17:21
Атбегілік арналары

ҚАЗАҚ СЫНШЫЛАРЫНЫҢ ЖҮЙРІК СЫНАУ ҮЛГІЛЕРІ

 Тоғызыншы сын. ҚАЛҚАБАЙ ОРЫНҰЛЫНЫҢ ҮЛГІСІ

 

Шын жүйріктің атасы,

«Төңерек» деп аталған.

Даңқын айтып берейін,

Бізге жеткен атадан.

 

Ертеден шапса, кешке озар,

Ылдидан шапса, төске озар.

Хас тұлпары батырдың –

Дәл Төңерек сол болар.

 

Ойпаң жерге келгенде,

Ор қояндай орғиды.

Қайқаң жерге келгенде,

Арқардайын қарғиды.

 

Жазық жерге келгенде,

Еліктейін сырғиды.

Таудан түскен көшкіндей,

Иектейді ылдиды.

 

Бұғысындай орманның,

Еш нәрсеге кідірмес.

Тау еркесі ешкідей,

Тұяғы тасқа ілінбес.

 

Бөкен желіс – атқан оқ,

Шабандозың төзе алмас.

Сол желістің тебіні,

Атшабыстан кем болмас.

 

Тер шықпаса жадырап,

Түстік жерге қызбайды.

Бесіндік жер өткен соң,

Ауыздығын шайнайды.

 

Табаны еш қызбайды,

Андыздай із қалдырып.

Апталық жерге салсаң да,

Алқынбайды қарлығып.

 

Қысқа мойын төңерек,

Қос қанатты белдеме.

Кереқарыс маңдайы,

Озбай қойсын бұл неге.

 

Күлте құйрық, жібек жал,

Кең сағақты, бота көз.

Жұмыр тұяқ, тар мықын,

Бақытты ерге болар кез.

 

Қамыс құлақ, ой желке,

Пішініне көз тоймас.

Арыстандай азулы,

Алысқанын ол қоймас.

 

Қос орайдың тесігі,

Жылан жортып өткендей.

Содан шыққан тынысы,

Самал болып өскендей.

 

Арты жеңіл, алды күш,

Денесі жұмыр бесіктей.

Тесігі кең екі өкпе,

Қос танауы есіктей.

 

Тіс сыздығы жоғары,

Бірдей келгенитісімен.

Шапшаңдығы сай келген,

Денедегі күшімен.

 

Қос өкпеден кәріжілік,

Алыс біткен, тынысты.

Қоян жақты, салпы ерін,

Шоқтығы биік келісті.

 

Ауыз омыртқа шығыңқы,

Қабырға имек доғалы.

Турам ет жоқ басында,

Қарасаң көңілің толады.

 

Сіңірі алыс жіліктен,

Шапса шаңды боратқан.

Жерсоғары биіктеу,

Тұяғы шымыр болаттан.

 

Қытымыр емес, кең маңдай,

Көзжастығы жиекті.

Нәзік емес денесі,

Балуан тұлға – сүйекті.

 

Сауыры тұнық бітімді,

Төңкерілгениқазандай.

Құйысқандығы шығыңқы,

Бота тірсек, кең маңдай.

 

Бауыры жазық тартыңқы,

Арқасы тегіс тақтайдай.

Артық ішіп шермимес,

Жинақы тұрар оқтаудай.

 

Топшысындай қыранның,

Белдеменің қанаты.

Арасы жақын қабырға,

Тегенедей қол еті.

 

Өкпе күймес ешқашан,

Он үш тесік танауы.

Ат мәпелей білсеңіз,

Қиын болмас санауы.

 

Төмен біткен ұршығы,

Қысқа бақай, орақ бас.

Тынысы кеңіп, тер шықса,

Мың да болса жолатпас.

 

Құйрығы келер келтелі,

Мамқ кекіл, жібек жал.

Қалың да емес қылшығы –

Мақпал мешпет қойны дәл.

 

Жауар бұлттай түнеріп,

Үңгір қабақ шүйілген.

Ақиықтай қомданып,

Алды-арты түрілген.

 

 Төрт аяқтың арасы,

Кісі жүріп өткендей.

Бос ұстаса тізгінін,

Адастырып кеткендей.

 

Мінезі бар сабырлы,

Омырауы жазықтай.

Әпербақан бұл емес,

Шабады самғап асықпай.

 

Ыстыққа да төзімді,

Суыққа да тоңбайды.

Шөбі шүйгін сар жонды,

Құмарытып болжайды.

 

Қанша өтсе сонша рет,

Суға аузын салмайды.

Ұмтылса мейірі қанғанша,

Басын судан алмайды.

 

Осындай төңерек тұлғасы,

Аяқтыға шалдырмас.

Мыңнан шыққан нар тұлпар,

Ерді жауда қалдырмас.

 

Жүйрікті алсаң бір сынап,

Жүрер едің жұртқа ұнап.

«Ат шаппайды, бап шабар» -

Осы өсиет аманат.

 

 
 

жиған-терген

Бегімхан КЕРІМХАНҰЛЫ

М.Әуезов атындағы ЖОББ мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі

Павлодар қаласы

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі  

Просмотров: 219 | Добавил: shakhibbeker | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
Имя *:
Email *:
Код *: