17:15
Қазақстан - 2050: баянды болашақ

ӨРКЕНДІ ЖОЛДАУҒА – ӨРЛЕУЛІ ҚОЛДАУ

          Әлқисса,  2012 жылдың 14 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Конституциясының 44-бабында көрсетілген міндетіне сай Қазақстан халқына елдегі жағдай мен Республиканың ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттары туралы жыл сайынғы Жолдауын БАҚ арқылы арнады. Жолдау «Қазақстан-2050 стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» айдарлы тақырыпта өрбіді.

Зерделесек, Ұлт көшбасшысы өзінің биылғы халыққа Жолдауында еліміздің жаңа кезеңдегі дамуына қатысты соңғы бағыт-бағдарларды айқындап, оның ішінде ең бастысы етіп Қазақстанның 2050 жылға дейінгі дамудың стратегиялық жоспарынан туындайтын, демек еліміздің 2050 жылға дейінгі дамып өркендеуіне бағытталған стратегиялық жоба-жоспарларын белгілеп берді. Жолдаудың бағдарламасы негізінен жеті бағытты қамтыған: экономикалық саясат, кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік мәселелер, білімді дамыту, мемлекеттік басқару мен демократияны дамыту, сыртқы саясат пен қауіпсіздікті  нығайту, жастарды патриотизмге баулу. Таразылағанда, Қазақстанның таяу жылдағы жан-жақты дамуы көзделген бұл стратегияның тәжірибелік сипаты айрықша, себебі мұнда ел ішіндегі өзекті мәселелері ғана емес, әлемдегі ауқымды мәселелер де айқын көрініс тауып отыр.

Сонымен бірге бұл Жолдауда көрсетілген бағдарламалардың екінші ерекшелігі: олардың жаңа заманға сай, тәжірибелік сипатқа  ие болған, көп тармақты, сан-салалы мәселелерді дамыту белгіленгендігінде. Айталық, мұнда жергілікті ауыл округі әкімдерінің іскерлік мәртебесін көтеру, оларды сайлау, жастардың патриотизмін ояту, білім мен денсаулық саласы, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығын дамытудан бастап, еліміздің сыртқы саясатын нығайтуға қатысты мәселелер толық қамтылған.

Ендігі бір екшеп айтарлығы, Елбасының биылғы Жолдауында елдегі әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекеттің үлкен қолдау көрсетіндігі де ескерілді.

 Бұл өз кезегінде Қазақстан экономикасының тұрақты дамуға бет алғандығын, еліміздің әлемдік экономикалық дағдарыстан тиімді жолмен шығып, бұл өз уақытында әлеуметтік салаға айрықша көңіл бөлуге ықпал етсе, биылдың өзінде зейнетақының, шәкіртақы мен бюджет қызметкерлерінің еңбекақысының өсуі, халық пайдаланатын ауыз су мәселесін 100 пайыз сапалы сумен қамтамасыз ету мәселелерін атауға тұрарлық.

Абзалында, Елбасының бұл Жолдауында мемлекетіміздегі құқықтық саланың да серпінді дамуын қамтамасыз ететін, жалпы құқықтық қорғау жүйесін жақсартудың бірнеше бағыттары көрсетілді. Өйткені бүгінгі күні қоғамға халықаралық стандартқа сай, ел мүддесін көздейтін құқық қорғау жүйесін енгізудің қажеттілігі туындап отыр. Бұл жаңа құқықтық жүйе еліміздегі барлық құқық қорғау органдарының  жұмысының тиімділігін жаңа деңгейге көтеруге, азаматтардың қылмыстық қол сұғушылықтан қорғалуға деген конституциялық құқықтар мен бостандықтарының басымдығын қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп,  оңтайлы әсер етеді.

Тәуелсіздік мерекесі қарсаңындағы биылғы Жолдаудың басты назары білім беру, денсаулық сақтау, тілдерді дамыту және жұмыспен қамту сияқты халықтың әл-ауқатын арттырып, денсаулығын қорғауға, жастарымыз бен балаларымыздың сапалы білім, саналы тәрбие алуына, салауатты өмір салтын өрістетуге айырықша ауған. Президент бұл Жолдауы арқылы алдымызға таяу арада бәскеге қабілетті 30 елдің ортасына ену керектігімізді міндеттеді. Оған барлық мүмкіндік бар, Президенттің бастамасымен елімізде жаңа, тәуелсіз экономикалық жүйе қалыптасты. Қазақстан – Орта Азиядағы жетекші әрі шешуші рөл атқаратын қуатты мемлекетке айналып, 2010 жылы құрамына 56 мемлекет кіретін Еуропадағы қауіпсіздік ынтымақтастық ұйымына (ЕҚЫҰ) , 2011 жылы Ислам конференциясы ұйымына төрағалық етті. Бұл дегеніңіз бүкіл әлемнің Қазақстанды мойындағаны, бұл дегеніңіз бүкіл әлемнің Президентіміз Н.Ә.Назарбаевты мойындағаны. Ол ол ма,  дүниежүзінің  ЕХРО-2017 көрмесінің Астанада өту мәртебесі де бізге бұйырды емес пе түптің түбінде.

Ақиқатында, бұл Жолдау һәм онда айтылған ойлар мен көтерілген бастамалар әрбір қазақстандықтың жүрегіне жол тауып жетеді деп сенемін. Негесі сол: биылғы Жолдау Қазақстанның жақын болашақтағы дамуына жан-жақты бағыт-бағдар беретініне сеніміміз мол.

Асылы, осы Жолдауда көрсетілген бастамалар мен жоспарларды, қойылған талаптарды іске асыру, Жолдаудан туындайтын міндеттерді ойдағыдай жүзеге асыруға идеологиялық қолдау көрсету, оны қарапайым халықтың көкейіне насихаттап жеткізу мен түсіндіру зиялы қайраткерлердің тікелей азаматтық міндеті болып табылады. Еліміздің өркендеуі жолында шама-шарқымыз қуат алған шақта аянып қалмай, несібемізді нәтижелі іспен ортаға салайық. Ортамыз толсын, отандас ағайындар!

ШАҺМАНТЕГІ-ИБРАҺИМ Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

Бесқарағай ауылы, Лебяжі ауданы, Павлодар облысы

shakhibbeker@gmail.com

Просмотров: 1128 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: