәукеле кигізіп, енесінен байғазы алады.

Той таған соң бір күннен кейін үлкендердің ақ батасын алып, қыз өз босағасынан аттанатын кез келеді. Бұл күні күйеу ең артынан шығып, қайын жұртының босағасына бір шапан іліп кетеді. Бұл күйеу жігіттің «Осы үйдің мен де бір ұлымын, босағасынан қол үзбеймін. Ыстық-суығында осыннан табыламын» деген ишараты. Мұны «босағаға ілу» немесе «су шапан» деп те атайды.

Қызды ұзататын күні келін және басқа әйелдер киіз үйдің ішінде болады да, аужар айтатын жігіттер сыртта ат үстінде болады. Еркектер тұрған жақтың бір үзгі алынып, ашық болады. Қыз ата-анасы, бауыры, аға-жеңге, ел-жұртымен қоштасуды өлеңмен жылап тұрып айтады. Аужарды көбінесе ұзап бара жатқан қайын сіңілііне жаны ашып, көңілі босаған жеңгелер айтады. Бұл салт «жар-жар» немесе «ау-жар» деп аталған. Сыңсумен шатастыруға болмайды.

Той тарқап, құдалар жолға шыққан соң қыз шешесі, қыздың үлкен жеңгесі мен кіші бауыр-сіңілілері арнайы дайындалған көлікке отырады. Ұзатылған қызға артына қарауға болмайды. Құдалар алда, олардан кейін «шаңырақ-түйе» - қыз көші жүріп отырады. Қыз ауылынан шыққан соң бұл көшті «қыз көші» деп айтады. Біраз жүрген соң «қыз көшін» «келіншек көші» деп атайды. «Келіншек көші» ауыл жанынан өтерде ауыл адамдары көшті тоқтатып, кәде сұрап, жақсы тілектерін жолдап, сәт сапар тілейді. Бұл салт «Түйемұрындық» деп аталған.

Қызды бар салтанатымен жігіттің ауылына әкеледі. Осылай қыз баланың балалық бал дәурені артта қалып, жұбымен бірге жаңа өмірге аяқ басады. (жалғсы бар)

баспаға әзірлеген

Бегімхан  Ибрагим (КЕРІМХАНҰЛЫ) >>

Ақсу қаласының Абай атындағы ЖОББ мектептің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар облысы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Просмотров: 34 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: